Аймақтар • 28 Қыркүйек, 2017

Асфендиар сұлтанның зираты қоршалды

62 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Асфендиар сұлтан – Кіші жүз ханы Әбілқайырдың шөбересі, Айшуақ ханның немересі, Кіші жүз Жетірудағы табын руын бас­­қарған, дистанция бастығы бол­ған белгілі тұлға. Оның ұлдары – Мұхаммед Мағзұм Неплюев кадет корпусын, Сейітжаппар Орынбор қаласындағы қазақ сұлтандарының балаларын орыс сауатына үйрету үшін арнайы ұйымдастырылған мектепті бі­тірген. Ал Сейітжаппардың ұлы Санжар Асфендиаровтың қазіргі Қазақстанның жоғары білім саласын, тарих ғылымын, білікті меди­цина қызметкерлерін даярлау жүйесін қалыптастырудағы ұшан-теңіз еңбегін көпшілік жақсы біледі. 

Асфендиар сұлтанның зираты қоршалды

Асфендиар сұлтанның құл­пытасы 2014 жылы Ақсай қа­ласының тұрғындары Ағажай Меңдіханов пен Зарлық Мусиннің көрсетуімен анықталған болатын. Араб жазуымен жазылған мәтінде «Кіші жүз халқының хан нәсілі Асфендиар Сүгәлі баласы 1865 жылы 73 жасында қайтыс болды. Наурыз айының 21-і, дүйсенбі күні жерленді» деп жазылған. Оған қоса сұлтанның Шыңғыс ханға дейін тарататын шежіресі қашалған екен.

Асфендиар сұлтанның құл­пытасы – Қаракемердегі үлкен көне зиратта құламай сақталып қалған жалғыз ескерткіш. Жал­пы Бөрлі өңірінде 1930 жыл­дары большевиктер қазақ молаларындағы араб жазулы құлпытастарды жаппай қи­ратып, құрылыс материа­лына пайдаланған. Сондықтан Асфендиар сұлтанның құл­пытасы сақталуы осыдан бірнеше жыл бұрын сенсациялық оқиға ретінде қабылданған болатын. 

Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласынан бастау алған құл­шыныспен осыдан біраз уақыт бұрын Бөрлі ауданының жастары «Туған жерге тағзым» атты штаб құр­ған болатын. Топ мүшелері аудан­ның тарихи мүйістерін аралап, қариялармен кездесіп, өңір тарихының шежіресін жинауға кіріскен. Міне, бүгін сол белсенді жастардың бастамашылдығымен тарихи тұлғаның қабірі қор­шалып, жаңа белгі орнатыл­ды. Топ же­текшісі Айна Кәрі­мованың айтуынша, бұл іске ауыл тұрғындары, соның ішінде Ағажай Меңдіханов, Ғарифолла Сейдешұлы секілді ақсақалдар көп үлес қосқан.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»