Атақты партизанның аты тіпті соғысқа қатысқандардың тізімінде де жоқ. Ал мемлекет қайраткері, ғалым, майдангер-жазушы Тоқтағали Жанкелдиннің 1967 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Партизан жорықтары» атты еңбегінде, 1977 жылы Минск қаласында шыққан «Память. Борисовский район» естелік кітабында партизан Елеу Сағыновтың есімі және оның майдан даласындағы ерлік істері жайында кеңінен жазылған. Тарихта кеңес әскерлерінен жасақталған «Дядя Коля» партизан отрядының болғаны белгілі. Елеу Сағынов – осы отрядтың мүшесі. Сұрапыл соғыс жылдарында жалғыз өзі жаудың 13 эшелонын қиратқан партизан – Мұғалжар өңірінің тумасы. Алайда, қазір жерлесіміздің есімі еш жерде айтылмайды. Тіпті, оның аты соғысқа қатысқандардың тізімінде де жоқ.
Ақтөбелік партизан және «дядя Коля» жасағы
Ұлы Отан соғысы жылдарында партизан қозғалысының маңызды орын алғаны белгілі. Партизан қозғалысына қатысқан қазақ жігіттерінің арасында ақтөбелік Елеу Сағыновтың есімі кезінде Қасым Қайсеновтермен қатар аталған. Алайда, өмірден ұрпақсыз өткен партизанның артында іздеушісі болмаған соң, бүгінде оның есімі ел есінен өшкендей.
Биыл Ұлы Отан соғысының батыр-партизаны Е.Сағыновтың туғанына 100 жыл толады. Жерлесіміздің қан майдандағы ерлігін батырлыққа теңеген Беларусь елі оны «батыр-партизан» деген құрметке лайық көріпті. Себебі, бұған дейін Белоруссиядан келген жауап хаттардың барлығында оған батыр-партизан деп анықтама берілген.
Қолда бар деректерде Е.Сағынов Белоруссияның Минск, Борисов қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. Кескілескен соғыстың алғашқы айларында неміс басқыншылары үстемдік көрсетіп, кеңес әскерлері уақытша кейін шегінуге мәжбүр болған ауыр күндердің бірінде қазақ солдаты қатты жараланып, есінен танады. Сөйтіп, ол өзінің әскери бөлімінен қол үзіп, жаудың басып алған жерінде қалады. Ауыр халдегі жауынгерді Белоруссияның Ново-Борисов жерінде апалы-сіңлілі Галина мен Евгения Степановалар тауып алып, жасырын емдеуге кіріседі. Ауруынан айыққан жауынгер жергілікті жерде партизандармен танысып, 1942 жылдың сәуір айында «Дядя Коля» атымен атағы шыққан партизан бригадасының құрамына қосылады. Бұл бригаданың командирі кейін Кеңес Одағының Батыры атанған Петр Лопатин болатын.
Белоруссияның Борисов қаласының жергілікті мұражайынан келген жауап хатта 1942-1943 жылдары Минск қаласының түбіндегі «Красное-Молодечно», «Молодечно-Вилейка» жерлерінде Е.Сағынов бастаған партизан тобы жаудың соғыс құралдары тиелген көптеген вагонды темір жол бойынан құлатып, оларды істен шығарып, неміс жауынгерлерінің көзін жойғаны туралы ақпарат бар. Ресми мәліметтердің бірінде Е.Сағыновтың майдан даласында жалғыз өзі жаудың 13 эшелонын қиратқаны жазылады.
Ол 1944 жылдың 27 сәуірінде Белоруссияның Палик көлінің маңында партизандар бригадасымен жау қоршауын бұзып шығу операциясы кезінде ерлікпен қаза тапқан. Бойында қазақ қаны бар батыр-партизанның сүйегі бүгінде Белоруссияның Борисов ауданындағы Буденичи ауылындағы партизандар қорымында жатыр.
Асылайдың шығармасы
Қазір Ембі қаласында Елеу Сағыновтың атында көше бар. Партизанның туғанына 100 жыл толу құрметіне мұғалжарлықтар сол көшенің бойына жауынгердің өмірі мен ерлігі туралы жазылған мемориалдық тақта орнатып, оның рухына Құран бағыштап, ас беруді көздеп отыр. Бір кездері Е.Сағынов оқыған Ембідегі қазіргі №7 орта мектепте, локомотив депосы ғимаратында партизанға арнап мұражай ашу да жоспарланыпты. Бұл бастамалар жайында жергілікті әкімдіктегілер хабардар. Қазір осындай жұмыстардың басы-қасында жүрген Ембі қаласындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Тоқаш Нұрғалиев (суретте) Е.Сағыновтың ел мүддесін қорғаудағы жасаған ерлік істерін жас ұрпаққа насихаттауды өзінің азаматтық борышы деп санайды.
– Ембі қаласындағы локомотив депосы ардагерлері, тұрғындар атынан Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлесіміз, партизан Елеу Сағыновтың есімі мен ерлігі соңғы кездері мүлдем ескерусіз қалғаны турасында көп ұсыныс-пікір түсті. Біраз ойланып, бұл істі аяқсыз қалдырмау керек деген шешімге келдім. Өйткені, биыл жауынгердің туғанына 100 жыл толады. Бастапқыда ол туралы ешқандай материал таба алмадық. Ембі қаласындағы балалар кітапханасының директоры Светлана Ақмұрзаева майдангердің ерлігі жайында жазылған Тоқтағали Жанкелдиннің «Партизан жорықтары» атты кітапты және ол туралы әр жылдары баспасөз беттерінде жазылған материалдарды ұсынды. Ал Мұғалжар ауданындағы ағайынды Жұбановтардың мемориалдық музейінің директоры Ұлболсын Мұхамбетова бір кездері партизанның сүйегі жатқан жерді білу мақсатында Белоруссияның Борисов ауданына хат жолдаған. Жауап хатта Елеу Сағыновтың сүйегі Борисов ауданындағы партизандар қорымында жатқаны туралы, тіпті нөміріне дейін анықталған мәлімет келген, — деді Т.Нұрғалиев.
Тоқаш ақсақал жауынгердің ататегін білу үшін көп ізденіпті. Е.Сағыновтың бір атадан тараған туыстары Ақтөбеде тұрады екен.
– Темір ауданының Кеңқияқ кентінің тұрғыны Аманкелді Көздібаев өзін Елеу Сағыновтың туысы ретінде таныстырып, жауынгердің ата-тегінен сыр шертті. Оның айтуынша, Басығұлдан Сатай, Матай, Амантай және Сағын туады. Сағыннан Тауман мен Елеу тарайды. Тауманда екі бала – Төрехан мен Ырысты өмірге келеді. Қазір Ырыстының қызы Асылай Ембіде тұрады. Сатай, Матайдан тараған ұрпақтармен жақын араласамын. 1976 жылы 6-сыныпта оқып жүрген кезінде Асылай нағашы атасы Елеу туралы шығарма жазады. Көп ізденеді, тіпті Белоруссияға хат жолдайды. Ол жақтан жауап келеді. Партизанның атына берілген наградалар мен құжаттарды алып кету үшін Белоруссиядан шақырту қағаз да келген. Алайда, ол кезде бұл іспен мақсатты айналысқан бір жан болмапты. Сөйтіп, нағашы атасының ерліктері туралы әңгімені бірінші болып қозғаған Асылай екен. Асылайдың осы еңбегінің арқасында Ембі қаласындағы бір көше кейін Елеу Сағыновтың атымен аталған. Сол тұста барлық мекемеде жауынгердің ерлігі туралы айтылып, ұйымдарда, мектептерде насихат жұмыстары жүргізілген. Алайда, уақыт өте келе, Сағыновтың есімі қайта ұмытыла бастайды, – дейді Тоқаш ақсақал.
Сағыновтың көшесін «тартып алған» кім?
Кезінде Ембі қаласындағы негізгі көшелердің біріне Елеу Сағыновтың аты берілгенін жоғарыда айттық. Қазір Елеудің атындағы көше елеусіз жерде орналасқан. Бұрынғы Сағынов атындағы көшені бүгінде ықпалды бір азаматтың ататегі иеленіпті.
Партизанның атына көше беріліп, есімі мен ерлігі көпшіліктің аузында жүрген өткен ғасырдың жетпісінші жылдарында Ембі қаласындағы қазіргі №2 орта мектепте жауынгердің құрметіне музей де жасақталған. Сол кездері Асылай нағашы атасына қатысты қолына тиген құнды деректер мен жазған шығармасын, түпнұсқа негізіндегі жалғыз суретті сол мұражайға табыстайды. Алайда қазір ол деректердің бірде-бірі сақталмаған, тіпті мұражайдың ізі де жоқ.
– 1974-1976 жылдардың шамасында Е.Сағыновпен бала күнінде бірге ойнап, бірге өскен құрбысы Белоруссияға барып, Ұлы Отан соғысы жылдарында құрылған «Дядя Коля» партизан жасағының командирі Лопатинмен кездесіп, бірқатар партизанмен тілдескен. Ол Мәскеуде де болып, Е.Сағыновтың орыс әйелінің үйіне барған. Жауынгердің орыстан туған қызы бар деген ақпарат әкелген. Әрине, бұл деректі әлі де нақтылау қажет. Дегенмен, артында ұрпағы қалмаған соң, қазір партизан іздеусіз қалып отыр. Асылай да осы істі соңына дейін жеткізуімді өтінеді. Қазір құзырлы органдарға хат жазып, әлі де болса партизан турасында тың деректер табылып қалар деген үмітпен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл іске Ақтөбе және Алматы қалаларындағы кейбір қоғамдық ұйымдардың өкілдері жанашырлық танытып, жүйелі жұмыс жасап жатыр. Өкініштісі, Белоруссияға барып, жауынгердің командирімен бетпе-бет кездескен әлгі кісі бір-екі жыл бұрын өмірден озған. Оның Белоруссия мен Мәскеуге жасаған сапары туралы әңгімені ешкім қағазға түсіріп алмаған, – дейді Тоқаш Нұрғалиев.
Арайлым НҰРБАЕВА,
журналист
Ақтөбе облысы