Қазақстан • 04 Қазан, 2017

«Чимкент» қалай «Шымкент» болып өзгерді?

60 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Еліміздің үшінші мегаполисі атану мақ­сатында соңғы жылдары өрісін кеңейтіп, көр­кейе түс­кен Шымкент қаласының та­ри­хын тереңірек білгісі келе­тін­дер көп.

«Чимкент» қалай «Шымкент» болып өзгерді?

Әсі­ре­се бүгінгі жас буынды қала атауына қа­тыс­ты де­ректер қызықтырады. Өңір та­­рих­­шы­ларының айтуынша, Самарқан бір кездері Афрасиаб, Се­мізкенд ретінде бел­гілі болса, Шымкент те қазіргі атауына ие болғанға дей­ін Нуджикент не­месе тіп­ті Сайрам өлке­сін­де ор­наласқандықтан сол қаланың та­рихи атауларының біріне ие болып жүруі де мүмкін. Оны анық­тау үшін кешенді ғылыми зерт­теулер, Қытай де­ректері мен шығыстық жазбалар­ды ақ­та­ратын өлкетанушы маман­дар ке­рек. Де­генмен жазба деректер­де қаланың аты тұңғыш рет 1425 жылы аталыпты. Шараф ад-Дин Али-Йаздидің «Зафар-на­ме» атты кітабында Ақсақ Темір 1366 жы­лы Ташкенттен Сайрамға барар жолда өзі­нің жүк тие­лген арбаларын Шымкент ел­­ді мекенінен тапқаны жөнінде жазылады. Мамандар бұл де­рек­тің де қосымша зерт­теуді қажет ететінін айтуда. Өйткені  орыс деректерінде Шымкент қа­ласының аты Чимин түрінде кез­десетінін айтып келе жат­қан өл­ке­танушылар да жоқ емес.

Біз әңгіме етіп отырған Шым­­кенттің атына байланыс­ты ғалымдар екі түрлі пікір біл­ді­­реді. Соның бірі – «шым» деген сөз­бен тығыз байланысты. Шым­нан тұр­ғы­зылған қала, су­­лы, нулы, көк көп өс­кен де­ген деректер бар. Оған қоса ес­кі қала­ның маңынан Қошқар ата өзені ағып жатыр. «Бау-бақ­­шалы қала», «Жасыл қала», «Шым­­мен қоршалған қала»  деп айтуға бұл да бір дәлел. Шым­кент түркінің «Шым» жә­не иранның «кент» – қала, мекен деген сөздерінен құралған. Ал басқа түсіндірмеде қала атау­ы Соғдының (Иранның) «чиминь-че­мень» яғни, көгалды, гүл­денген алқап, ал «кент» сөзі­нің жалғануымен, «жасыл қа­ла» деген мағынаны беретіні ай­ты­­лады. Қала ескі заманнан-ақ адам­­дардың өмір сү­руіне қо­лай­лы мекен болған. Ал қа­ла атау­ының өзгеруіне келсек, 1914 жы­лы Қа­зақстанның Ре­сей империясына қо­сы­луы­ның 50 жылдығына орай қалаға орыс генералы Черняевтің есімі бе­ріл­ген, бірақ 1921 жылы қала Шым­кент атауына қайта ие бол­ды. Дегенмен тәуелсіздік жылдарына дей­ін облыс орталығы Чим­кент аталып та кел­ген болатын. Осы соңғы өзгеріске кеңі­рек тоқталсақ.

Ұлт тілдері мен ұлттық салт-дәстүрлерге, мә­дениетке тиіс­ті көңіл бөлінбей келген ке­ңес­­тік заманда қазақ тілінің мүш­кіл жағ­да­йы жұрт назарынан бүр­кеме­ле­ніп, айтылмай кел­ді. Тіл­дік, елдік мәселе­лер­ді ту еткен «Қазақ тілі» қоғамы 1989 жылы құрылды. «Қазақ ті­лінің жанашы­ры» құрмет бел­гісінің ие­гері Қабыл Дүйсен­бидің айтуынша, Оң­түс­тік Қазақстан облысында, одан кейін іле-шала аудандар мен қалаларда да «Қазақ тілі» қоғамдары құрылып, жұмыс істей бас­тапты. Әйтсе де, қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесін алғанымен, іс-қағаздарын мем­лекеттік тілде жүргізу мәселесі да­был қа­ғар­лық жағ­дайда бол­ған. Мысалы, 100 пайыз қа­зақ қоныс­тан­ған ауылдың өзін­де де іс-қағаздары тек орыс ті­лін­де жүргізілген. Бел­сенді жұ­мыс­тардың нәтижесінде 1990 жы­­лы жергілікті «Қазақ тілі» қоғамдарының ұсы­ныстарымен көптеген ұлттық мәселелер ше­шімін таба бастап, жер-су, елді мекен, мек­теп, көше аттары қазақшалана бастады. Сол жылы Шымкенттің зиялы қау­ымы мен «Қазақ тілі» қоғамы Чим­кентті – Шымкент деп, қа­ла­ға қарасты Дзержинский ау­­данын – Әл-Фараби ауданы, Рубинштейн көшесін – А.Байтұрсынұлы көшесі, 30 лет ВЛКСМ көшесін – Бекет ба­тыр көшесі, 50 лет Октября кө­шесін – Қабанбай батыр кө­шесі, Манкент шоссесін – Жібек жо­лы тас жолы, Орджоникидзе даң­ғ­ылын – Абай даң­ғылы, Ком­мунистік даңғылын – Тәуке хан даңғылы, Куйбышев алаңын – Ордабасы ала­ңы деп өзгерту туралы және одан үш жаққа тарайтын Комсомол, Совет, Базар көшелеріне – Төле бидің, Қазыбек бидің, Әй­теке бидің есімдерін беру жөнінде мәселе кө­­терген екен. Сол кездегі Шым­кент қалалық ха­лық де­путат­тары кеңесінің төрағасы Қ.Төлеметов бұл ұсыныстарды қолдап қана қой­май, оның барлығын тиісті органдардың ш­е­шімімен тезірек заңдастыруға зор кө­ме­гін ти­гізеді. «1990 жылы Шымкенттегі депу­тат­­тардың 80 пайызын өзге ұлт өкілдері құ­­рай­тындықтан, мұндай ұсыныстардың оңай­­лықпен қабылданбайтынына өзім талай рет куә болған едім. Мен «Электро­аппа­рат» зауы­тын­дағы «Қазақ тілі» қо­ға­мы­ның төрағасы және қала­лық «Қазақ тілі» қоғамының бю­ро мүшесі ре­тінде қалалық сес­сияның жиындарына қа­ты­сып тұ­ратынмын. Мысалы, Шымкент қа­ла­лық халық депутаттары кеңесінің 1991 жыл­ғы 22 қарашадағы сессиясында Чим­кентті Шымкент деп өзгерту туралы ұсы­­нысты талқылау 2-3 сағатқа со­зы­лып, Қ.Төлеметовтің абы­рой-беделі мен ақыл-па­ра­сат­ты­лығы көтерілген көкей­кес­ті мә­­­селеге қатысты оң ше­шім қа­был­дануына көп көмектесті. Шымкент атауының екі әр­пін өзгерту үшін екі жыл арпалыстық. Оң­түстіктің зиялы қауымы тарапынан жүр­гізілген үлкен үгіт-насихат жұмыстардың нә­­ти­же­сінде және жоғары жақ­тың қолдауымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Ке­ңесі Пр­е­­­зидиумының «Қазақстан Рес­­пуб­ли­ка­сындағы әкімшілік-ау­мақтық бірл­іктерін қайта атау және орыс тіліндегі транс­крипциясын ретке келті­ру ту­ралы» 1992 жылғы 8 қыр­күй­ек­тегі қаулысымен Чим­ке­нт атау­ының транскрипциясы Шым­кент бо­лып және Қазақ­с­тан Республикасы Жоға­р­ғ­ы Ке­ңесі Президиумының 1992 жыл­ғы 4 мамырдағы қау­лы­сымен Шымкент қала­сын­да­ғы Дзержинский ауданы – Әл-Фараби ауда­ны болып өз­гертілді», дейді тіл жа­нашы­ры Қабыл Дүйсенби қала тарихы үшін маңызды сол бір күндер ту­ралы.

Осылайша атауы мемлекеттік тілге сәйкестендірілген облыс орта­лығындағы көптеген көше­лер­дің де атауы өзгертілді. Бұл жұмыс бүгінгі күнге дей­ін жүргізілуде. Мысалы, қала әкім­­дігі көшелердің атауын то­лықтай қазақыландыру ба­ғы­­тын­да республикалық оно­мас­ти­калық комиссияға Мер­ген, Жетіотау, Тәңірқұт, Ару­ана, Ай­балта, Құнарлы, Мұз­бел, Көркемай, Құт­тыбілік, Ай­дар­көл, Жезқанат, Сұлукөл, Торғауыт, Қоңыраулы, Сарбаз, Жаңадария сынды атауларды ұсынып, оң қорытынды алған. Енді Шымкенттегі 300-ден астам көшеге тарихи атау­лар берілмек. Яғни, қа­ладағы Абай, Әл-Фараби, Еңбекші жә­не Қаратау аудандарындағы жа­ңа кө­шелерге атау беру жө­нін­дегі ұсынысты ел Үкіметі жа­нын­дағы ономастикалық комиссия қол­­­д­аған. Қала әкімдігі тиісті та­лаптарға сәйкес, тү­сін­діру жұ­мыстарын жүргізіп, көше тұр­­ғын­дарының келісімін алған.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»