
Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, емдеу мекемелерінің, адвокатураның өкілдері қатысты. Жиында денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған мемлекеттік «Денсаулық» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды. Комиссия мүшелері бағдарламаның іске асырылуы әлеуметтік-бағдарлы ұлттық денсаулық сақтау жүйесімен халықты жаппай қамту, әлеуметтік әділдік, сапалы медициналық көмекпен қамтамасыз ету қағидаттарын сақтай отырып, тұрақты әрі қарқынды дамытуға ықпал ететінін атап өтті. 2016 жылдың қорытындысы бойынша қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығы 72,3 жасқа жеткен. Соңғы 10 жыл ішінде өмір сүру ұзақтығының 6 жылға артуы, өлімнің 27 пайызға, ана өлімінің 4 есеге төмендеуі байқалады, сәбилердің шетінеуі 1,6 есе, туберкулезден қайтыс болу 5 есе, қатерлі ісіктерден болатын өлім 20 пайызға төмендеген.
Барлық денсаулық сақтау қызметі медициналық-санитарлық алғашқы көмекті (МСАК) жаңғырту және басым дамыту негізінде халықтың қажеттіліктері айналасында интеграцияланады. Оның сапасын жақсарту үшін «Кезексіз емхана» қанатқақты жобасы және Дүниежүзілік банк консультанттарымен бірлесе 5 өңірде Ауруды басқару бағдарламасы енгізілуде. Министрлік жаһандық бәсекелестік жағдайында денсаулық сақтау саласын цифрландыру және ақпараттандыру арқылы халыққа медициналық қызмет көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.
Талқылауға қатысқан сарапшылар билік пен қоғамның, емдеу мекемелерінің, медициналық қызмет көрсетуді жеткізушілер мен халықтың бірігуі азаматтардың денсаулығын сақтау мен білікті медициналық көмек алуда конституциялық құқықтарын толығымен іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Комиссия отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкімет назарына жеткізілетін болады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»