
Оның айтуынша, ауыр қылмысы үшін Ембі қаласындағы түзету колониясында жазасын өтеуші радикалды көзқрасынан қайтып оң жолға бетбұра бастапты. Оның такфирлік ұстанымынан бас тартуына дінтанушы қаламгер-қажы Смайыл Сейітбековтың мәзһабтар тарихы атты кітабы себебші болыпты.
Жазасын өтеуші діни ағартушылық сипатта жазылған осы сүбелі еңбекті абақтыда бірнеше рет қайталап оқып шығыпты. Содан кейін ол діни түсінігінің тарлығы мен осы бағыттағы ой-өрісінің кемдігінен үкімдердің бірқатарын жаңсақ, теріс түсінік келгендігін мойындауға мәжбүр болады. Әрі бұған дейін қателесіп келгенін түсінеді.
Екіншіден сотталушы және онымен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жүрген теолог Ерболат Жүсіпов екеуінің арасында өзара түсіністік орныға бастайды. Нақтырақ айтқанда, жазасын өтеуші намаз оқымағанның бәрін кәпір деп айыптап келген. Алайда «Мәзһабтар тарихы» атты құнды кітаптағы уахабилік ағымның қалай пайда болғаны жөніндегі тараумен танысқаннан кейін о бастағы бағытынан бас тартады. Әрі ол дін жолына бетбұрушы өзге жандардың өз қателегін қайталамауын өтінеді. Сонымен бірге соқыр сенімнің соңынан көзсіз еріп кетпей, кез келген жағдайда парасат пен пайымға арқа сүйеу керектігін айтыпты.
Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң деген халықтық қағида да дәл осындай жағдайда айтылса керек.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы