
Үстіміздегі жылғы 10 наурызда Республика Президенті Парламент 2017 жылғы 6 наурызда қабылдаған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Еліміздің егемен дамуының 25 жылдық тәжірибесіне, жаппай танылған конституционализм қағидаттарына, халықтың пікірін және ұлттық ерекшеліктерді кеңінен ескеруге негізделген конституциялық реформа мемлекеттің саяси-құқықтық дамуындағы жаңа парақты ашты. Мемлекет басшысының бастамасымен өткізілген бүкілхалықтық талқылау Конституцияға енгізіліп отырған әрбірі қадау-қадау міндеттерді шешуге бағытталған түзетулердің мән-мағынасын тереңінен түйсінуге мүмкіндік берді, сол талқылау қорытындылары бойынша алдағы реформаның кескін-келбеті түпкілікті айқындалды.
Қабылданған жаңалықтардың айрықша маңыздылығын ескере отырып, ел Президенті Заңды Республика Конституциясына, оның ішінде Конституцияда белгіленген құндылықтарға және Республика қызметінің түбегейлі принциптеріне, оны басқару нысанына сәйкестігіне тексеру туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдады.
Конституциялық Кеңес Заңның Конституцияға сәйкес келетінін және жоғарыда аталған институттар мен құндылықтарға нұқсан келтірмейтінін растады.
Еліміздің шетелдік әріптестері де жоғары баға беруде. Еуропа Кеңесінің Құқық арқылы демократия үшін Еуропалық комиссиясы (Венеция комиссиясы) өзінің 110-шы жалпы сессиясында қорытынды қабылдап, онда Қазақстандағы конституциялық өзгерістер мемлекетті демократияландыру процесіндегі алға басылған қадам деп атап көрсетіледі. Реформа елдің одан әрі дамуына дұрыс бағыт береді және айқын прогрестің айғағы болып табылады. Комиссияның пікірінше, тұтас алғанда Парламенттің және атап айтқанда, Парламент палаталарының рөлін көтеру, Республика Президентінің кейбір функцияларын Үкіметке беру, оның Парламентке есеп беру және бақылауында болу механизмдерін күшейту 1998 және 2007 жылдары өткізілген бұдан бұрынғы конституциялық реформалардың логикасына сәйкес келетін оң өзгеріс болып табылады.
Заңның мазмұнынан келіп туындайтыны – өзгерістер мен толықтырулар Конституцияның барлық бөлімдеріне енгізіледі.
Конституцияның 4-бабы 3-тармағының жаңа редакциясы ұлттық құқық пен халықаралық актілердің өзара іс-қимылында жинақталған тәжірибені ескере отырып қабылданған. Енді ол былай жазылған: «Республика бекіткен халықаралық шарттардың Республика заңдарынан басымдығы болады. Қазақстан қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылу тәртібі мен талаптары Республиканың заңнамасында айқындалады». Бұл конституциялық ережелер Республиканың мойнына алған халықаралық міндеттемелерін одан әрі орындауын қамтамасыз етеді және, Қазақстан Республикасы 1993 жылғы 31 наурызда қосылған, Халықаралық шарттардың құқығы туралы 1969 жылғы Вена Конвенциясына, атап айтқанда, онда белгіленген «pacta sunt servanda» – қолданыстағы әрбір шарт оған қатысушылар үшін міндетті және олар тарапынан адал орындалуы тиіс (26-бап) деген принципке сай келеді.
Конституциялық Кеңестің 2000 жылғы 11 қазандағы № 18/2 және 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 нормативтік қаулыларында Халықаралық шарттардың құқығы туралы Вена Конвенциясы «шарттарды орындаудың тәртібін айқындамайды. Бұл мемлекеттердің айрықша конституциялық және заң шығарушылық құзыретіне жатады және халықаралық құқықтың жалпыға бірдей танылған принципі – мемлекеттердің егемен теңдігінен келіп шығады» деп атап өтіледі.
Конституцияның 2-бабын «Астана қаласының шегінде конституциялық заңға сәйкес қаржы саласында ерекше құқықтық режим белгіленуі мүмкін» деген 3-1-тармақпен толықтыру елорда аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы құрылуымен және оның тиімді қызмет істеуін қамтамасыз ету қажеттігімен байланысты.
Азаматтық мәселелер бойынша енгізілген өзгерістер мен толықтырулар (10-баптың 2-тармағы) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын шектеудің конституциялық өлшемдері мен негіздеріне (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы және 3-тармағының жаңа редакциясы), сондай-ақ, БҰҰ шеңберінде қабылданған халықаралық актілерге сәйкес келеді. Мәселен, Азаматтығы жоқтықты қысқарту туралы 1961 жылғы 30 тамыздағы Конвенцияда мемлекет кез келген адамды ұлттық заңнамада көзделген негіздер бойынша, атап айтқанда, егер бұл адамның жүріс-тұрысы осы мемлекеттің өмірлік маңызы мүдделеріне елеулі зиян келтіретін болса, өзінің азаматтығынан айыруға құқылы, деп атап көрсетілген (8-бап).
Еуропа Кеңесі Венеция комиссиясының Францияның «Ұлтты қорғау туралы» конституциялық заңының жобасы бойынша қорытындысында (106-шы сессиясында қабылданған), мемлекеттің өмірлік маңызды мүдделеріне елеулі залал келтірген жағдайларда азаматтықты жоғалту халықаралық құқыққа сай ұлттық заңнамамен көзделуі мүмкін. Мемлекеттер бұл шараны ерекше жағдайларда ғана және Азаматтығы жоқтықты қысқарту туралы 1961 жылғы 30 тамыздағы Конвенцияның 8.3.-бабының тікелей талаптарын сақтай отырып қолдануы мүмкін. Венеция комиссиясы атап өткендей, қосалқы санкция ретінде азаматтықтан айыру Мемлекеттік кеңестің шешімін орындау мақсатындағы декретпен емес, сотпен немесе қылмыстық істер жөніндегі судьямен, не болмаса террористік істер жөніндегі мамандандырылған судьямен қолданылуға тиіс. Қазақстан Конституциясының 10-бабы 2-тармағының жаңа редакциясы Венеция комиссиясының осы аталған ұсыныстарын ескере отырып тұжырымдалған.
Конституцияның 39-бабының 2-тармағына енгізілген, ұлтаралық татулықты ғана емес, конфессияаралық татулықты да бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады, деген толықтыру қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, қазақстандық патриотизм секілді Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің (Конституцияның 1-бабының 2-тармағы) мазмұнынан қисынды түрде туындайды және түрлі ұлттар мен конфессиялардың бейбіт қатар өмір сүруіне Негізгі Заңның 5-бабының 3-тармағында, 14-бабының 2-тармағында, 20-бабының 3-тармағында және 40-бабының 2-тармағында көзделген өзге де кепілдіктерді толықтыра түседі.
Заңмен айрықша қорғалатын конституциялық құндылықтар тізбесі кеңейтілген: «Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, сондай-ақ, тәуелсіз Қазақстанның Негізін салушы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы іргесін қалаған Республика қызметінің түбегейлі принциптері және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәртебесі өзгермейді» (Конституцияның 91-бабының 2-тармағы). Конституциялық Кеңес өзінің шешімінде атап өткендей, сол арқылы, өзінің конституциялық мәртебесі мен жеке қасиеттері арқасында егемен Қазақстанның, оның ішінде Негізгі Заңның конституциялық құндылықтары және Республика қызметінің түбегейлі принциптері қалыптасуы мен дамуына шешуші үлес қосқан; Қазақстанның бірлігі, Конституциясы, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары қорғалуын қамтамасыз еткен Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің Негізін салушы ретіндегі тарихи миссиясы конституциялық жолмен расталады. Заңда Конституцияға енгізілетін өзгерістерді республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарғанға дейін олардың бұл талапқа сәйкестігі туралы Конституциялық Кеңестің шешімін міндетті түрде алу қарастырылған.
Түзетулер арқылы мемлекеттің құқық қорғаушылық әлеуеті едәуір күшейтілген. Республика Президентіне күшіне енген заңды немесе өзге де құқықтық актіні Конституцияға сәйкестігіне қарау туралы Конституциялық Кеңеске өтініш жолдауға құқық берілуі адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, егемендігі мен тұтастығын қамтамасыз ету мүддесімен байланыстырылады, ал бұл Конституцияның 40-бабында бекітілген Мемлекет басшысының конституциялық-құқықтық мәртебесінен келіп туындайды.
Республика Президентінің Конституциялық Кеңес шешімдеріне қарсылық білдіру құқығы қарастырылған және оларды қараудың тәртібі мен салдарын реттеген Конституцияның 73-бабының 4-тармағы Мемлекет басшысының бастамасымен алынып тасталды. Конституциялық Кеңесті күшейтуге бағытталып қабылданған бұл шешімді біз Республика Президенті тарапынан Конституциялық Кеңеске білдірілген жоғары сенім деп қабылдаймыз, конституциялық бақылау органының жауапкершілігі еселеніп, қызметіне қойылатын талап күшейе түсетінін оның ұжымы терең түсінеді. Шетелдік сарапшылардың көпшілігі атап өткендей, бұл конституциялық түзетулердің арқасында Қазақстанның Конституциялық Кеңесі енді өзінің құзыреті бойынша еуропалық елдердің бірқатарының конституциялық соттарымен теңесті.
Республикадағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру, оны тағайындау мен қызметінен босатудың тәртібін реттеу Конституцияның 1-бабы 1-тармағының және 12-бабы 2-тармағының Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары, деген ережелеріне сай келеді.
Омбудсман туралы ережелер мынадай бірқатар елдердің: Албанияның (60-63-баптар), Австрияның (148а-148-баптар), Хорватияның (93-бап), Эстонияның (139-145-баптар), Финляндияның (108-113-баптар), Грузияның (43-бап), Венгрияның (43/В-бап), Польшаның (208-212-баптар), Румынияның (58-60-баптар), Ресейдің (103-бап), Словакияның (151а-бап), Словенияның (159-бап), Испанияның (54-бап), Швецияның (13-тарау, 6-бап) және т.б. елдердің конституцияларында бар.
Венеция комиссиясының Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі туралы қорытындысында (2007 жыл) Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мекемесі конституциялық деңгейдегі кепілдіктерге ие болуға тиіс, бұл кепілдіктерде Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мекемесінің сипаттамасы мен өкілеттігінің мән-жайы және тағайындалуының негізгі шарты ретінде бұл адамның айқын көпшілік дауыспен Парламентте сайлануы көзделген.
Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидаттарға қойылатын талаптардың күшейтілуі, атап айтқанда, жоғары білімі болуы керектігі туралы талаптың енгізілуі (Заңның 1-бабының 5-тармағы) негізді болып табылады. Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 9 сәуірдегі № 5 нормативтік қаулысында, өздерінің бәсең сайлау құқығын іске асыратын еліміздің азаматтарына Конституцияда қойылатын талап сайлаушылардың қалған көпшілігіне қарағанда едәуір жоғары, өйткені олар заң шығару және мемлекеттік маңызды шешімдер қабылдау жауапкершілігін арқалайды, деп түсіндірілген.
Заңмен Парламент пен Үкіметтің рөлін, дербестігін және жауапкершілігін күшейту, жекелеген өкілеттіктерді Президенттің, Парламенттің және Үкіметтің арасында қайта бөлу арқылы президенттік басқару нысанын демократиялық жаңғырту жүзеге асырылды.
Конституцияның 49-бабының жаңартылған 1-тармағына сәйкес Парламент – «Қазақстан Республикасының заң шығару билігiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы». Бұл маңызды ереже Мемлекет басшысының заңдар, заң күші бар жарлықтар шығару жөніндегі; Парламент оларды өзіне берген жағдайда заң шығару өкілеттіктерін жүзеге асыру жөніндегі, сондай-ақ, Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсыру жөніндегі өзінің өкілеттіктерінен (Конституцияның 45-бабының 2-тармағы, 61-бабының 2-тармағы, Конституцияның 44-бабының 3) тармақшасы) бас тартуы арқылы нақтыланды. Сонымен бірге, Республика Президентінің заңдар жобаларын қараудың басымдығын белгiлеуге құқығы сақталады, бұл тиісті заң жобалары бірінші кезектегі тәртіппен екі ай ішінде қабылдануға тиіс екенін бiлдiредi (Конституцияның 61-бабының 2-тармағы).
Заңмен Парламент Мәжілісінің Үкіметті жасақтаудағы рөлі кеңейтілді. Премьер-Министр Парламент Мәжілісімен консультациялардан кейін Мемлекет басшысына Үкімет мүшелерінің кандидатуралары туралы ұсыныс енгізеді. Президент қызметке дербес тағайындап, қызметтен босататын сыртқы істер, қорғаныс және ішкі істер министрлері лауазымдары үшін өзгешелік көзделген (Конституцияның 44-бабы 3) тармақшасының жаңа редакциясы).
Үкіметтің жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында өз өкілеттігін доғаруын белгілейтін норма өте маңызды жаңалық болып табылады (Конституцияның 70-бабының 1-тармағына өзгеріс), Үкімет Мәжілісте өкілдігі бар саяси партиялардың белсенді түрде қатысуымен құралатын жағдайда бұл әбден қисынды.
Парламент пен оның палаталарының Үкіметтің және Үкімет мүшелерінің қызметін бақылайтын өкілеттіктері едәуір күшейтілді. Осы мақсатта, Үкімет өзінің қызметінде Республика Президентінің де, Парламенттің де алдында жауапты деп белгіленді. Премьер-Министр енді бұдан былай Үкімет қызметінің негізгі бағыттары жөнінде және оның аса маңызды барлық шешімдері жөнінде Президентке ғана емес, Парламентке де баяндап отыруға міндетті. Парламент палаталарына Үкімет мүшесінің есебін тыңдау қорытындысы бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екі көпшілік даусымен оны қызметінен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасау құқығы берілді. Мұндай жағдайда Мемлекет басшысы Үкімет мүшесін қызметінен босатады.
Республика Президентінің Үкімет пен Премьер-Министр актілерінің күшін жою, не қолданылуын тоқтата тұру құқығы алынып тасталды, бұл Үкіметтің дербестігін, сонымен бірге жауапкершілігін күшейте түседі.
Мемлекет басшысының мемлекеттік бағдарламаларды және мемлекеттік бюджет есебінен қамтылатын барлық органдар үшін қаржыландырудың және қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту жөніндегі өкілеттіктері Үкіметке берілді, оларды Үкімет Республика Президентiнің келісімімен іске асыратын болады.
Конституцияның 86-бабында жаңа талап енгізілген, оған сай мәслихаттың өкілеттігін мерзімінен бұрын Республика Президенті Премьер-Министрмен және Парламент палаталарының төрағаларымен консультациялардан кейін тоқтатады, бұл, осындай шешім қабылдау кезінде оның заңдылығы мен негізділігін қамтамасыз етуге бағытталған алқалылық элементтері пайда болады дегенді білдіреді.
Өзге әкімшілік-аумақтық бөліністердің әкімдерін қызметке тағайындаудың немесе сайлаудың, сондай-ақ, қызметінен босатудың тәртібін айқындау өкілеттігі белгілі бір шамада Мемлекет басшысынан Парламентке беріледі, Парламент оны заң қабылдау арқылы жүзеге асыратын болады.
Реформа сот жүйесі мен прокуратураның конституциялық негіздерін реттейді. Конституцияның 79-бабының 3-тармағында Республика соттарының судьяларына қойылатын талаптар конституциялық заңда айқындалады деп белгіленген.
Негізгі Заңның 81-бабының жаңа редакциясы Жоғарғы Соттың функцияларын нақтылауды көздейді – жергілікті және басқа да соттардың қызметін қадағалауды жүзеге асыру туралы ереженің орнына, Жоғарғы Сот заңда көзделген жағдайларда өзінің соттылығына жататын сот істерін қарайды, деп айқындалған.
Бұл орайда Республика Президентінің мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін мемлекеттің ең жоғары лауазымды тұлғасы; халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі; мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін Мемлекет басшысы ретіндегі функциялары сақталады (Конституцияның 40-бабы).
Конституцияның 83-бабы 1-тармағының қабылданған редакциясында прокуратура мемлекет атынан заңдылықтың сақталуына заңда белгіленген шекте және нысандарда жоғары қадағалауды жүзеге асырады деп бекітілген, сондай-ақ, сотта мемлекеттің мүддесiн бiлдiредi және мемлекет атынан қылмыстық қудалауды жүзеге асырады деп тікелей көрсетілген. Сол арқылы, прокурорлық қадағалаудың сұлбасы нақтырақ айқындалып, оның шектері заңда айқындалатын болады. Бұл Конституцияға қайта-қайта түзетулер енгізбей-ақ, прокуратура өкілеттігінің көлемін реттеуге мүмкіндік береді.
Бұл шаралардың бәрі құқық қорғау жүйесін жаңғырту кезінде оқтын-оқтын туындап отыратын проблемаларды алып тастауға, сондай-ақ, қайта өзгертулерді тереңдету үшін конституциялық негіз жасауға мүмкіндік береді.
Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу, Конституциялық Кеңес атап өткендей, президенттік басқару нысанының негіздеріне және Республика Президентінің мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, мемлекеттік биліктің барлық тармағының келісіп жұмыс істеуін және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз ететін Республиканың ең жоғары лауазымды тұлғасы, халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрі кепілі ретіндегі мәртебесіне нұқсан келтірмейді.
Бүкілхалықтық талқылауға шығарылған түзетулердің бәрі бірдей қабылданған жоқ. Қоғамның белгілі бір бөлігі теріс қабылдағанын ескере отырып, Мемлекет басшысы Конституцияның 26-бабына өзгерістерді алып тастау және оның қолданыстағы редакциясын сақтау туралы шешім қабылдады. Бұл бапқа ұсынылған түзетулер заң тұрғысынан дұрыс болғанын атап өткен жөн. Венеция комиссиясы өзінің қорытындысында Конституцияның 26-бабына меншік құқығы мәселелері бойынша түзетулердің Парламентке енгізілер тұста алынып тасталғанына өкініш білдірді, оның есептеуінше, бұл түзетулер халықаралық стандарттарға сай келеді.
Республика Президенті Парламентте сөз сөйлеп тұрып, бұл мәселені егжей-тегжейлі зерттеу, түсіндіру жұмысын жүргізу, сөйтіп барып бір ортақ мәмілеге келу қажеттігіне назар аударған болатын, содан кейін тиісті шаралар айқындалатын болады.
Жүргізіліп отырған реформалар тұрғысынан алғанда, Қазақстанның қазіргі дамуы жағдайында конституционализмнің идеялары мен принциптерін, олардың таралу деңгейі мен ұлттық заңнамада іске асырылу динамикасын терең түйсіну қажет. Бұл құқықтық постулаттар іске асуының негізгі нысаны ретінде Конституция түбегейлі қоғамдық қатынастарды реттейтін ең жоғары саяси-құқықтық акт болып табылады, сондықтан жаһандық сын-қатерлерге және мемлекет дамуының қажеттілігіне сәйкес оны одан әрі жетілдіріп отыру қажет. Мемлекеттің Негізгі Заңының мазмұнында жалпы адами да, ұлттық та асыл мұраттар көрсетіліп, қоғам мен мемлекет тіршілігінің әлеуметтік-экономикалық, саяси, мәдени-гуманитарлық және өзге де салалардағы сұраныстарына сай болуға тиіс.
25 қаңтарда халыққа арнаған Үндеуінде Мемлекет басшысы былай деп атап өткен болатын: «Реформалар бағдарламасы – бұл Қазақстан қай бағытта барады деген сұраққа біздің жауабымыз. Жауап айқын әрі дәйекті – демократиялық даму жағына».
Игорь РОГОВ,
Қазақстан Республикасы
Конституциялық
Кеңесінің Төрағасы