
Қарағандыда Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен конституциялық реформаны қолдауға арналған дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына жергілікті зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері, студент жастар қатысты.
Жиынды Қарағанды облысы бойынша ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің төрағасы, профессор Вилен Молотов-Лучанский жүргізді. ҚХА кеңесінің жұмыс отырысы Қазақстан халқы Ассамблеясының республикалық бірыңғай күні шеңберінде өтті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 25 қаңтар күні билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөнінде Үндеу жариялағаны белгілі. Онда билік тармақтарының өкілеттіктерін қайта бөлу туралы айтылды. Бұл еліміз үшін аса тағдырлы әрі уақыттың өзі талап етіп отырған мәселе екені мәлім. Үндеу жария болған соң, Президенттің тапсырмасымен Арнайы жұмыс тобы құрылды.
Қарағандыдағы отырысқа қатысушылардың айтуынша, бұл реформаны жүргізу үшін Қазақстанның ішкі саяси жағдайы әбден пісіп-жетілген. «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осы шешімді алғаш рет жария еткен кезде: «Заманның дидары өзгерді, біз де өзгеруіміз керек», деген еді. Қазақстан әлемнің даму көшіне лайықты ілесіп келеді. Президент «Қазақстан-2030» Стратегиясын жариялаған кезде, оны ұзақ мерзім санаған пікірлер көп айтылды. Бірақ, Президент саясатының дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеді. Әлемдік те, тарихи да тәжірибелерге сүйенсек, мемлекеттің басты заңы – оның Конституциясы уақытпен үндесе жаңарып, жаңғырып отыруы тиіс», деді ҚарМУ-дың Қазақстан тарихы және ҚХА кафедрасының меңгерушісі Жамбыл Жұмабеков.
Заң ғылымдарының кандидаты Асхат Малдыбаевтың пікірінше, назар аударатын тағы бір мәселе – Конституцияның 91-бабының 2-тармағына «Тәуелсіздік» сөзін енгізу. Бұл – мемлекетіміздің аумақтық тұтастығына, тәуелсіздігіне нұқсан келтірмеу мағынасын толықтырудың бір амалы және көші-қон заңнамаларына сәйкес сырттан келетіндердің кейбір жат пиғылына тосқауыл болар еді.
Жиынға қатысушылар аталған мәселелер бойынша пікірлерін ортаға салып, өзара ой бөлісті. Отырыс қорытындысында оған қатысушылар ортақ мәмілемен қарар қабылдады. Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу мәселесі бүгінгі күн талабына сай туындап отырғаны ақиқат. Ең бастысы, мемлекеттік билік тармақтарын қайта бөлу еліміздің әрбір басқару органының жауапкершілігін бұрынғыдан да арттыра түседі.
Президенттің көтеріп отырған жаңа бастамалары Қазақстандағы билік тармақтарының өзара қарым-қатынасының жаңа қағидаттарын бекітпек.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ