
«Жердің көркі тал болар» дейміз, «Артыңда мал қалғанша, тал қалсын» дейтініміз және бар. Сол талдың, орманның мәнін түсіндіріп жату да артықтау шығар. Ел сол ағашқа, орманға көміліп жатса, жері жақсы екен дейміз. Жері жақсы болған соң, елі де жақсы. Сол жақсылық адамдарға байланысты. Орман-тоғайын күтпесе, ел сол байлығынан айырылады. Ал халқы сол тал-дараққа, орман-тоғайына қамқор болса, ондай елдің жасыл желегі, көк көрпесі кеңейе түседі.
Біздің еліміз аумағының тек 4,6 пайызы ғана орманды екен. Бұл 28 млн гектар. Сырт қарағанда аз емес сияқты. Бірақ жеріміз үлкен ғой. Халқымыздың көпшілігі сол жасыл желектен сырт жақта тұрады. Оның үстіне сол орман дегеніміздің бәрі сыңсыған биік ағашты орман емес екен. Ағашы сиректеу сексеуілді аймақ, түрлі өзен-көл аймағындағы бұталы тоғайлар да орманға қосылады. Шын мәніндегі еменді, қарағайлы, шыршалы, қайыңды сыңсыған орман 1,2 пайыз ғана көрінеді. Аз, өте аз.
Әсте де бізде ормандарымыз қорғаусыз, күтімсіз қалды, сұғанақ қолға олжа болып жатыр деуден аулақпыз. Ауыл шаруашылығы министрлігінде орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті бар. Есеп жүргізіп қана қоймайды, шаралар да жүргізеді. Ағаштар егіледі, белгілі дәрежеде орманның көлемі аз да болса, жыл сайын ұлғайып жатады. Іздегенге жап-жақсы тәжірибелеріміз де бар. Айталық, Астана қаласының айналасындағы орманды алқаптарды әлемдегі ең үздік тәжірибелер қатарына қосуға болар еді. Бірақ бұл үлкен қаржымен жүзеге асып жатқан іс. Ондай шараларды жаппай жүзеге асыру қиын. Бізді қызықтыратыны − алдымен қоғамды қатыстыра отырып тындыруға болатын шаралар. Сонда оның материалдық сипатынан бұрын қоғамдық сипаты жоғарырақ тұрар еді.
Қай жерге, қай өңірге барсаң да, елді мекендерде түрлі көрініске тап боласың: бір үйдің ауласында ағаш өсіп тұрады, екінші үй жасыл желегі жоқ, жып-жылмақай, сұрықсыздау. Соған қарап-ақ үй иелерін танығандай да боласың. Рас, бір өңірде сол ағаш өсіру, оны күту айтарлықтай тауқыметі бар шаруа. Су да тапшы болуы мүмкін, көшетін табу да оңай болмас. Әңгіме сонда ғой. Біреулер сол қиындыққа қарамай өсіреді, сонысы үшін де бағалы.
Ертеректе ұлы Абай еліне, Қарауыл ауылына жиірек баратынбыз. Сонда сырттан келген қонақтарды қасиетті шаңырақ – жазушы Кәмен Оразалин үйінің бойшаң теректері алыстан қарсы алатын. Сол теректер «Абайдан соң» романдарының кейіпкері ұлы Мұхтар Әуезовті де талай қарсы алған. Бұл ауылда біраз үйде осындай теректер өсіп тұр. «Кәкеңнің өнегесі ғой» дер еді аудан басшылары. Ағып жатқан су жоқ, тастақ жерде құдықтан су тартып суарады. Біраз бейнеті бар істі жүзеге асыруды көкірегі ояу жазушы ағамыз өзіне парыз санаған.
Мұндай мысалдарды еліміздің әр аймағынан кездестіруге болады. Сол Шығыс Қазақстан облысының Тарбағатай тауының теріскей бөктеріндегі Ақсуат ауылында Байғали Бұтабаев ақсақалдың жеміс бағын көріп, таңданғанбыз. Жай ағаш емес, жеміс бағын өсіріп, жемісін жұртқа жегізіп отырды. Өзі қоршап алған жерде бұл аймақта жоқ басқа дүние орнатқан. Жұрттың бәрі сондай болса, өміріміз көркейе түсер еді деген ой бірден көңілге оралады.
Қиыр оңтүстігімізде Мақтаарал деген аудан бар. Жаз бойы аптап ыстық басылмайды. Сонда жұрттың, тіпті малдың да, жанын сақтайтын ағаш, ағаштардың көлеңкесі. Содан да бұл өңірде басқа жерге қарағанда ағаш көп. Сөйтсе де сол ағаштар өзі өсе салмайды. Адамдар егеді, өсіреді. Аудан орталығы Жетісай қаласынан Шардараға қарай жолда канал бойында қалың ну бар. Жұрт оны Шалғынбайдың бағы дейді. Өткен-кеткен аялдап, көлеңкелесін деп алдымен оншақты түп тал ексе керек. Кейін қолы қалт еткенде сол ағаштардан шыбық кесіп алып, еге берген, еге берген. Содан үлкен баққа айналған. Шақаң бұл үшін ешкімнен ақы да сұрамаған, атым шықсын да демеген. Бұл өңірде біраз ауқатты адамдар да өткен. Туыстары болмаса, оларды ешкім білмейді. Ал Шалғынбайды жұрттың бәрі біледі. Артыңда мал қалғанша, тал қалсын деген, сірә, осындайдан айтылған шығар.
Ағаш егіп атын шығарғандар, елдің алғысын алғандар бұрын болғанына мысал баршылық. Қазір де бар. Бар болғанда, үлкен құрмет көрсетіп, ертең елдің аузында қалатын адам мынау деп көрсететіндері де бар. Бұл жерде көзіқарақты адамның бәрі білетін, әсіресе, экологияға қатысы барлардың, жерін көркейтуді парыз санайтындардың бәрі білетін іскер қызымыз Гөзел Құлжабаева көңілімізге алдымен оралады. Тым артық айтқан жоқпыз ба, мен білмеуші едім дейтіндер де табылар. Оларға айтар уәж: білгеніңіз жөн-ау, сол қызымыздың өнегелі ісін біліп қана қоймай, лайықты бағалайық та дегің келеді.
Осы Гөзел қарындасымыздың ісін көріп, бір адамның қолынан да осынша көп нәрсе келеді екен-ау дейсің. Ол кезінде мектепте еңбек пәнінен сабақ берген. Содан гүл егуге аңсары ауды. Оны кәсіпке айналдырды. Алматыдағы талай мектеп, тұрғын үйлер, кеңселер аулалары Гөзел қыздың қатысымен гүлге оранды. «Гүлстан» дейтін тамаша журнал шығарды. Бұл өз алдына жеке әңгіме. Бүгінгі біздің айтпағымыз оның басқа бір қыры – Алматы облысы, Кербұлақ ауданындағы өз ауылы Басшиді орманға, бау-бақшаға орағаны, перзенттік парызын басқалардай ауылын ұмытпаумен ғана шектемей, жасыл желекке бөлегені. Мұндай іс тіпті қолға алған күнде де ондаған адамның қолынан келмес. Ал Гөзел қыз оны жалғыз өзі жүзеге асырып отыр.
Осыдан 7-8 жыл бұрын Гөзел өз ауылына барып, ондағы ел басшыларына ауылды айналдыра көктерек егуді ұсынғанда, оған көпшілігі күмәндана қараған. Құлшынып құптағандар бола қоймаған. Әсіресе, оған біршама қаржы қажеттігі алға тосылып, оның көзі жоқтығын айтқан. Ауылын жанымен сүйетін қыз қаржыны да тапты, істің көзін де тапты. Істің оңға басқанын аңғарған ауыл енді сол қыздарына бет бұрды. Ауыл басшылары, жастар қолдады, мектеп оқушылары көмекке келді. Соның бәрін ежіктеп айтсақ, әңгіме тым ұзап кетеді. Қысқасы былай: 2011 жылы 2 гектар жерге қарағай көшеттері отырғызылды, 7 гектар жерге көктерек шыбықтары шаншылды, 2013 жылы атақты әнші Нұрғали Нүсіпжанов атындағы 5 гектар жерге алма бағының, 10 гектар жерге «Батыр аналар» саябағының іргесі қаланды. Былтыр олардың қатарына «Абай бағы» қосылды.
Қылқан жапырақты ағаштар баяу өседі. Сөйтсе де бүгін олар кісі бойына жетеғабыл. Ал көктерек жерді көмкеріп, желдің екпінін басатын халге жеткен. Ертең олар өздерін өмірге әкелген Гөзел Құлжабаеваның алтын қолы жайында әлемге жар салып айтып тұрады. Баршамыз, әкімшілік дейтін қауым, одан да биігіректегі билік жағы да соны көрсе, азаматтың еңбегіне тиісті баға берсе, лайықты құрмет те көрсетілсе, Гөзел Құлжабаеваның мерейі өсері өз алдына, оның игі ісі барша жұртқа өнеге болар еді.
Қалай да жеке адамдардың бастамашылығы, оларға нұр жаусын дейік те, бәрібір аздық етеді. Бұл қоғам араласатын іс. Тіпті ұлттық деңгейде қолға алатын шаруа. Сонда ол шын мәнінде өркен жаяды. Солай етіп жатқан, соның жемісін көріп жатқан елдер де аз емес.
Көп елдерде орман көлемінің көптігі ондағы табиғаттың қолайлылығынан ғана емес, ұлттық деңгейде жүргізіліп жатқан шаралардың да нәтижесі екені даусыз. Олар ағашты, орманды аялайды. Олар да ағаш егу мерекеге қуанышқа айналған. АҚШ-та мұндай мереке 1872 жылдан бері өткізіледі. Италияда бір ғасырдан бері өтіп келеді. Және ол «Жаңару және табиғат» деп аталады. Ал Оңтүстік Кореяда ағаш егу мерекесіне бүкіл отбасы болып қатысу парыз. Бір елдерде ағаш егудің заңдық та күші бар. Алыс емес көрші Қытай елінде 11 жас пен 60 жас аралығындағыларға жылына 3-5 түп ағаш егу міндет саналады. Филиппин елінде жыл сайын 5 түп ағаш екпеген адам азаматтығынан айырылады. Вьетнам елінде баспасөз басылымдарын тіркегенде оған ағаш етуді насихаттау міндеттеледі. Оны орындамаған газет-журнал жабылады.
Ағаш егу, шыбық шаншу көктемде, не күзде жүргізіледі. Ал жақсылық жасасам деген ниетте жүрген адамға ағаш егу, шыбық шаншу ең оңтайлы үрдіс. Ондай адамдарға айтарың: басқаларға, ең алдымен ауыл, мектеп басшыларына, ауыл ағаларына ойыңды жеткіз. Біреу болмаса, біреу қолдайды. Ауылдың әр адамы, мектептің әр оқушысы жылына бір топ ағаш отырғызып, бір шыбық шаншыр болса, он жылда ауыл өзгеріп сала береді. Тіпті бір көше бастама көтерсе, екіншісі қолдайтыны анық.
Алда ағаш егетін, шыбық шаншитын кез келе жатыр. Соны ұмытпасақ. Біреуіміз ұмытсақ, екіншіміз еске салсақ, сонда бір игі іске негіз қаланар еді-ау дейсің.
Мамадияр ЖАҚЫП,
Қазақстанның құрметті журналисі