
Ержан Нұрланұлы – заманауи сурет өнерінің өкілі, түрлі бағыттарда еңбек етіп келе жатқан, атап айтқанда, граффити, каллиграфия, кескіндеме өнерінің майталманы, шығармалары
Қазақстан қалалары мен шет ел көрмелерінен орын алған жас суретші.
Жас болса да, сурет өнерімен топты жарып, қатарынан бір адым ілгері жүрген Ержан Нұрланұлының туындылары көптеген көрмелерге қойылып, ылғи да жүлделі болып жүрген жайы бар. Былайша айтқанда, жолы болғыш жігіт. Әрине, мұның бәрі Нұрланның талантының арқасында мүмкін болып отыр. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Елбасы – Қазақстанның Тұңғыш Президенті қорының ғимаратында өткен көрмеде «Креативтік» аталымы бойынша марапатталды. Сондай-ақ, 2016 жылы «Мұралы Алматы» халықаралық фестивалі, «Менің қалама – 1000 жыл» конкурсы, 2015-2016 жылдары өткен «Энергия лета» граффити конкурсы және тағы басқа көрмелерде суреттері қойылып, түрлі марапаттарға ие болды.
Жақында зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада Ержан Нұрланұлымен өткен кездесуде көпшілікке сурет өнерінің заманауи «граффити» түрі жайында ақпарат берді. Граффити италия тілінен аударғанда «тырнау» (царапать) деген мағынаны білдіреді. Бұл сурет өнерінің көбінесе көшеде қолданылатын түрі болып есептеледі.
Сурет қабырғаларға жай сөзден (ТЕГ) басталып, күрделі шығарма болып та қала көшелерінде орын алады. Граффити-суретшілер өздерінің шығармаларында көбінде лақап аттарын, мекенжайларын бейнелейді. Бояу ретінде спрей-арт, аэрозоль бояулары кең қолданылатындығын атап айтты.
Граффитидің алғашқы нұсқалары ежелгі грек қаласы Эфесте сақталған. Ал ежелгі орыс граффитиі Ресейде шіркеу қабырғаларында құдайға табынушылық дұғаларын жазуда қолданылған. Бұл өнер көбіне, тарихтың, лингвистиканың және палеографияның дерек көздері болып табылады.
– ХХ ғасырдың басында метрополитен, жүк пойыздары, жер асты жолдары қабырғаларына салынған граффити-суреттердің 1920 жылдардан бастап «Texino» деп аталатын түрі бізге де жетті. «Kilroy was here» фразасы толықтырылып бейнеленіп бүкіл әлемге тарады. Жалпы, Нью-Йорк қаласынан бастау алған граффити хип-хоп мәдениетімен тығыз байланысты, – дейді Ержан Нұрланұлы.
Кездесу барысында жас суретші өзінің граффити саласындағы еңбектерін фотошолу ретінде көрсетіп, екі деректі фильмді көрермендер назарына ұсынды.
Захра МАХАНОВА,
өнер және спорт әдебиеттері бөлімінің қызметкері