
Кеше Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев облыс активімен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Жиында Елбасы облыстық мәслихаттың депутаттары кандидатурасын мақұлдаған өңірдің жаңа әкімі Ерлан Қошановты таныстырды. Ал экс-әкім Нұрмұхамбет Әбдібеков Елбасының Жарлығымен Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Нұрсұлтан Назарбаев жиынға қатысушыларға арнаған сөзінде еліміздің және Қарағанды облысының экономикалық және әлеуметтік даму көрсеткіштеріне тоқталып өтті. Сөз басында Елбасы:
− Мен бүгін конституциялық миссияны орындауға келдім. Мәслихатқа жаңа әкім Ерлан Қошановтың кандидатурасын ұсындым. Ол өзі – қарағандылық. Түрлі лауазымдарда жұмыс істеген. Оның тәжірибесі Қарағанды облысының түйткілді мәселелерін шешуге көмектеседі деп үміттенемін, – деді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы бұған дейін облыс әкімі болған Нұрмұхамбет Әбдібековке алғысын білдіріп, жаңа қызметіне сәттілік тіледі.
Аталған жиында ел Президенті Қарағанды облысының басымдықтарын белгілеп, мемлекетті одан әрі дамытуға қатысты жаңа міндеттерді атап өтті.
– Тәуелсіздік алғаннан бері бұл өңірдің экономикасы 23 есе өсті, индустрияландырудың 72 нысаны іске қосылды. Облысқа соңғы 5 жылда 1,7 триллион теңге инвестиция салынды. Апатты жағдайдағы мектептер жойылып, үш ауысыммен білім беру мәселесі шешілуде. Жол картасы аясында 4 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті елдегі саяси реформалар үдерісіне ерекше назар аударып, президенттік вертикальді сақтаудың аспектілерінің және мемлекеттік биліктің барлық тармағының жауапкершілігін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, бірқатар өзекті міндеттерді орындау қажеттігін айтып, облыс тұрғындарын елдің экономикалық жаңғыруына белсене атсалысуға шақырды.
– Инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай туғызу керек. Қазақстан Дүниежүзілік банк рейтингінің «Бизнес жүргізу жеңілдігі» критерийі бойынша 35-орынды иеленіп отыр. Бұл – жақсы көрсеткіш, алайда бізге ең әуелі өңірлердегі жұмысты жалғастыру қажет. Біз бизнес жүргізу жеңілдігі бойынша облыстардың арнаулы рейтингін жасап, жыл сайын индустрияландыру күні табыс етілетін атаулы сыйлық тағайындаймыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы кәсіпкерлік аясын кеңейту, мемлекет-жекеменшік әріптестігін дамыту, ауыл шаруашылығын субсидиялау, «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру, өндірілетін өнімдегі қазақстандық үлесті арттыру, сондай-ақ ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыру арқылы өнеркәсіп секторын инновациялық тұрғыдан дамыту шараларына назар аударды.
– Біз бәсекеге қабілетті экспорттық кәсіпорындарға негізделген индустрияландыруды жалғастыруға тиіспіз. Тауар жеткізу, қызмет көрсету және оларды тұтыну жөнінен жаһандық жүйеден орнымызды табуымыз қажет. Бұл мақсатқа трансұлттық компанияларды тарту арқылы қол жеткізе аламыз, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев әкімдер мен даму институттары басшыларының алдына отандық кәсіпорындарды одан әрі дамыту үшін инвесторлармен жұмысты жандандыру міндетін қойып, сөзінің соңында «Үшінші жаңғыру – бұл барлық әкімдіктер үшін, бүкіл мемлекет үшін күн тәртібіндегі басты мәселе. Өткен жылы Қарағанды облысына құйылған инвестиция 12 пайызға төмендеген. Облыста кәсіпкерлікті дамытуды, сенімді басқару мен қызмет көрсету келісімшарттарын қолға алу керек. Қарағанды – еліміздің экономикалық дамуының басты қозғалтқышы», − деді.
Жиын соңында Қарағанды облысының жаңа тағайындалған әкімі Ерлан Қошанов Қазақстан халқы мен ел Президентіне ант берді.
Мирас АСАН,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ