Әлем • 17 Шілде, 2017

Құсни хат қазаққа жат емес

488 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы Ұлттық академиялық кітапханада каллиграфия көрмесі өтті. Шарада Түркияның Ыстамбұл қаласында орналасқан Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы ұйымдастырған халықаралық байқау жеңімпаздары мен қатысушыларының туындылары ұсынылды.

Құсни хат қазаққа жат емес

Салтанатты жиынның ашылуында сөз алған Мәдениет және спорт министрлігінің Жауапты хатшысы Қуатжан Уәлиев мұндай көрме өткізудің Қазақстан үшін маңызды екенін мәлімдеді.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемдік мәдениетпен үндес қазақтың озық әдебиетін қалыптастыру керектігін айтқан еді. Бүгінгі көрме сол бағытта ұйымдастырылып отыр. Сондай-ақ, көрмені әлем әдебиетімен бірлесе қалыптасып отырған мәдениеттің бір нұсқасы ретінде қабылдауға болады», – дейді Қуатжан Уәлиев.

Көрме аясында 1986-2016 жылдары ұйымдастырылған халықаралық көрмеде ұсынылған каллиграфиялар көрсетілген. Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы бас директоры Эрен Халиттің айтуынша, құсни хат деп аталатын өнер қазаққа жат емес.

«Каллиграфия, яғни құсни хат өнері қазақ елінде бұрыннан бар. Алайда, қиыншылық уақытта бұл көпшіліктің назарынан тыс қалған. Бүгінгідей көрме сол өнерді қайта жарыққа шығарып, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, халықтың қайта жаңғыруына себеп болады», – деген Эрен Халит «Орталық Азиядағы Ислам мәдениеті» кітабы және 110 жыл бұрын түсірілген Мекке мен Мәдина қаласының суреттерін Ұлттық академиялық кітапханаға сыйға тартты.

Ашылу салтанатынан кейін қонақтар көрмеге қойылған туындылармен танысып шықты. Одан кейін меймандар «Рухани жаңғыру – мәдени даму жолы» деп аталатын дөңгелек үстел өткізді. Кездесуге еліміздің шығармашылық және ғылыми зиялы қауым өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында латын қарпіне көшу мәселесі туралы да сөз қозғалды. «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлінің айтуынша, латын әліппесі қазаққа бөтен емес.

«Қазақ халқының тарихындағы құнды деректер үш түрлі әліпбимен жазылған. Біріншісі – «Күлтегін» ескерткішінде қолданылған Орхон-Енисей жазуы болса, екіншісі – «Құтты білік» секілді тарихи туындыларда пайдаланылған араб әліппесі. Соңғысы – латын әріптерімен жазылған «Кодекс Куманикус» кітабы. Сондықтан, латын әліпбиі бізге жақын», – дейді Дархан Қыдырәлі.

Сондай-ақ, кездесуге жиналғандар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған өзекті мәселелер туралы сөз қозғады. Мәселен, мемлекет қайраткері, ғалым, филология ғылымының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков теледидарды жаулап алған арзан сериалдарға наразылығын білдірсе, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Аққұштап Бақтыгереева рухани жаңғырудың маңыздылығына тоқталды.

«Рухани жаңғыруды қазақ 25 жыл күтті деп айтуға болады. Бұрын елдің бағыты экономикаға, тұрмысқа бейімделіп кеткенде ұлттық құндылығымыз бен болмысымыз туралы жиі толғанатын едік. Рухани жаңғыру халықтың өміршеңдігі мен келбетін сақтап қалу үшін керекті ең басты ұстаным. Бұл біздің ата-бабамыздың бізге қалдырған үлкен мұрасы», – деген Аққұштап Бақтыгереева қазақ тілінің мәртебесін көтеру туралы да пікірін білдірді.

Айта кету керек, каллиграфия көрмесі 17 тамызға дейін жалғасады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»