
Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Энергетика және сумен жабдықтау басқармасының басшысы Нұрбақыт Серікбай «Алматы қаласын дамыту жол картасы» аясында «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС-нің 17 қазандығы жөнделді. Бұл – қаладағы барлық нысандардың шамамен 20%-ы. Жөндеу жұмыстары Түрксіб, Медеу, Алатау мен Жетісу аудандарында жүргізілді. Жобалар аясында ескірген жабдықтар ауыстырылып, басқару жүйелері жаңартылды, жаңа деаэраторлар, сорғылар мен аккумуляторлық бактар орнатылды, сондай-ақ осы заманғы қазандық ғимараттары салынды. «Кәсіпорын қазандықтарды жөндеу, жаңарту мен қайта құру бойынша көп жұмыс істеді. Басты мақсатымыз – қала тұрғындарын сенімді, қауіпсіз және тиімді жылумен қамтамасыз ету» деп атап өтті.
Келер жылы жол картасы аясында тағы 20 қазандықты жаңарту жоспарланып отырса, 2030 жылға дейін 61 нысан жаңғыртылмақ. Бұл қаладағы жылу жүйесінің қуатты үнемдеуіне мүмкіндік береді. Айтуынша, «Алматытеплокоммунэнерго» ЖШС нысандарында қысым мен температураны онлайн режимде бақылауға мүмкіндік беретін пилоттық жоба іске қосылған. Бұл жүйе жылу желілерінің жағдайын нақты уақыт режімінде бақылап, оқыс жағдайда жедел қимылдауға мүмкіндік береді.
Цифрлық жүйе апаттың алдын алуға ықпал етеді. Жүйе температура, қысым мен жылу тасымалдағыштың шығынын тіркеп, деректі диспетчерлік орталыққа жібереді. Осылайша, ақаудың алдын алуға болады. Жылыту маусымында «ақылды коммуналдық жүйеге» көшу кезеңінде барық инженерлік желі бірыңғай цифрлық платформаға біріктірілетін болады.
АЛМАТЫ