Өзім саясаттану саласы бойынша маманмын. Осы салада докторлық қорғап, қазіргі жастардың мәдениетін, олардың қоғамдағы белсенділігін, саяси құндылықтарының қалыптасу мәселелерін зерттеп жүрмін. Өткен жылы АҚШ-тың Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасы аясында шақырылған профессор ретінде бір жыл зерттеумен айналыстым. Сол зерттеулер аясында ғылыми мақалаларым халықаралық беделді журналда жарық көрді. АҚШ-та оқып жүргенде «The Diplomat» атты журналға «Димаш феномені және қазақстандық жұмсақ күш» деген аналитикалық мақала шығардық. Яғни Димаш Құдайбергеннің феномен ретінде әлемге танылуы туралы жаздық. Бұл мақала Димаштың жанкүйерлері тарапынан жылы қабылданды.
Аталған журналға «Қазақстанның көпвекторлы саясаты және Тоқаевтың ондағы рөлі» атты мақалам да жарық көрді. Бүгінгі кездесуде Президент ғылымға қатысты жаңа бір бастама көтерді. Өткен жолы Қожа Ахмет Ясауи атындағы сыйлық тағайындаған болатын. Енді Әл-Фараби атындағы тағы бір сыйлық тағайындалатын болды. Бұл марапат ғылым саласына ерен еңбегі сіңген ғалымдарға беріледі. Бұл да бір жаңалықтың бастауы.
Жеңісбек ТӨЛЕН,
Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясы
Білім және қоғамды дамыту орталығының басшысы, PhD