
УЕФА Чемпиондар лигасының 1/8 финалының барлық кездесулері аяқталды. Осы аптада тағы төрт ойын өтті. Ширек финалға шыққан «Барселона», «Реал», «Бавария», «Боруссия Д» командаларының қатарына «Лестер», «Монако», «Ювентус», «Атлетико» клубтары қосылды.
Футболдың табыс көзіне айналып кеткені жасырын емес. Чемпиондар лигасы да коммерциялық турнир. Мұндай жоғары дәрежелі бәсекеде қаржысы көп командалардың алысқа шабатыны жасырын емес. Өткен жылы күтпеген жерден Англия премьер-лигасын ұтып алған «Лестер» биыл Еуропаның беделді турнирінің үздік сегіздігінің қатарына еніп отыр.
«Лестер» топтық кезеңде «Брюгге», «Копенгаген», «Порту» секілді Еуропаның ортаңқол командаларын артқа тастап, плей-оффқа бірінші орынмен шықты. 1/8 финалда жеребе Испанияның «Севилья» клубымен жолықтырды. Үш жыл қатарынан Еуропа лигасын ұтып алған «Севильяны» бұл жұптың фавориті санағандар көп болды. Алғашқы ойында Пиреней түбегінің командасы 2:1 есебімен жеңіске жетті. Сол матчта алаң иелері сапынан Хоакин Корреа пенальти соға алмаған болатын.
Осы ойыннан кейін былтырғы жылғы «Лестердің» таңғажайып жетістігінің авторы, бас бапкер Клаудье Раньери қызметінен кетті. Оның орнына Крэйг Шекспир тағайындалды. Сырттан келген емес, клубтың өз ішінде жүріп жетілген маман. Сегіз жыл бойы «Лестер» клубының отымен кіріп, күлімен шыққан тәжірибелі бапкер.
Құдды Раньеридің кеткенін қалап жүргендей «Лестер» қатарынан үш кездесуде жеңіске жетіп үлгерді. Ішкі чемпионатта «Ливерпуль» мен «Хал Сити» клубтарын қапы қалдырды. Чемпиондар лигасында «Севильяның» осал тұсын тауып, келесі кезеңге жолдама алды. «Кинг Пауэр» стадионындағы ойында екі таймда екі гол соғылды. Алдымен Марездің пасын қорғаушы Уэсли Морган өз керегіне жаратты. Үзілістен кейін Марк Олбрайтон мергендік танытты. Матчтың 74-минутында Вардидің арандатуына алданып қалған Самри Насри екінші сары қағазын алып, алаңнан қуылды. Сөйтіп, «Севилья» 10 ойыншымен қалды. Дегенмен, есепті қысқартатын мүмкіндіктері болған еді. Алайда, бұл жолы пенальтиден Стивен Н’Зонзи мүлт кетті. Сөйтіп, «Лестер» қақпашысы Каспер Шмейхель екі матчта қатарынан пенальти қайтарды.
Туриннің «Ювентус» командасына жеребе жолдас болған тәрізді. Массимилиано Аллегри шәкірттері «Портумен» кездесіп, екі ойында 3 гол соғып, қақпаларын «құрғақ» ұстады. Жауапты ойында Дибаланың пенальтиден соққан голы алаң иелеріне жеңіс әкелді. Португалияның екі командасы да жарысты 1/8 финалдан аяқтады. Мұның алдында «Бенфика» Германияның «Боруссия Д» клубына жол берген болатын.
«Лестер» секілді алғашқы ойында ұтылғанымен, қарымта матчта мәселені шешіп, ширек финалға жолдама алғандардың қатарында «Монако» да бар. Алғашқы кездесуде Хосеп Гвардиола жаттықтыратын «Манчестер Ситиге» (5:3) есе жіберген Франция клубы бұл жолы ағылшындарды 3:1 есебімен ұтты. Екі команданың голдарының бірдей болғанымен, өз алаңында бір ғана доп жіберген «Монако» келесі кезеңге өтті.
Еуропадағы футбол мамандары «Анридің ізбасары» деп атап жүрген 18 жастағы шабуылшы Киллиан Мбаппе бұл ойында да көзге түсті.
Бір кездері 160 миллион еуроға Фалькао, Хамес Родригес, Жоау Моутинью секілді жұлдыздарды сатып алып, суперклуб жасағысы келген «Монако» президенті Дмитрий Рыболовлев 2014 жылы бұл көзқарасын өзгертті. Бұрынғыдай жұлдыздарды емес, академия түлектеріне назар аудару керектігін түсінді. Сол философия көп уақыт өтпей, өз жемісін бере бастады.
Биылғы маусымда «Монаконың» шабуыл шебі Еуропада тек «Барселонаға» ғана жол береді. Әйтпесе, 29 ойында 84 гол соғып, төске өрлеп тұр. Қазірдің өзінде Бернарду Силва, Фабиньо, Тьемуэ Бакайоко, Тома Лемар, Бенжамен Менди, Киллиан Мбаппе секілді таланттарға «Реал», «Манчестер Юнайтед», «Арсенал» секілді командалар ерекше қызығушылық танытып жатыр. Аталған жас футболшылар «Манчестер Ситидің» Агуэро, Давид Сильва, Кевин де Брейне бастаған жұлдыздарын тоқтата алды. Мұндайда тек ризалықпен қол соғу керек шығар!
Соңғы жұпта «Атлетико» мен «Байер» кездесті. Бар мәселе Германиядағы алғашқы ойында 4:2 есебімен шешіліп қойған болатын. Сондықтан, Мадрид командасы гол соғуға асықпады. Ал қорғаныста сауатты ойнап, келесі кезеңге өтті.
Бек ТӨЛЕУОВ,
журналист
АСТАНА