Тәуелсіздік сарайында жыл сайын отыздан аса көрме ұйымдастырылады. Көрме балалар шығармашылығынан ересектердің өнеріне дейінгі аралықта түрлі жанрды, түрлі тақырыптарды қамтиды. Мұхтардың шығармашылығына арналған көрменің де өзіндік ерекшелігі бар. Өз тілімен айтқанда, «ән-күй озаттарына ізет» көрсету арқылы қазақ даласында әр кезеңде өмір сүрген өнерпаздардың тұтас галереясын жасап, оны көрермендерге үйлесімділікпен ұсына білген. Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Мұхит Мералыұлы, Кенен Әзірбаев, Майра Уәлиқызы, Дина Нұрпейісова қатарлы жиырмадан аса бұлбұл мен дүлдүлдің портреттерін кенепке салған суретші дала өнерпаздарының ірі, кесек тұлғаларын бейнелеген. Майлы бояумен салынған әр тұлғаның өзіне тән қайталанбас мінез-құлқы «менмұндалайды», ал өнерпаздың артқы жағында сол кездің әлеуметтік өмірінен алынған сюжеттер көз тартады. Жалпы, көрмеге портреттерден бөлек еліміздің ландшафттары бейнеленген 20 шақты сурет қойылған.
Тәуелсіздік сарайының Көрме ұйымдастыру бөлімінің жетекшісі Айнұр Абулқайырованың айтуынша, шын мәніндегі шығармашылық иелеріне, Тәуелсіздік сарайындағы өзі қызмет ететін бөлімнің есігі қашанда ашық. Мұнда тек қана отандық шығармашылық иелері ғана емес, шет елдерден де келіп, көрме ұйымдастыратын өнер адамдары бар. Оның бер жағында түрлі қайырымдылық шаралары да көптеп ұйымдастырылады. Бірақ, іс-шараның қай-қайсысы болсын сарайдың негізгі тұжырымдамаларына сәйкес келуі керек. Мазмұны мен мағынасы терең болмағы шарт. Осы тұрғыдан алғанда бөлім жетекшісінің пікірінше, Мұхтар Байбосыновтың өнер адамдарына арнап салған портреттер сериясы көрерменнің санасын рухани тұрғыдан жаңғыртып еліміздің нағыз айтулы өнер иелерінің бейнелерін жадында сақтауға септігін тигізбек.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ,
«Егемен Қазақстан»