Алдын ала есептеу бойынша, ЭКСПО-2017 кезінде облыстардан Астанаға автобустармен 472 мыңнан астам адам, немесе тәулігіне 5 мыңнан астам мейман келеді.
«Сапаржай Астана» автобекеті ағымдағы рейстерге қызмет көрсетеді, сондықтан елорданың тұрғындары мен қонақтары үшін дағдылы бағдарлар өзгеріссіз қалады.
Қосымша ашылған рейстерге жаңа автобекеттерде қызмет көрсетіледі. Ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап «Алай» автобекеті жұмыс жасай бастайды, онда солтүстік және батыс өңірлерден – Көкшетау, Петропавл, Қостанай, Павлодар, Талдықорған, Орал, Ақтөбе, Өскеменнен келетін қосымша ашылған рейстерге қызмет көрсетіледі.
Екінші автобекет – «Кең март» оңтүстік және орталық өңірлерден – Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Қарағандыдан күніне 34 рейс қабылдайды.
«Қазіргі таңда автотасымалдарды ұйымдастыру процесін жедел реттеу мақсатында ИДМ Көлік комитеті мемлекеттік нөмірлері, иелері, сыйымдылығы және шығарылған жылы көрсетілген автобустар тізімін жасап жатыр», – деді Р. Скляр.