Қазақстан • 05 Қазан, 2017

Латын әліпбиі түркі әлемін табыстырады

43 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының екінші бөлімінде қоғамдық сана жаңғырудың негізгі қағидаларын қалыптастыруды ғана емес, сонымен бірге біздің заман сынағына лайықты төтеп беруімізге қажетті нақты жобаларды жүзеге асыруымызды да талап ететінін алға тарта отырып, таяу жылдары атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. 

Латын әліпбиі түркі әлемін табыстырады

Осыған байланысты алдағы жылдарда мықтап қолға алу қажет болатын бірнеше жобаны ұсынды. «Біріншіден, – деп жазды Елбасы, – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттілігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық». Президент бұдан әрі қазақ тілі әліпбиінің тереңнен тамыр тартатынына назар аударады. Иә VI-VII ғасырларда (ерте орта ғасыр кезеңі) Еуразия құрлығында ғылымға «Орхон-Енисей жазулары» деген атаумен танылған көне түркілердің руникалық жазуы пайда болып, қолданылды. Бұл адамзат тарихындағы ең көне әліпбилердің бірі еді. Ал V-XV ғасырларда түрік тілі Еуразия құрлығының аса ауқымды бөлігінде ұлтаралық қатынас тілі болды. Айталық Алтын Орданың бүкіл ресми құжаттары мен халықаралық хат-хабарлары негізінен ортағасырлық түркі тілінде жазылды. Халқымыз ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала басталды. Сонымен Х ғасырдан ХХ ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды. 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президумы латындырылған жа­ңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Латын әліпбиінің негізінде жасал­ған жазу үлгісі 1929 жылдан 1940 жылға дейін қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша, қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.

Н.Төреқұлов Түркістандағы кеңес мәдениеті құрылысы, білім беру мен ағарту мәселелеріне ерек­ше мән беріп отырды, осы салалардағы нағыз ре­фор­маторға айналды. Оның идеялары, ой-арманы өзі ұйымдастырып, басшылық еткен басылымдарда жарияланған мақалаларында айқын көрініс тауып отырды.    

Елбасының бағдарламалық мақаласын әбден екшеп, ой елегінен өткізіп, мың ойланып, жүз толғанып барып қолына қалам ұстағаны анық. Бұл еңбекті елдік толғауы десек те болады. Себебі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі Қазақ елінің рухани жаңғыруы аясында жүзеге асырылғалы отырған кең ауқымды жо­балардың бірі екендігі айдан анық. Қоғамдағы қызу талқылаулар бұл проблеманың қаншалықты маңызды екенін дәлелдеп отыр. 

Қазақ елі латын қарпіне көшуге ауық-ауық талпыныс жасап келеді. Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында латын графикасына көшу мәселесін зерттеуді тапсырған болатын. Осыған орай арнайы комиссия құрылды. Оның құрамында білікті тіл ғалымдары мен қоғамдық институттардың мамандары жұмыс істеді. Жалпы қазақтың тіл мамандары латын қарпі үлгісін жасау жолында көп ізденіп келе жатқанын айтуымыз керек. Соңғы мәліметтер бойынша елімізде қазірге дейін жүзден астам жоба дайындалған. Әзербайжан, Өзбектан және Түркменстанға ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, тәжірибелері мұқият сараптаудан өткізілді. 

«Мен, – деп жазады Елбасы өзінің бағдарламалық ма­қаласында, – 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында «2025 жыл­дан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісуіміз ке­ректігін» мәлімдедім. Бұл – сол кезден барлық салаларда біз латын қарпіне көшуді бастаймыз деген сөз. Яғни 2025 жылға қарай іс-қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз». 

Мемлекет басшысы үкіметке қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін жасауды тапсырды. Сондай-ақ Елбасы 2017 жылдың аяғына дейін ға­лымдардың көмегімен, барша қоғам өкілдерімен ақыл­даса отырып, қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бі­рыңғай стандартты нұсқасын қабылдау керектігін де жеткізді. Ал 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үй­ре­тетін мамандарды және орта мектептерге арналған оқу­лықтарды дайындауға кірісу қажеттігіне назар ау­дарды.      

Қазіргі кезде қазақ зиялылары Елбасының бағ­дар­ламалық мақаласын қызу талқылауды жалғас­ты­ра түсуде. Бұл заңды да. Ұлтымыздың рухани жаң­ғыруына бағытталған таяу жылдардағы ұлы мін­деттер біртұтас ұлт болуға, мәдени және сана ашық­ты­ғына ұмтылуға, қанымызға сіңген, тамырымызда бүл­кілдеген ізгі қасиеттерді қайта түлетуге бастайды. Бұйырса, еліміздің рухани өміріндегі елеулі кезеңге қадам басқалы тұрмыз. 

 

Сейдулла САДЫҚОВ, 
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық 
қазақ-түрік университетінің профессоры,
филология ғылымдарының докторы