
Ауылда тұрса да ұзақ жылдар қол күресі мен гір спортының Қазақстанда өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, талай чемпиондарды баптаған атақты ұстаз өзін қолпаштап қарсы алған ағалары мен достарын көргенде қатты толқыды. Ұлан аудандық мәслихатының депутаты Нұртай Тілеужан жырмен шашу шашқан сәт ерекше әсерлі болды.
– Отыз жылда мұндай құрметті тұңғыш рет көріп тұрмын. Өз басым мақтанғанды ұната бермеймін. Дүбірлі жарыстарға бара жатқанда елеусіз аттанып, қайтарда да басқаларға салмақ салмай келетінмін. Ұлан елі, жері де бай ғой. Адамдары қандай жарқын, достыққа адал. Сіздерге ерекше алғысымды білдіргім келеді, деді Мұқан Сағидоллаұлы.
Шіркін адал достыққа не жетсін! Айшылық алыстан табыспен оралған, ел намысын абыроймен қорғаған азаматтарға қандай құрмет көрсетсе де жарасымды ғой.
Мұқанның достары ақ дастарқан жайып, Мажарстанда қол күресінен өткен 39-шы әлем чемпионаты жайлы сұрады.
– Будапештегі әлем чемпионатына 55 мемлекеттің 1600-ге жуық ығай мен сығайлары жиналды. Олардың арасында бірнеше дүркін әлем чемпиондары болды.
Қазақстаннан бапкерлер мен қол күресінің 84 шебері барды. Әлем чемпионатының тәртібі бойынша, жарыстың бірінші және екінші күні 18 бен 23 жастағы спортшылар сынға түсті. Одан кейін, 40-50, 50-60, 60 жастан асқан ардагерлер арасында бірнеше топ болып жүлделерді сарапқа салдық. Сенесіз бе, жастарымыз жарады.
Финалда тек қазақ спортшылары өнер көрсеткен кезде, шетелден келген мамандар мен жанкүйерлер «Бұл әлем чемпионаты ма, жоқ әлде Қазақстанның біріншілігі ме?», деп таңданыстарын жасыра алмады. Ұлан ауданынан барған әлемнің екі дүркін чемпионы Ораз Басаров бұл жолы оң және сол қолмен кездесуде күміс медаль иеленді. Аға жаттықтырушы Ерлан Уәлиевтің тағы бір шәкірті чемпион атанды. Семейлік екі жігіт те жеңістің биік тұғырына көтерілді. Жерлесіміз, Күршімнің тумасы, қазір Астанада тұратын Еркін Әлімжан чемпион, ақтөбелік, бұл күндері Алматыда тұрып жатқан Әділбек деген азамат күміс жүлдегер атанды. Еліміздегі қол күресі федерациясының президенті, әлем, Азия чемпионы, менің шәкіртім – Марат Асайынов ерледі. Чемпиондарды баптаған, дүбірлі додаға зор әзірлікпен, 12 бапкер бастап барған команда жастар арасында бірінші, ал ересектер арасында екінші орынға табан тіреді. Әттең мүгедектер, арбаға таңылғандар, мылқау, көзі көрмейтіндер арасындағы жарысқа толық құрамда команда апара алмадық. Егер толық құрамда барғанда ересектер арасында да бірінші орынды бермес еді. Қол күресі ерекше дамыған Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара қаласының әлем чемпионы Арман Қарсыбаев басқаратын клубында жаттығатын алты баланың төртеуі алтын, ал екеуі күміс жүлде иеленді. Алпыс жастан асқан ардагерлер арасындағы біріншілікке 17 спортшы қатысып, өзім жүлдегер атандым. Рас, бұл жолы бабым келіспеді. Оның үстіне ауылда тұрамын, бірге жаттығатын адам жоқ, басқа жұмыстар да бастан асып жатыр. Келер жылы Анталияда өтетін әлем біріншілігінде топ жарсам деген ой бар», деп ағынан жарылды Мұқан Ағзамов.
Қол күресі спортын өрге өгіздей сүйреп келе жатқан Мұқан Сағидоллаұлы елімізде федерацияны 1992 жылы құрды. Содан бері оның жетекшілігімен елімізде бірнеше әлем, Азия чемпионаттары өтті. Қазір Қазақстанның қол күресі және гір спорты құрамасы әлемдік рейтингте екінші орында тұр.
2011 жылы Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында Мұқан Ағзамовтың 60 жасқа толуы құрметіне қол күресінен әлем чемпионаты өткенінен көпшілік хабардар болар. Сол жолы 48 мемлекеттен 1300 саңлақ келіп, жеңімпаздар атақты спортшының қолынан кубок пен марапатқа ие болған. Ауылда тұрса да, еліміздегі қол күресінің өсіп-өркендеуіне үлес қосып келе жатқан, ғалым, өнертапқыш азаматтың есімі еліміздегі Гиннестің кітабына енбеуі қалай деген сауал туындайды? Ештен кеш жақсы, деген емес пе, Мұқан сияқты азаматтарды қалай құрметтесек те лайықты.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
ӨСКЕМЕН
Суретте: Мұқанды (оң жақтан үшінші) жерлестері қарсы алды.
Суретті түсірген автор