Сурет: Olympic.kz
- Біріккен күрес әлемі (UWW) ресми сайтында балуандардың рейтингін жариялады. Еркін күрестен отандастарымыздың арасындағы ең үздік нәтиже Асылжан Есенгелдіге тиесілі. 61 кг салмақтағы қандасымыз үшінші орынды иеленіп тұр. Нұрқожа Қайпанов (70 кг) пен Камиль Куруглиев (97 кг) бесінші сатыға жайғасты. Азамат Дәулетбеков ТОП-10-дықты түйіндеді. Грек-рим күресінде Айдос Сұлтанғалидың (60 кг) өзгелерден көші ілгері. Былтыр әлем чемпионы атанған саңлақ екінші орында нық тұр. Демеу Жадыраев (77 кг) пен Ислам Евлоев (87 кг) үздік алтылықтың қатарында. Мерей Мәулетқанов (72 кг) жетінші орында. Сондай-ақ Ербол Камалиев (60 кг), Әлмир Төлебаев (82 кг), Олжас Сырлыбай (130 кг) ТОП-10 балуанның қатарына еніп отыр. Әйелдер күресінен Жәмилә Бақбергенова (72 кг) жетінші, Виктория Хусаинова (59 кг) сегізінші сатыға орнықты.
- 16 жастағы теннисші Томирис Нұржан Алжирде ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнирде топ жарды. Финалда ол ресейлік Варвара Виноградованы ұтты. Бұл – Томиристің ITF Juniors J60 сериясындағы алғашқы жүлдесі.
- Танымал файтер Азамат Бақытов UFC BJJ промоушенімен келісімшартқа отырды. Nomad Wrestling турнирінің екі дүркін чемпионы деген атағы бар қандасымыз осы күнге дейін 9 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. Алайда Азамат аталған промоушенде бразилиялық джиу-джитсу ережесімен айқасады. Тұсаукесер кездесуі 21 мамырда өтеді. Қарсыласы – аустралиялық Томас Дэвид.