
144 жылдық циклды жыл есебі туралы жазылған дерек көп емес. Бізде бары — Шаяхмен Жәңгірұлының «Жыл топшылары» және Раздан Қасенұлының жылдар мен адам мінезінің қатынасы туралы қолжазбалары.
Ескі жыл есебі бойынша, 12 жылдың әрқайсысы 12 түрлі болып келеді де, әрқайсысы жыл атауын алған жануардың он екі түрімен аталады. Осылардың ішінен тауық жылының сырына үңілейік.
Тауық жылының он түрін Шаяхмет Жәңгірұлы өзінің «Жыл топшылары» атты қолжазбасында былай таратқан: ақ тауық жылы, қара тауық жылы, сары тауық жылы, қоңыр тауық жылы, көк тауық жылы, шұбар тауық жылы, қызыл тауық жылы, сұр тауық жылы, бабайғақ тауық жылы, күркі тауық жылы, ала тауық жылы, құр тауық жылы.
Раздан Қасенұлы мезгіл есебі және адам мінезі туралы қолжазбасында тауық жылының он екі түрін таратып айтады. Олар: ақ тауық жылы, егіз тауық жылы, қара тауық жылы, сары тауық жылы, қоңыр тауық жылы (үйрек, қаздар), көк тауық (тұртұрт тауық) жылы, шұбар тауық (ұлартауық) жылы, қызыл тауық (қырғауыл) жылы, сұр тауық (шіл) жылы, бабайғақ жылы, күрке тауық жылы, құр тауық (ала тауық) жылы.
Осы екі қолжазбада да белгілі қасиеттері немесе сыртқы пішіні тауыққа ұқсайтын құстарды тауық тұқымдастар деп қарағаны байқалады.
Ақ тауық жылы
Үлкендер жағы «ақ тауық жұты, егіз тауық жұты, соқыр тауық жұты» деген жұттардың болғанын айтып жатады. Осыған орай Біржан салдың:
Сал Біржан ән салады ауық-ауық,
Тоздырған арғын елді соқыр тауық.
Біржанға бақ қайтқанда жорға қайда,
Мінезі қарашолақ өгіз тауып, – деген өлеңі бар екен.
Бұл өлеңнің тағы бір нұсқасын Ш.Жәңгірұлы:
Жұтаттың ба жылқымды егіз тауық,
Міне алмадым ешкімнен семіз тауып.
Жүйрік жорға таңдайтын Біржан едім,
Қоңыр шолақ міндім ғой өгіз тауып, – деп келтіріпті.
Бірінде «егіз тауық», бірінде «соқыр тауық» дегені болмаса, екеуінде де тауық жылының жұты айтылып тұр. Ш. Жәңгірұлының дерегіне сүйенсек, Біржан дүниеден озғанда жанында болған әнші Жақып Қамзаұлы Шығыс Түркістанға, Алтайдың Сарқусын деген жеріне барып, сонда өмірден өтіпті. Біржанның әлгі өлеңі сол Жақып Қамзаұлы арқылы Алтай қазақтарына тараған екен.
Ш.Жәңгірұлы: «Ақ тауықты егіз тауық деп те атайды, егіз тауық деп атайтыны бір жұмыртқаның екі басы бірдей үшкір болады да, мұнан егіз балапан шығады. Мұндай құбылыс басқа құстарда сирек кездеседі», – депті.
Р.Қасенұлы егіз тауық пен ақ тауықты тауықтың екі түрі деп қарап, екі жылдың аты деп береді. «Егіз тауық кіретін жылы күзде ақ әтеш жұмыртқалайды екен. Жұмыртқасы егіз болса, ол жыл егіз тауық жылы деп аталады» дейді.
Ақ тауық жылы жаз жаңбырлы, сел жүргіш келеді. Жердің көктеуі жақсы болады. Ата-бабамыз: «Ақ тауық жылы ұсақ малдарда ақсақ көп болады», – дейді екен. Салқын жайлауда күнде жауын жауса, малдың буынынан суық өтіп, бақайы қиылып, ақсақ көбейетіні түсінікті жай.
Көне есеп бойынша, ақ тауық жылы күзде суық ерте түсіп, қар ерте жауады. «Боқырау амалында қар мен жаңбыр араласып, жер беті тоңға айналып, терістіктен дауыл соғып, қыс түсіп кетеді» делінеді. Ең ауыр қыс егіз тауық жылы болып, қыс аяғы жеті айға дейін созылады.
Халық «жаман жыл» демейді, «ауыр жыл» деп қана айтады, себебі, ауырлықты жеңуге болады, жамандықты өзгерту мүмкін емес. Ақ тауық жылын, «қысы жұт, жазы жау» деп ырымдапты.
Ақ тауық жылы туған ұлдың мінезі қатты, алайда, кір тұрмайтын көңілі таза, тәуекелшіл ер жүрек болады деп болжайды. Қыз баланың мінезі шапшаң, бір сөзді, махаббатқа адал, ер мінезді келетіні айтылады.
Қара тауық жылы
Қазақ есепшілері қара түсті жануарлардың атымен аталған жылды қары жұқа жақсы жыл деп атайды. Қазақта қараға байланысты сөздердің астарында қара түсті қасиет тұтқан сенім жатады. Қара тауық жылы – тауықтың сыртқы көрінісіне қарап қойылған атау.
Қара тауық жылы жанға да, малға да жайлы. Оның шығысына қарағанда, кірісі жайсыздау болады. «Қара тауық жылы кіргенде жазғытұрым қара боран көбірек соғып, мал жүдеп барып көктемге ілінеді» (Ш.Жәңгірұлы). Жазда қара жаңбыр көп болады. Бұл жылы жазда ешкі мен сиырдың тойынысы жақсы болмаса да, қой, жылқы, түйе малдарының тойынысы жақсы. Күзде қара суық ерте түсіп, ұзаққа созылады. Қысында қар жұқа жауады. Боран көп болғандықтан, өзі аз түскен қарды айдап әкетеді де, мал дала жайылысынан тарықпайды. Сондықтан қара тауық жылы малға ауыр келмейтіні белгілі.
Қара тауық жылы туған ұл баланың мінезі тұйық, сөзі аздау келеді. Көп алдына көрінер ірі істерге тәуекелі жетпейді. Жұмсақ мінезді болып, отбасының ұсақ күйбеңінен аспайды. Қара тауық жылы туған қыздан қолы берекелі, қасиетті, басы елге сыйлы адамдар көп шығады.
Сары тауық жылы
Ш.Жәңгірұлы: «Сары тауық жылының кірісінде аспан кеңістігіндегі жұлдыздар айналым жолын ауыстырады», – деп жазады. Қазақ жылнамашылары Шолпан жұлдызының өзгерісіне ерекше көңіл бөлетіні белгілі. Шолпанның жоғарыда көрінуі де, көкжиектен көрінуі де, үлкейіп нұр шаша көрінуі де, өшкіндеп көрінуі де есепшілер назарынан қағыс қалмаған. Мұның бәрі ауа райындағы белгілі өзгерістің нышаны саналады. Сары тауық кіретін жылы наурызда Шолпан жұлдызы күншығыста маңдайдан көрінсе, аса нұрлы болмаса, келер қыс қатты болмайды. Шолпан батыс жақтан табақтай болып сарғайып, көкжиектен көрінсе немесе төбеге шығып кетсе, қыс суық болады. Оны «Шолпанның сары жұлдыз болып шақшиғаны» дейді. Шолпан күн батып, ақшам сөне жайырақ туса, ағарып көрінсе, жақсылықтың нышаны, ауа райының да жылы болатынын көрсетеді. Күн батар-батпастан жарқырап сарғайып көрінсе, үлкен жұттың, апаттың белгісі екен. Қай жылы да наурызда Шолпан тым аласадан немесе тым биіктен жарқырап сарғайып көрінсе, ол жылы ауыр болады-мыс. Шолпан ағарып көрінсе, ауа райының жылы, заманның жайлы болатыны деп ұққан жөн.
Бұл жылдың кірісінде жауын-шашын аз. Өсімдіктер ерте қурайды. Жемістер қысырап қалады. Әсіресе, сары өрік, тошала, шырғанақ сияқты сары түсті өсімдіктер жеміс бермейді. Адамда сары ауру, малда сарбуын, сарып сияқты аурулар көп таралып, мерзімсіз іш тастау көп болады.
Сары тауық кіргенде Шолпан батыстан шықса, жыл ауыр болады, сары тауық шыққанда қайтадан шығыстан көрінсе, заман оңалады дейді. Шолпан сол беті батыста тұрып қалса, келесі жыл да ауыр болатын көрінеді.
Сары тауық жылы туған ұлдардан ешкімге ішін бермейтін, өзінен басқаға қолдау көрсетпейтін, ойын ашық айтпайтын, көңіліне келген істі өмірі ұмытпайтын кекшіл, өз есебіне келмесе, досын да, дұшпанын да аямайтын жандар көп шығады. Бұл жылы туған қыздар бауырмал, жүрегі сағынышқа толы мейірімді болып келеді.
Қоңыр тауық жылы
Қоңыр тауық жылы малға аса жайлы емес. «Қоңыр тауық жылының кірісінде жаз жаңбырлы болып, аспан кеңістігінде түтін реңдес қоңырша бұлттар көбейіп, жер бетіне тұман көп түседі. Кездейсоқ сел апаты да болып тұрады» (Ш.Жәңгірұлы).
Қоңыр тауық жылы қыс ерте түседі. Жазда ғана емес, күзде де жаңбыр көп жауады. Ерте түскен суық күзгі жаңбырмен араласып, жер күз ортасында қатып үлгереді. Өзен бойларындағы ұзын талшықты шөптер ұйысып, мұз болып қатып қалады да, малдың аузымен алып жеуіне де, аяғымен тарпып шығаруына да қолайсыз болады. Шөп үсіп кеткендіктен, малдың ішін өткізіп, ас болуы нашар.
Қоңыр тауық жылы қыс аяғы созылмай, жаз ерте шығады.
Қоңыр тауық жылы адамға жайлы. Раздан Қасенұлы: «Қоңыр тауық жылы адамда ауру-сырқау болмайды», – деп жазған. Қазақтың «жылың тұман болсын, ауруың тұмау болсын» деген сөзі осы қоңыр тауық жылына қаратылған дейді.
Қоңыр тауық жылы туған ер баланың жаны таза, көңілі жұмсақ келеді. Артық байлық жинамаса да, несібесі мол болып, жоқшылық көрмейді. Көзге көріне бермесе де, елге сыйлы болады. Отбасында бала-шағаға кең, жайлы болады. Бірақ бұл жылы туған ер балаға тіл, көз тез тиеді екен.
Қоңыр тауық жылы туған қыз баланың дастарқаны мол, қолы берекелі. Кісіге дауыс көтермейді, талас-тартысты ұнатпайды, мінезі өте жағымды. Отбасында жайлы, көрші-қолаңға сыйлы.
Көк тауық жылы
Көк тауық жылы жазда жаңбыр аса көп жаумайды. Жаңбырсыз жаз деуге де келмейді. Қоңыр салқын, жанға жайлы болады. Жаз күндері үзілмей самал жел соғып тұрады. Ешкі мен сиырдың тойынысы аса жақсы болмайды. Бұл жылы өсімдіктердің жапырағы қалың шығады.
Көк тауықтың қысында қар қалың жаумайды. Бірақ үнемі жел соғып тұратындықтан, қар қатып қалып, дала жайылысындағы малға қиын болады. Қыс аяғы созылып барып шығып, топырақ кеш жылиды да, жер жайырақ көктейді. Көктем кезінде малда өлім-жітім көбірек болады. Жел тимейтін тау арасында, өзен бойларында, ықтасын күнгей жерлерде жер ерте көктеп, мал ерте сергиді.
Көк тауық жылы ұсақ малдың төлдерінде көк жақ, қос қарын дерті көп болады.
Көк тауық жылы туған ұл баланың сөзі аз, мінезі тұйық. Ешкімге жамандық жасамайды. Жаны таза келеді. Бір кемшілігі, басқалардың еркіне көнгіш. Қолынан үлкен іс келмейтін ұсақ мінезді. Көк тауық жылы туған баладан ел иесі болып, билік ұстайтын адам көп шықпайды делінеді. Бұл жылы туған қыздар ерінің сөзін екі етпейтін, отбасы берекесін бәрінен жоғары қоятын асыл жар болады. Ісінен нәтиже шығаратын табанды еңбекқор.
Шұбар тауық жылы
Есепшілер қара шұбар тауық жылы, ақ шұбар тауық жылы, көк шұбар тауық жылы және қызыл шұбар тауық жылдарының ерекшеліктеріне жеке-жеке тоқталған.
Қара шұбар тауық жылы кіргенде қара боран көп соқпай, жер ерте көктейді. Қысында қар, жазында жаңбыр қалыпты. Егін мен шөптің шығымы жақсы. Бұл жылы малға теңге қотыр, адамға қарамық, қара теміреткі шыққыш келеді.
Ақ шұбар тауық жылы қар қалың болғанымен, боран көп соғады да, қыратты жерлерді үрлеп кетеді. Қыс аяғы созылып шығатындықтан, малға ауыр.
Көк шұбар тауық жылы жазда жаңбыр ала-құла жауады. Ағаш, шөп жапырақтарына құрт түскіш келеді. Көк түсті малға ауыр тиеді.
Қызыл шұбар тауық жылы қыс ысқырған қызыл аязды. Жазда аспанда қызыл бұлт көбейіп, жаңбыр аз жауады. Күн тымырсық ыстық болады. Үлкен жұт болмағанымен, малға қатер көп, қызыл сиыр, жирен, құла жылқылардың тойынысы төмен болады. Бұл жыл, әсіресе, түйе мен қойға ауыр тиеді.
Шұбар тауық жылы бір жерде қыс қатты болса, бір жерде жылы болады. «Шұбар тауық жұт әкеледі, жұт әкелмесе құт әкеледі» деген сөз бар.
Шұбар тауық жылы туған адамның мінезі аса күрделі. Ер балалардан мінезі кесек әрі қатқылдау келетіндер де, ұсақшыл күйбең адамдар да кездеседі. Көк шұбар тауық жылы туған ер бала өз айтқанынан қайтпайтын қайсар, намысшыл. Басына қандай қиындық түссе де басқаларға айтпай, өзі шешуді жөн санайды. Көк шұбар тауық жылы туған адам жарақатқа төзімді, науқастанса тез сауығып кетеді. Бұл жылы туған балаға бөрткен жара аз шығады. Ал басқа шұбар тауық жылдары туған адамға қарамық тектес ұсақ бөрткен көп шығады. Көк шұбар тауық жылы туған қыздардан қасиетті адамдар көп шығатын көрінеді.
Қызыл тауық жылы
Қызыл тауық кірген жылы жаз айлары ыстық. «Топырақтың қызуы жоғары болғандықтан болса керек, өрт көп болады екен» (Шаяхмет Жәңгірұлы). Күннің жерге деңгейлес келетін жылы болатындықтан, жайлау, күзеу, ойлы жерлердің шөбі қалың шығады.
Қызыл тауық жылы қыста қар жұқа болып, боран көп соқпағанымен, үскірік қызыл жүріп, аяз күшті болады. Қысы суық болса да, жазы ерте шығатындықтан, жайсыз жыл саналмайды.
Қызыл тауық кіретін жылы күз айларында аспанда қызыл бұлттар көбейеді. Бұл жылы жылан, бүйі, шаян сияқты улы зиянкестер көбейіп кетеді.
Қызыл тауық жылы туған ер бала адамдармен тіл табысқыш, отбасылық шаруашылыққа өте бейім. Ел көзіне көп түсуді қаламайды. Қыздар ер мінезді, өңді, жаңа киімге құмар, сәнқой келеді.
Бұл жылы туған адамға қызылша, қамшау, су шешек, қызылша тектес жарақаттар көп шығатыны айтылады.
Сұр тауық жылы
Сұр тауық жылын шіл жылы деп те атайды. Сұр тауық кірген жылы жазғытұрым қар кете, қырық күн «қара сәуір» атанған қара боран соғады. Ол жердің дымқылдығын кептіріп жіберетіндіктен, өсімдіктер жай көктейді. «Сұрша бұлттар кеңістікте жөңкіліп батыстан да, шығыстан да боран соғып, жер көктемін қорғалатып тастайды» (Ш. Жәңгірұлы). Көктемде арық малдан шығын көп болатыны сондықтан. Жазда үнемі ұйтқымалы жел тұрып, бұлтты көтеріп кететіндіктен, жаңбыр аз жауады. Көктем нашар болғанымен, шөбі құнарлы келеді.
Сұр тауық жылы қыс жай түседі де, қары жұқа, күні жылы, борансыз келіп, мал күйін сақтап қалады.
Сұр тауық жылы туған адам тыныштық көрмейтін еңбекшіл келеді. Алайда, ұлдардың тапқаны тамағынан аспайтын табысы аздары, отбасы тірлігінен ұзамайтын, тамақтан басқа ештеңе ойламайтын ұсақ адамдар да көп кездеседі. Қыз балалар қыдырма, үйге тоқтамайтын, отбасына суық болады делінеді.
Бабайғақ тауық жылы
Шаяхмет Жәңгірұлы: «Бабайғақ жон таулардағы қара бұталардың арасында өмір сүретін құс, тауықтың жабайы түрі деуге болады, түрінде де, мінезінде де тауықтан айырмашылық жоқ. Әтештері шақырып жүреді. Құйрығы қысқа, денесі тауықтай, әтештерінің басында тауықтікі сияқты қызыл айдары бар, Алтай тауларының барлық жон жерлерінде кезігеді. Ұзап ұша алмайтын құс, жорғалап жүреді. Жауларынан жасырынғанда бұталар, бүрген арасына бой тасалайды», – деп жазған.
Бабайғақ тауық жылы көктемде жаңбыр аса көп болмайды. Бірақ жауынсыз жыл да емес. Жазда бұта, бүргеннің, орманның көктемі жақсы келеді де, жазық өңірлердің көктемі аса жақсы бола бермейді. Қыста биік таулы өлкелерге қар аз жауады. Ой өңірлерде қар қалың келеді. Бірақ шуақты күндер көп болғандықтан күнгей беттердің қары ерте кетіп, жер қарайып, мал жайылымнан тарықпайды. Боран соқпағандықтан қар қатпайды да, тауларда көшкін көп жүреді.
Жазық жерлерде, өзенді өлкелерде қар қалың түсіп, боран қатты өршиді.
Бұл жылы туған ер адамның мінезі жайдары, мейірімді, алайда, өзін көрсетуге аса құмар емес. Қыздар аз сөзді, ақылды, жан жылуы мол.
Күрке тауық жылы
Күрке тауық – тұқымдастардың ішіндегі ірісі. Қолда да бағылатын, жабайы түрі де болатын құс. Жабайы күрке тауықтар таулардағы жынысты қалың ормандарда жасайды. Мамығы қара, мойны ұзын, басында салақтаған қызыл айдары болады. Басқа хайуанаттарды көргенде екі қанатын жазып, мойнын жерге салып, күркілдеп айбар көрсетеді.
Тауық жылдарының ішінде бұл жыл есіл жыл делінеді. Ол кірген жылы көктемде жаңбыр көп. Күні жылы болып, жер ерте көктейді. Жазы қоңыр салқын келіп, малдың тойынысы өте жақсы болады. Күрке тауық жылы қыста қар қалың жауады. Суық күшті болмайтындықтан, қар қатпайды да, мал жайылыстан тарықпайды. Бұл жылы дерт-дербез көп таралмайды. Күрке тауық жылы туған ер бала сыртқа айбарлы, есесін жібермейтін айлакер келеді. Басқаларға зияны тиетін істерге көп бармайтын ақ көңіл. Өзін қорғауға мықты болғанымен, басқаларға ықпал жасауға олақ келеді. Қыз балалар қолы берекелі, отбасын қорғауды өз парызы санайтын қасиетті ана болады.
Ала тауық жылы
Ала тауық кірген жылы жазда жаңбыр ала жауып, жердің көктеуі де ала болады. Таулы, орманды өңірлерде жауын көп, жазық, ой өлкелерде аз түседі. Қыстағы қар да әр өңірге әртүрлі жауады. Таулы өлкелерге қалың, ой өңірлерде жұқа түседі. Қатты боран болмағанмен, құс қанатының лебіндей желемік үзілмей, қарды қатырып тастайды. Қыстағы қасат сүрі қардың мал жайылысына тигізетін ықпалы күшті болып, ала тауық жылының шығысы қаттылау келеді. Көктемде мал шығыны көбірек болады.
Жерімде жұт болған соң ала тауық,
Көшіп ек басқа жаққа қоныс ауып.
Малы жоқтың әлі жоқ деген мақал,
Басқалардан жан бақтық сауын сауып, –
дейтін халық өлеңі сақталған.
Ала тауық жылы туған ер адамдарда айтқанында тұрмайтын екі сөзді, мінездері аса қатты болмаса да, кісіге жанашырлығы аз, адамдарға іш тартпайтын, сырын ішіне жасырып жүретін өзімшілдер көп кездеседі. Қыз балалардан мінезі тұрақсыздау келсе де, жаны таза, адал болады. Ала тауық жылы туған адамдар ақтаңдақ, ақ теміреткі, шаш түсу сияқты ауруларға оңай шалдығады.
Құр тауық жылы
Қазақ есепшілері құрды тауықтың жабайы түріне жатқызған. Шаяхмет Жәңгірұлы құр мен қырғауылды бір жылға теліген. «Алтай тауларында болатын құр басында қызыл айдары бар, реңі қара ала және сұр шұбар болады. Айтуларда қара аласы әтеш, сұр шұбары мекиен екен. Ерен тауларында болатындары ұзын құйрық қызыл шұбар және жоғарыдағы тектес мекиендері сұр шұбар болып, Алтайдікіндей ұшқыр емес, атпен соғып алуға болады. Жаратылысы ұқсас, оны қырғауыл деп атайды» – деп жазады. Бұл ретте құр мен қырғауылды тауықтың екі түріне жатқызған Раздан Қасенұлының қолжазбасы ақылға қонымды.
Құр тауық жылы көктем ерте шығады. Күн жылы, жаңбыр қалыпты болып, жер ерте көктейтіндіктен, мал ерте семіреді. Жазда да жаңбыр жиі жауып, шөп жақсы шығады әрі құнарлы болады. Сол себепті малдың тойынысы да жақсы.
Құр тауық жылы қыс қатты болмайды. Қар орташа жауады. Күн аса суық болмайтындықтан, қар ұлпа қалпында қалады. Күнгей жерлерге шуақ ерте түсіп, ағаш, бұта түптері қарайып, көзелек ерте шығады. Әсіресе, бөктер тауларда қар орташа жауып, қыс аса жақсы болады. Бұл – ауру-сырқау аз, кездейсоқ өлім-жітім болмайтын, малға жайлы, адамға құт жылдардың бірі.
Құр тауық жылы кеште туған қыз баланың істеген ісі өнімді, өмірі бақытты болады. Ал таңда немесе күндіз туған бала құр сияқты ойын құмар келеді де, көп уақыты босқа өтеді. Ұл бала мінезі жайлы, ел еркесі – сері болады.
Жалпы, тауық жылы туған ер адамдар ұсақшыл келіп, атақ-абыройы алысқа кетпейді. Әйел адамдардың тағдыры жақсы болады, кәсібіне мықты атақты адамдар шығады. Қазақта «қызыңның жылы жылқы болмасын, ұлыңның жылы тауық болмасын» деген сөз бар. Тауық жылы кеште туған адам мінезі ауыр, қимылы жай, сөзі аз, жұмысқа бос келгенмен, несібесі мол, талантты, жолы сәтті, өмірі бақытты болады. Таң ата немесе күндіз туған адамдар мінезі жеңіл, әрекеті тынымсыз, еңбекқор келгенімен, тапқан табысы тұрмысынан аспайтын, еңбегі еш болып, өмірінің ақырына дейін тыныштық көрмейтін бейнетқор келеді.
Иманғазы НҰРАХМЕТҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты