
Соңғы уақытта ақпарат құралдары, әсіресе, әлеуметтік желілерде балалар арасындағы суицид мәселесі қызу талқыланып жатыр. Сол талқы барысында көпшілік естіп-біліп жатқан ақпарат – суицид деп аталатын алып айсбергтің көзге көрініп тұрған басы ғана.
Маған бұл мәселемен қызмет бабына орай, жақын танысуға тура келді. 2014-2016 жылдары Қызылорда облысы әкімінің орынбасары ретінде жасөспірімдер істері жөніндегі аймақтық комиссияға төрағалық еттім.
Комиссияда қарайтын негізгі мәселенің бірі – аймақтағы балалар мен жастар арасындағы суицид. Айына екі рет жиналатын комиссияның әр отырысы облыс аумағындағы аяқ-
талған немесе аяқталмаған суицид, яғни мектеп жасындағы балалар арасындағы өзіне өзі қол салу оқиғаларын қараудан басталады. Бірақ, қанша тырыссақ та, «өрімдей бала өмірден неге күдер үзеді?» деген сұраққа тұшымды жауап таба алмадық. Бұл – жекелеген аймақ қана емес, жалпы елге ортақ жағдай.
Ресми мәлімет бойынша, 2015 жылы Қазақстанда мектеп жасындағы 201 бала өзіне өзі қол салған, 485 бала суицидке талпынған. Соның 68 пайызының себебі беймәлім.
«Мұндай оқиғалардың алдын алу үшін не істеу керек»? Бұл сұраққа да жарытып ешкім жауап бере алмады. Осы шарасыздық жанымызға қатты батты. Көп іздендік. Әлемде не істеліп жатқанына көз салдық, тәжірибелерін зерттедік. Негізгі түйгеніміз, суицид – жан-жақты, сан-салалы, жоспарлы, кешенді де жүйелі әрекетті талап ететін, елдің әлеуметтік дамуының құрамдас бөлігі ретінде қаралуы тиіс, аса күрделі проблема.
Өзін өзі өлтіру – жаһандық сипаттағы кесел. Жер бетінде әр 40 секунд сайын бір адам өзін өзі мерт қылады. Сол сәтте тағы кемінде 10 адам өзін өзі өлтіруге талпыныс жасайды. Мұны аяқталмаған суицид дейді. Соңғы 50 жылда барлық елдегі суицид айтарлықтай жасарған, осы күнде өз қолынан ажал табатындардың 60 пайызының жасы 40-қа да жетпейді.
Суицид жиілігінің ғаламдық картасына қарасақ, Қазақстан – жағдайы ең нашар елдердің санатында тұр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, 5 пен 14 жастағы балалар арасындағы суицид бойынша біздің ел қауіпті бестікке кіреді. Ал 15 пен 29 жас аралығындағы жастар суициді бойынша Қазақстан халі ең мүшкіл 10 мемлекеттің бірі. Өзін өзі өлтіру – 15 жастан 49 жасқа дейінгі қазақстандықтар арасындағы өлім-жітімнің екінші негізгі себепшісі. Біріншісі – жол-көлік апаттары мен абайсызда болатын түрлі жарақаттар. Жыл сайын Қазақстанда екі жүздей мектеп жасындағы бала өзіне өзі қол салады. Әрбір осындай аяқталған суицидке тағы 200-дей баланың аяқталмаған талпынысы келеді. Әрбір аяқталмаған талпыныс алдағы уақытта іске асуы ықтимал суицидтің басты нышаны. Осы статистикаға сүйеніп, Қазақстандағы барлық мектеп оқушыларын 25 бала оқитын бір сынып деп алсақ, олардың кемінде 5-еуі өзіне өзі қол салу туралы ойлаған, ал біреуі суицидке талпынған болып шығады.
Әрбір суицид – оны жасаған адамның туыстары мен жақындарының санасын улап, жаны мен жүректерін ұзақ жылдарға қатты жаралайтын ауыр трагедия.
Суицидтің басты себебі не? Неге жыл сайын осыншама адам өз еркімен опат болады? Оның астарында тұрмыс тауқыметі жатыр ма, әлде адамдар арасындағы араздық па? Депрессия мен психикалық ақаудың салдары ма? Әлде, шынында да интернет пен әлеуметтік желілердің зардапты ықпалы ма? Ашу мен ызадан туатын дерт пе, әлде арақ пен нашаның кесірі ме?
Осы іспеттес ұшығына жеткізбейтін күрделі сұрақтар көп-ақ. Бірақ кесімді, көңілге қонымды қарапайым жауап жоқ. Бірде-бір жекелеген себеп немесе фактор адамның өзін өзі өлтіруіне себеп бола алмайды. Ондай әрекет – жеке, әлеуметтік, діни, моральдық, психикалық және биологиялық астары бар, бірқатар жағдайлардың өзара шиеленісуінен болатын күрделі феномен.
Сонымен бірге, қоғамдағы адамдардың өзіне өзі қол салу жиілігі елдегі әлеуметтік саулықты, саяси-экономикалық жағдайды сипаттайтын өмір сапасының аса маңызды «барометрі», қоғамдық ахуалдың индикаторы.
Кез келген елдегі суицидтің көрсеткіші сол қоғамдағы интеграция деңгейіне, ортақ құндылықтары бар қауым ретіндегі ұйысу дәрежесіне кері пропорционал болады. Яғни, мемлекеттің тиімділігі мен қоғамның сапасы артқан сайын суицид азаюы керек.
Жоғарыда аталған жасөспірімдер істері жөніндегі комиссияның бір отырысында ауылда болған суицид талқыланды. Анасы 15 жасар баласынан телефонмен ойнағанды доғарып, үйдің бір шаруасын жасауды талап етеді. Әкесі де анасына қосылып, баланы сөгеді. Бала осыған ашуланып, қораға барып асылып қалған.
Комиссияға шақырылған мектептің психологы мен директоры баланың берекелі отбасынан шықанын және оқу үлгерімінің жақсы екенін айтып, мұндайға не себеп болғанын түсінбейтіндерін жеткізді. Комиссия мүшелері интернет пен ұялы телефонның кері әсері туралы айтты. Сонымен, себебін анықтай алмай, мектепке балалардың психикасын күшейту амалдарын қарастыруды, ал тиісті мекемелерге зияны бар интернет ресурстар мен әлеуметтік желідегі топтарды анықтап, жабуды тапсырдық.
Сонымен бірге, баланың ата-анасының қалауы бойынша бұл оқиға өзін өзі өлтіру болып тіркелмеген болып шықты. Сондықтан оқиғаның тіркелмеу жай-жапсарын тексеруді қосымша тапсырдық. Тексере келе, мынадай мән-жайлар анықталды. Қайтыс болған бозбала 4 жасында туған ата-анасынан ажыратылып, атасы мен әжесіне берілген. Содан бері туған әкесі және шешесімен дұрыс қарым-қатынас болмаған. Әсіресе, туған анасымен қатты араз болған. Атасы және әжесімен де айтарлықтай жақын болмапты. Ол туралы өзі сырласып жүрген бір досына айтқан. Сондай-ақ, болар оқиғадан бірер күн бұрын сол досына бала құнды деген бұйымдары мен жеке заттарын сыйлаған. Сыйлап тұрып «бұлар енді маған керек болмайды», деген. Жақындарымен сөзге келгенде «мен бәрінен шаршадым, жалықтым, жалғызбын», деген сөздер айтқан. Бірақ мектептегі психолог пен сынып жетекшісі ол туралы білмеген, баланың мінез-құлқынан өзгеріс байқамаған. Бала асылып қалған қора тап-тұйнақтай жиналған, ешкім кедергі жасай алмайтындай етіп дайындалғаны байқалған. Міне, бұл ашу мен ызадан булығып кенеттен жасалмаған, саналы түрде, ұзақ уақыт пісіп-жетілген шешімнің мысалы. Себеп – ерте балалық шақта ата-анасынан ажырау кесірінен болған психикалық зақым. Осы бір ғана мысал арқылы біздің мәселеге терең бойлай алмай, мән-жайын жете түсінбейтініміз анық көрінеді.
Енді не істеу керек деген сұраққа келейік. Халықаралық зерттеулер мен тәжірибе балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алуға болады дегенді растайды.
Тиімді алдын алу жұмысын ұйымдастыру үшін бізге білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, құқық қорғау, ақпараттандыру қызметтерін қамтитын, салааралық кешенді бағдарлама қажет. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынысы бойынша әлемнің 30 елінде мұндай бағдарлама суицидтің алдын алуға арналған ұлттық стратегия деңгейінде іске асуда. Бұл стратегиялардың мақсаты – 2020 жылға дейін суицид жиілігін 10 пайызға дейін азайту.
Суицидті тежеуге арналған жұмысты екі бағытқа бөлуге болады. Ол қысқа мерзімде нәтиже беруі тиіс шұғыл алдын алу шаралары және тұрақты төмендеуге жол ашатын, балалардың психикалық саулығын қалыптастырып, күшейтуге бағытталған ұзақ мерзімді амалдар.
Қысқа мерзімде суицидтік қауіп-қатерге душар болған балаларды анықтап, оларға жеке-жеке психологиялық көмек көрсету жүйесін қалыптастыру қажет. Ол үшін осы жұмысқа қатысатын 4 түрлі мамандар тобын оқытып, дайындықтан өткізу керек.
Біріншіден, барлық мұғалімдер баланың сөзі мен іс-әрекетінен суицид туралы ойдың белгілерін танып үйренуі тиіс. Ол қиын емес. Бала мінезіндегі өзгерістер, жалғыздық туралы әңгімеге әуестік, «мен шаршадым», «бәрінен жалықтым» деген сияқты сөздер, жеке заттарын тарату секілді өмірге қызығушылықтың азайғанын білдіретін әрекет – осының барлығы мұғалімдер және балалармен етене жұмыс істейтін басқа да мамандар игеруі қажет қарапайым дағдылар. Бұл топты «суицид сақшылары» деп атайды. Олардың міндеті – аталған белгілерді байқап, мектеп психологына хабар беру.
Оқытылуы тиіс екінші және ең маңызды топ – мектеп психологтары. Педагог-психологтар оқушылар арасында тәуекел тобын анықтауға арналған диагностика жүргізудің әдістемесін игеріп, тәуекел тобына кірген балаларға нақты көмек көрсете білуі қажет. Аталған диагностика сауалнама негізінде жасалады. Сауалнамада бір қарағанға оғаш көрінуі мүмкін сұрақтар бар. Мәселен, мынадай:
– Өзіңізге қол салу туралы ойыңыз болды ма?
– Болса, оны қалай жасамақ едіңіз?
Осы сұрақтар төңірегіндегі пікірталас үшін біз Қызылорда облысында жасаған қанатқақты жобаны 6 айға шегіндірдік. Алайда, белді отандық және халықаралық мамандар араласып, бұл сұрақтардың керектігі дәлелденді. Суицидтік ойы бар бала әдетте сырттан көмек күтеді, сондықтан көпшілігі төтесінен қойылған осындай сұрақтарға тартынбай жауап береді, өзі сенетін адам болса, ашық әңгімеден қашпайды.
Сондықтан мұндай сұрақтардан қорқудың қажеті жоқ. Бірақ баланы ашылып, ақтарылуға шақырғаннан кейін оған нақты көмек көрсетуге де дайын болуымыз қажет. Көмек алам деген әр баланың үмтінің орындалуы, сенімінің ақталуы өте маңызды. Яғни, тәуекел тобына кірген әр балаға білікті психологиялық, қажет болса дәрігерлік және психиатриялық көмек көрсетілуі тиіс.
Тәуекел тобын анықтауға арналған диагностикаға 14, 15 және 16 жастағы балалар қатысады. Жыл сайын жобаға жасы 14-ке толған жаңа толқын кіреді, жұмысқа араласатын мамандар жаңарып отырады, сондықтан жыл сайын бұл жоба да жаңарып, жаңа біліммен толығып, мамандар ұдайы оқытылып отыруы қажет.
Қанатқақты жобада бізге басты кедергі болғаны – түрлі сала мамандары арасындағы бірлескен жұмысты үйлестіру еді. Бұл жұмыстың тиімділігі – мұғалімдер мен дәрігерлердің, әлеуметтік қорғау қызметі мен полицейлердің, сондай-ақ, журналистер мен әкімдік қызметкерлерінің үйлесімді бірлескен әрекетіне тәуелді. Аталған жұмыспен қатар, көпшілікті ақпараттандыру, қоғамдағы психологтың көмегіне жүгіну мәдениетін қалыптастыру міндеті тұр. Осы аталған бағыттардың барлығы жалпы жағдайдың оңалуына тікелей әсері бар өзара тәуелді мәселелер.
Сондықтан ортақ оң нәтиже болу үшін – бұл жұмыстың барлығына ортақ, ұлттық үйлестіруші қажет. Бар әдістеме мен ақпаратты бір жерге жинап, барлық ауыл-аймаққа ортақ жүйе, ортақ талап қойылғаны абзал. Ең дұрысы, осы мәселеге маманданған үкіметтік емес ұйым белгіленіп, сол ұйым негізгі үйлестіруші болуы қажет. Қазір бұл ұсыныс негізгі екі министрліктен құптау тауып, аймақтар деңгейінде бірлесіп жұмыс істеу тетіктері нақтылануда.
Сонымен бірге, бұл мәселенің күрмеуін шешіп, тиімді әрекет ету үшін тек мемлекет аясында жұмыс істеу жеткіліксіз. Ол үшін бизнес пен қоғамдық ұйымдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми және эксперттік ортаның күш біріктіруі маңызды.
Осы тұста Қазақстанға әлемде бар тәжірибені алып келіп, оны бейімдеп енгізуге жағдай жасаған БҰҰ-ның балалар қоры – ЮНИСЕФ-тің зор үлесін атап айтпасқа болмайды.
Қанатқақты жоба жүйелік сипаттағы оң нәтижесін берді. Қазақстандық мамандар тиімді әдістеме мен жұмысты ұйымдастыру дағдыларына ие болды, жобаны бүкіл ел көлемінде жүзеге асыруға байланысты өзіндік көзқарас пен іс-қимыл алгоритмі қалыптасты.
Әлеуметтік зерттеудің көрсетуінше, Қазақстандық кәмелетке толмаған балалардың 26 пайызы суицидке әкелетін түрлі қауіп-қатердің ықпалында жүр. Суицидтің өзі – алып айсбергтің көзге көрінетін басы ғана екендігі түсінікті болды.
Балалар мен жастардың арасындағы суицид – олардың тән және жан саулығын, қазіргі уақытқа қажетті өмір дағдыларын қалыптастыруға арналған жүйелі жұмыстың жоқтығынан деп білеміз. Балалар мен жеткіншектердің денсаулығын, соның ішінде психикалық саулығын күшейту, өмірлік дағдыларын қалыптастыру – суицид мәселесінің тамырына шындап балта шабу болар еді. Біз бүгінде балалардың білімге негізделген ақыл-ой әлеуетін арттыруға барынша күш салудамыз, ал жас ұрпақтың эмоционалды әлеуетін қалыптастыруға өте үстіртін және самарқау қараймыз.
Осыған орай, кәмелетке толмағандар арасында суицидтің алдын алу үшін олардың денсаулығын күшейту мен өмірлік дағдыларын қалыптастыруға арналған бағдарлама әзірленген. Бұл бағдарламаның басты тірегі мектеп психологтары. Қазір біздегі олардың саны 8 мыңға жуық.
Психолог жұмысы жақсы жолға қойылған мектептерде талай баланың ажал аузынан аман қалғанына куә болдық. Соның бір мысалын айтайын. Анасынан 6 саусақпен туған қыз бала өзінің сол кемістігін жасырудың керемет тәсілін игерген, тіпті оны ең жақын құрбылары да көпке дейін байқамай жүрген. Ата-анасы болса, оны дәрігерге көрсетуді ойламаған да. Қыз 14-ке толғанда, осы жағдай үлкен жан күйзеліне себеп болып, бойжеткенді жаман ойға жетелейді. Мектеп психологына қатты сенген қыздың құрбылары апайларына жағдайды жеткізеді. Психолог апайы қызбен тіл тауып, сырласа келіп, дәрігерге баруға көндіреді. Нәтижесінде, артық саусаққа ота жасалып, бойжеткеннің жаңа өмірі басталады.
Міне, бұл жақынына жанашыр адамдардың «сақшылық» қызметін атқарып, уақтылы хабар беруінің, психолог пен дәрігерлердің өз жұмысын сапалы орындауының арқасында болған оң нәтиже.
Маманданған психологтардың айтуынша, әрбір суицид – естілмей қалған жанайқайы. Олай болса, қоғам болып, қауым болып құлындаған дауысқа құлақ аса білейік!
Рауан КЕНЖЕХАН,
«BILIM Foundation»
қорының жетекшісі