
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына биылғы жолдауында Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын дайындауды тапсырғаны белгілі. «Егемен Қазақстан» газеті Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен Елбасы тапсырмасына қатысты бірнеше маңызды жобаны қолға алған болатын. Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада осы орайда бірқатар жоба жұртшылық назарына ұсынылды.
«Өткен жылы «Егемен Қазақстан» басылымы жаңа форматта шыға бастаса, биыл ұлыстың ұлы күнінде цифрлы қызмет көрсету бойынша үш бірдей маңызды жобаны таныстырмақпыз», деді басылым басшысы Дархан Қыдырәлі. Жобалардың алғашқысы – «Егемен Қазақстан» газетінің жүз жылдық тарихындағы барлық нөмірлерін сканерлеу арқылы түгелдей цифрлы нұсқаға көшіру. Газеттің «Ұшқын» деген атаумен алғаш 1919 жылғы 17 желтоқсанда шыққан кезінен бастап, «Еңбек туы», «Еңбекшіл қазақ», «Еңбекші қазақ», «Социалды Қазақстан», «Социалистік Қазақстан», «Егемен Қазақстанға» дейінгі нөмірлері цифрлы мұрағатқа жинақталады. Бұл жұмыс Алматыдағы Ұлттық кітапханамен бірлесе жасалып жатыр. Бүгінге дейін газеттің 1940 жылға дейінгі сандары сканерден толықтай өтіп болды. «Егемен Қазақстанның» архивтегі қағаз нұсқасын электронды форматқа көшіру біріншіден, аса құнды мұрағатты сақтауға мүмкіндік берсе, екіншіден, газетті және газет арқылы Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін аса тиімді болмақ. Мұрағатты толықтай цифрлы форматқа көшіру келесі жылы аяқталады.
Екінші жоба – «Цифрлы Қазақстан: Мәңгілік Ел мұралары» деп аталады. «Егемен Қазақстан» фотомұрағатында Қазақстанның өткен ғасырдағы және жаңа дәуірдегі тұрмысын, тәуелсіздіктің маңызды сәттерін бейнелейтін суреттер сақталған. Сонымен қатар, Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың, мемлекет, қоғам және мәдениет қайраткерлерінің, атақты спортшылардың, Қазақстан қалалары мен көрікті жерлерінің сирек фотосуреттері бар. Wikibilim қорымен бірлескен екінші жоба негізінде бұл суреттерді Уикипедия онлайн-энциклопедиясы арқылы жұртшылық назарына ұсыну басталды. Бұл да аса құнды фотоматериалдарды жоғалудан сақтайды және сирек суреттер арқылы Қазақстанның бірнеше ондаған жылдар бұрынғы өміріне көз салуға мүмкіндік береді. Ол материалдарға «Егемен Қазақстанның» авторлық құқығы толығымен сақталады.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сингапурдың негізін қалаушы Ли Куан Ю-дің кездесуі, 1991 жыл, 19 қыркүйек (Wikimedia Commons сайтына қойылған сурет)[/caption] «Бүкіл дүние жүзіндегі мәтіндердің, фото, бейнематериалдардың еркін айналымын қамтамасыз ететін ең үлкен репозитарий Wikimedia Commons деп аталады. Әлемнің кез келген жерінен Қазақстанға қатысты ақпарат, фотоматериал іздеген адамдардың ең бірінші кіретін жері осы. Бұл жүйе заңды түрде кез келген материалды тауып алып, авторлық құқықты сақтай отырып, заңды түрде қолдануға мүмкіндік береді. Сондықтан, осы ұсынысты қолдап, «Егемен Қазақстанды» жаңарту бағдарламасының бір бөлігі ретінде қолға алған газет басшысына рахмет айтамыз», деді Wikibilim қорының басшысы Рауан Кенжеханұлы.
Наурыз мейрамы қарсаңында «Егемен Қазақстан» газетінің жаңа сайты іске қосылады. Бұл – басылымның үшінші жобасы. Өткен жылдың ортасынан бері газеттің интернеттегі нұсқасын жетілдіру жолында біраз жұмыс жасалды. Интернет-редакция дербес басылым ретінде өзі дайындайтын сапалы ақпараттарды көбейтуге басымдық берді. Ол мақалалардың кейбірі отыз мыңға дейін оқылып, оқырмандар арасында үлкен резонанс туғызды. Қазақстандық сайттардың жалпы рейтингінде egemen.kz өткен жылдың бірінші жартысында 140-орында тұрса, қазір алғашқы 50-ге кіреді. Ал қазақтілді интернет басылымдар арасында алғашқы бестікте. Сонымен қатар, төте жазу нұсқасын жетілдіру арқасында шетелдегі оқырмандар саны көбейді.
Бауыржан Момышұлы мен Әлкей Марғұлан жазушылар съезінде (Wikimedia Commons сайтына қойылған сурет)[/caption] Басылымның жаңа интернет-нұсқасының техникалық ерекшеліктерін газет қызметкері, SEO-инженер Ербол Серікбай таныстырды. Жаңа сайтта 2005 жылдан бергі материалдар бір жүйеге топтастырылады. «Егемен Қазақстан» жаңа сайтта заманауи журналистиканың жетістіктерін кеңінен пайдалануды мақсат етті. Соған сәйкес, жаңа нұсқадағы интернет-басылымда аудио және бейне материалдарға көбірек орын беріледі. Газет шолушыларының мақалаларын енді тыңдауға және жүктеп алуға мүмкіндік болады. Жаңа порталдың ерекше атап айтуға тұрарлық ерекшелігі, онда «Егемен Қазақстан» газеті мен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының бірлескен жобасы негізінде оқу орнына түскісі келетін түлектер дайындық тестерін онлайн тапсыра алады.
Таныстыру кезінде айтылған тағы бір жаңалық – «Егемен Қазақстан» газетінің жүз жылдық тарихындағы мақалалардың он томдық кітапқа жинақталатыны. Он томдық жобасына қатысушылардың бірі, профессор Намазалы Омашев зерттеу жұмыстарын жасай жүріп «Егемен Қазақстанның» архивін үш рет қарап шыққанын айтты. «Ол нөмірлер төрт жерде сақтаулы. Біраз беттері жоғалған, қиылған. Ал енді сол архив электронды форматқа көшірілсе немесе ол архив он томдық кітап болып шықса, зерттеушілер үшін баға жетпес сыйлық болғалы тұр. Өйткені, «Егемен Қазақстанның» архиві өте бай. Оның бір бөлігі төте жазу нұсқасында, оларды кириллицаға көшіру қажет», деді Намазалы Омашұлы. Жинақтың алғашқы алты томы келесі жылы шығады, ал «Егемен Қазақстанның» 100 жылдығына қарай он томдық толықтай оқырман назарына ұсынылмақ. Тұсаукесерге келген меймандар «Егемен Қазақстан» қолға алған жобалардың маңызы туралы пікір білдірді.
Мырзатай Жолдасбеков, мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым: Жобалардың бәрі ірі жаңалықтар екенін, өте маңызды, аса қажет шаруалардың жасалып жатқанын көріп отырмын. Біз жаңалықтан кейін қалмауымыз керек. Бүгінде газеттің мазмұны да жақсарды мақалалары қазір тез оқылады, газеттің өзі де қолға ұстауға ыңғайлы болды. «Егемен Қазақстан» қазір қолдан түспейтін газетке айналды.
Әділ Ахметов, ғалым, «Егемен Қазақстанның» тұрақты авторы: Бүгін «Егеменнің» жаңа деңгейге көтерілген сәтін көріп отырмыз. Қазір еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін компьютерде жұмыс істейді. Көп нәрсені компьютер арқылы оқиды. Президенттің биылғы Жолдауында «Цифрлы Қазақстан» туралы айтылды. Міне, «Егемен» жоғары деңгейден көрініп, маңызды шараны іске асырып үлгерді. Аймақтағы жұрт газетті жаздырып алса, орталықтағы оқырмандар көбіне дүңгіршектен сатып алады. Бірақ «Егемен Қазақстанды» дүңгіршектерден табу қиын болғандықтан, жұрт баспаханадан іздейтін. Қазір күнделікті таңертең компьютерді қоссаңыз, газеттің pdf-нұсқасы келіп тұрады. Газетте саясатты, экономиканы, мәдениетті терең талдайтын мақалалар көбейді. Бүгінде «Егеменнің» қамтымайтын саласы жоқ деуге болады. Өте жақсы оқылатын газетке айналды. Газет әлемдік басылымдардың жетістіктерін үлгі етіп отыр. Мысалы, Financial Times газетінде ең өзекті мақалалар бірден көрініп тұрады. Қазіргі «Егеменде» де солай. Сирек фотоларға қатысты жобалар да маңызды. Фотошежіре дегеніміз – тарих. Фото да сөйлейді. Сондай құнды суреттерді цифрлап жұртшылыққа ұсыну үлкен жетістік деп ойлаймын. «Егемен Қазақстанның» оқырманы қазір де көп, оған сұраныс бұдан кейін де артады деп сенемін.
Сұлтан Оразалин, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: Бүгінгі үш жобаның біреуі – бүкіл «Егеменнің» тарихы. Ал «Егеменнің» тарихы – елдің тарихы. Мен Ұлттық кітапханадан газеттің 1928 жыл мен 1968 жыл аралығындағы тігінділерін қарап шыққан едім. Онда өте маңызды мақалалар бар. Олардың сіздер шығарғалы отырған он томға кіруі, цифрлы үлгіде жариялануы – қазақ тарих ғылымы үшін ірі оқиға. Өйткені, зерттеуге қажет материалдарды мұрағатта шаң жұтпай, үйде отырып-ақ қарауға болады. Ал қазіргі «Егеменді» қарап отырып бүгінгі тарихымызды білеміз, келешегімізді бағамдай аламыз. Мәңгілік елдің айнасы болатын газет – осы.
Қайрат Сақ, Еуразия ұлттық университеті журналистика және саясаттану факультетінің деканы: Журналистика елдің тарихын жазады. «Егемен Қазақстанның» жүз жылғы тарихындағы материалдарды жоғалудан, көмескіленуден сақтау – баға жетпес еңбек. Және бұл біздің журналистика факультеті үшін де аса маңызды. Студенттер бұл жоба арқылы қазақ журналистикасының тарихымен кеңінен танысады, бірнеше ондаған жылдар бұрын жазылған мақалаларды талдайды, олар арқылы тарихымыздың маңызды кезеңдерін тереңірек біледі.
Ержан ӘБДІРАМАН,
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген Ерлан ОМАРОВ,
"Егемен Қазақстан"