Тәрбие • 29 Қыркүйек, 2017

Балдырғандарға барлық жағдай жасалсын

36 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Балаларға қатысты айтқанда проблеманың үл­кен, кішісі болмайды, бәрін де уақтылы шешіп отыру үлкендердің міндеті.

Бүгінгі таңда еліміздегі кәсіпорындар мен мекемелерде, жергілікті және орталық мемлекеттік органдарда сәбилері мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдарға баратын жүздеген мың ата-ана еңбек етіп жүр. Олар үшін қазір өз бүлдіршіндерін балабақшадан уақытында алу мәселесі елеулі проблемаға айналып отыр. Се­бебі біріншіден, еліміздегі мектеп жасына дей­інгі мем­лекеттік балалар мекемелері, негізінен, таң­ғы са­ғат 7.30-дан кешкі 18.00-ге дейін ғана жұ­мыс іс­тейді. Ата-аналардың көпшілігінің жұмыс уа­қыты да 18.00-ге дейін болғандықтан, олар бала­бақ­ша­ларға белгіленген мерзімде барып үлгере алмай, қиындық көріп жүр.

Екіншіден, кей жерлерде (мысалы, Астана қаласында) балалар мен олардың тәрбиешілерінің сағат 18.00-ден кейін балабақша ғимараты ішінде қалуларына рұқсат етілмегендіктен, олар ата-аналарды ауа райының қандай жағдайында болсын сырттағы аулада күтуге мәжбүр. Алдағы қысқы мезгілде бұғанасы бекімеген, нәзік сәбилердің өз ата-аналарын балабақшаның ауласында, суықта ұзақ күтіп қалуы олардың денсаулығына да зардап ти­гізері анық.

Үшіншіден, тәрбиешілерге бекітілген жұмыс уақытынан тыс қызмет көрсеткені үшін қосымша ақы төлеу қарастырылмағандықтан, олар балаларын уақытында ала алмаған ата-аналарға реніш білдіріп, өзара кикілжің туындауда.

Төртіншіден, кейбір ата-аналар балабақшаға тезірек жету үшін асығып, жеке көліктерінің жылдамдығын асыратындықтан, олар ірі елді мекендерде, әсіресе үлкен қалалардың көшелерінде түрлі апаттық жағдайлар туғызып жүргендігі де жа­сырын емес. Сондай-ақ жуырда Астана қала­сын­дағы балабақшалардан шығып, ата-анала­рын күтіп тұрған сәбилерді бөтен, сенімсіз кісі­лердің тәрбиешілерді алдап, сұрап алып кетуге әрекеттену фактілері орын алғандығы да алаң­дат­пай қоймайды. Мұның өзі қоғамда кейінгі кез­де жиі­леп кеткен педофилия қылмысының қай­та­ланушылығына әкеліп соқтыру қаупін туғы­за­тын­дығын ескерген жөн. 

Осыған орай сайлаушылармен кездесулер барысында бізге ата-аналар орынды шағымдар білдіріп, еліміздегі мемлекеттік балабақшалардың жұмыс уақытын кешкі 19.00-ге дейін ұзартуға, немесе кезекші топтар ұйымдастыруға жәрдемдесуімізді өтінді. Сонымен қатар, қазіргі кезде мектепке дейінгі мемлекеттік ұйымдар тәрбиешілерінің кеш­кі сағат 18.00-ден кейін ата-аналардың бала­ла­рын алып кеткенше жұмыс істеген уақыты үшін қосымша еңбекақы төленбей отырғандығы қол­да­ныстағы еңбек заңнамасын бұзушылық болып та­бы­латындығына сіздің назар аударып, оны болдыр­мау жөнінде тиісті шара қолданудың қажеттігін кө­ріп отырмыз.

Жоғарыда айтылған жайларды ескере отырып, осы­нау өзекті мәселені республика көлемінде жан-жақты қарастырып, оны оңынан шешуді өті­н­еміз, деп біз, депутаттар Бейбіт Мамраев, Артур Платонов – үшеуміз Премьер-Министрдің орын­басары Ерболат Досаевқа депутаттық сауал жолдадық. Тәрбиешілердің жұмыс уақытын 1 са­ғатқа ұзарту, ол үшін мемлекеттен болмаса ата-ана­лардың өзіне ақы төлетуге рұқсат беру – қиын мә­селе емес қой, сондықтан оңтайлы шешілер деген үміттеміз.

Кәрібай МҰСЫРМАН, 
Мәжіліс депутаты