Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Жас өнертапқыш өз жобасын әзірлеу барысында заманауи технологияның мүмкіндігін тиімді пайдаланған. Атап айтқанда, жасанды интеллект көмегіне жүгініп, түрлі ғылыми деректерді саралаған, экологияға қауіпсіз әрі табиғи құрамдарды анықтаған. Соның нәтижесінде толықтай табиғи заттардан тұратын, қоршаған ортаға залал келтірмейтін биопакет жасалып шыққан.
Мөлдірдің айтуынша, ойлап тапқан биопакет небәрі 45–50 минуттың ішінде толықтай еріп кетеді. Ал бұл – полиэтилен пакеттермен салыстырғанда орасан зор айырмашылық. Ғалымдардың дерегіне сүйенсек, кәдімгі полиэтилен қалдықтары табиғатта 500 жылға дейін ыдырамай жатады. Осы уақыт аралығында топырақты, суды және тірі ағзаларды улап, экожүйеге айтарлықтай зиян келтіреді.
«Табиғатты аялау бәрімізге ортақ міндет. Қоршаған ортамыздың таза болуы біздің болашағымызға әсер етеді. Бұл істі әркім өз басынан бастаса, табиғат таза болар еді», дейді Мөлдір Кенжебай.
Елімізде экология мәселесінің өзектілігі күн өткен сайын артып келеді. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізде жыл сайын 5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қоқыс шығарылады. Оның басым бөлігі – пластик пен полиэтилен қалдықтары. Бұл жағдай қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіріп қана қоймай, болашақ ұрпақтың денсаулығына да кері әсер етуі мүмкін.
Осы тұрғыда Мөлдір Кенжебайдың бастамасы – қоғамға ой салатын, маңызы зор жоба. Жасанды интеллект пен ғылымды ұштастыра отырып жасалған биопакет өндірісте қолданысқа енгізілсе, экологиялық ахуалды жақсартуға үлкен үлес қоса алатыны сөзсіз. Сонымен қатар бұл жоба жасөспірімдердің ғылымға, инновацияға деген қызығушылығын арттырып, ел болашағына бейжай қарамайтын саналы ұрпақ қалыптастыруға жол ашады.
Жас өнертапқыштың табанды еңбегі мен ізденісі – «табиғатты қорғау жасқа қарамайды» деген ойдың айқын дәлелі. Егер осындай бастамалар қолдау тауып, кеңінен жүзеге асса, экологиялық таза Қазақстан құруға бір қадам жақындай түсеріміз анық.
Алматы