
Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысындағы сапарын Өскеменнен кейін кеше Семей қаласында жалғастырды. Облыс әкімі Даниал Ахметов Премьер-Министрді әуежайда атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстырды.
Алдағы уақытта ұшақтар ұшып-қонатын алаң 2,7 шақырымнан 3,3 шақырымға дейін ұзартылмақ. Және жаңадан апаттан құтқару стансасы іске қосылатын болды. Сондай-ақ, ішкі коммуникация жүйесі толығымен жөнделеді. Бақытжан Сағынтаев қазіргі уақытта халық сұранысына қандай рейстер бар екендігін сұрады. Облыс әкімінің орынбасары С.Ахтанов Астана, Алматы, Новосібір, Мәскеу бағыттарына сұраныс өтеліп тұрғандығынан хабардар етті.
Семей қаласының әуежайы «В» категориясына жатады. Оның ауданы – 3 500 шаршы метр. Аэрожүйе жұмысын 136 адам атқарады. Бұл әуежай 1982 жылы іске қосылған. Әуежай жылына 70 мың жолаушыға қызмет көрсете алады, оның ішінде 80 пайызы ішкі әуе қатынасы десек, халықаралық байланыс үлесінде – 20 пайыз. Бүгінде түрлі көлік инфрақұрылымы басты назарда. Мұндай жерлерде қатаң бақылау жүргізу, жолаушы азаматтардың еркін жүріп-тұруына мейлінше жағдай жасау – Елбасы тапсырмасымен қолға алынған шаруалардың бірі. Осы нысанның директоры Нұртай Оспановтың айтуынша, күрделі жөндеу үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қазынадан 10 млрд 400 млн теңге бөлінген. Биыл жыл соңына дейін 331 млн теңгесі игерілуі тиіс. Күрделі жөндеуден өткен соң, ол толыққанды жұмыс атқармақ.
Бұдан соң Үкімет басшысы қаланың ең ірі жылу орталығы – ЖЭО-1-де атқарылып жатқан жұмыстар легін көрді. Қаланың сол жағалауын жылумен толық қамтитын Семейдегі осы ЖЭО-1 бүгінде жақсы жұмыс істеп тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылумен қамтамасыз ету нысандарында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қуаты 342 Гкал/сағ болатын ЖЭО-1-дің жұмыс көлемі айтарлықтай, маңайындағы тұрғын үйлердің 70 пайызын және сол жақ жағалаудағы әкімшілік ғимараттарды, атап айтқанда, 324 мың көп қабатты үйді, 41 әлеуметтік нысанды, 21 974 тұрғынды жылумен қамтамасыз етеді. Жылу желілерінің ұзындығы 86,3 шақырымды құрап отыр.
Және осы сапары барысында Бақытжан Сағынтаевқа ЖЭО-3-тің құрылысы жайлы да айтылды. ЖЭО-3 осы аймақтағы ең ірі нысан болмақ. Қазіргі уақытта техника-экономикалық негіздеме мен мемлекеттік сараптама қорытындысы дайын. Бұл жоба іске асырылса, қала қаптаған ескі қазандықтардан құтылатын болады.
Одан соң Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Назарбаев зияткерлік мектебінің жаңадан ашылған ғимаратында болды. Бұл нысан 2016 жылдың желтоқсан айында пайдалануға берілген. Бақытжан Сағынтаев мектептегі өзін өзі тану кабинеттері мен нанотехнология, биотехнология, еңбек пәніне арналған сыныптарды, асхана және кітапхана бөлмелерін көрді. Мектеп директоры Б.Қайыржанов жаңа жетістіктер жайлы әңгімелеп берді. Бұл ғимарат 720 оқушыға арналған және 120 жатын орындық интернатпен жалғанған. Ол алыс ауылдан келіп оқитын талантты балаларға арналған. Жеті жыл ішінде мектепті 466 түлек бітірді, оның 34-і «Алтын белгі» иегелерлері, үздік аттестатқа 22 адам қол жеткізді.
Мектеп түлектері өз білімдерін еліміздің маңдайалды оқу орындарында жалғастырды. Шетелде білім алып жатқандар да жеткілікті. Түлектердің ішінде Назарбаев Университетте 156 түлек тәлім алып жатса, еліміздің жоғары оқу орындарында – 283, ал шетелдерде 26 студент білімін шыңдауда. Оқушылар Кембридж универитетінің білім беру жүйесімен оқып, әлемдік озық білім деңгейін меңгеруде.
Үкімет басшысы бұдан кейін Абай кітапханасында болып, онда қаланың зиялы қауымы, ардагер-ақсақалдар, түрлі қоғамдық ұйымдар өкілдерімен кездесті. Жүздесуде Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амантай Доғалақов, «Сәт транс» ЖШС директоры Нұрлан Байбеков, электр техникалық колледж директоры Азат Сарпеков, Семей қаласындағы №7 мектеп-лицейдің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Марина Устюжанинова, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері Насен Сембаев пен Дүйсен Сұлтанов т.б. сөз сөйледі.
Премьер-Министр жиынды қорытындылай келе облыс, қала басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей