
Оңтүстікте алғаш рет анимациялық өнімдер жасайтын «Жебе» компаниясының қазығын қақты. «Алтын Жебе» халықаралық анимациялық конкурсын ұйымдастырды. Еуропа, АҚШ, ТМД елдерінен әлемге әйгілі аниматорлар келіп қатысып, шеберлік сағатын өткізді.
Сол «ерекше адам» Керім өмірімде бір ерекше адам көрдім дейді.
Сексенінші жылдардың ортасы. Бұлар каратэмен айналысады. «Бір күні жаттығу жасап жатыр едік, гүмп-гүмп еткен дауыс залды жаңғыртып жіберді дейді. Дауыс бокс залынан шығып жатыр. Кереметті көрмекке бәріміз жүгіріп бардық. Басы қазандай, орта бойлы жігіт бокс қапшығын ұрып жатыр екен. Әр соққанда қабырға дірілдегендей, қазір құлап, кірпіштері үгітіліп қалардай болады. Қазанбас жігіт бізге пысқырып та қараған жоқ», дейді Керім.
Бұл бір күні көптен сыйласып жүрген қызды ресторанға шақырады. «Шымкент» қонақ-үйі. «Палуба» мейрамханасы. Кеме палубасы секілдендіріп сыртқа жайылған столдың біріне иелік қылып отырғанда, бір қора кавказдық жігіттер аспанды басына көтеріп даудырап кіріп келеді.
Шымкент қазақтың ең көп қоныстанған жері делінгенімен, ол кезде қалада қазақ аз. Басқа ұлттардың қандастарымызды бойына теңгермей тұрған уақыты.
Өз деміне піскен Қап тауының жігіттері өз елінің әуендерін қойғызып, қарқ-қарқ күліп отырады. Керімбек намыстан қызынып, қыздан қысылып өліп барады. Ауыз ашса оншақты жігіттің жүндей түтері анық. Көмектесе қояр қазақ қарасы аз.
Бір кезде мойында «бабочкасы» бар ақ көйлек киген, қара костюм шалбарлы қазанбас жігіт кіріп келеді. Қолтығында үріп ауызға салғандай әдемі қыз.
– Қазанбас боксшыны көргенде әкем тіріліп келгендей қуандым-ай, – дейді Керім. – Қасымдағы қызға «ол боксер, жақсы танимын» деп қойдым.
Боксшы тағамдарға тапсырыс берді. Қасындағы еліктің лағындай ерке қыз екіленіп билеп жатқан кавказдықтарға үркектеп қарап қояды. Лезгинка кетті. Сол кезде мейманасы тасыған дәу біреу боксшының қасындағы елік қыздың қолынан тартады.
Биге шақырған түрі. Қасындағы жігітін көзге іліп тұрған жоқ. Боксшы «болмайды» деп әлгі дәудің қолын қағып жібереді. Мұндай қарсылық көрмеген жанындағылар үймелеп келіп қалады. Сол қолымен қызды қақпайлап артына шығарған қазанбас жігіт басқыштан түсіп барады. Оң қол жарқ ете қалды. Дәу опырылып құлаған. Алға. Екіншісі ақырып ұмтылған. Оң қол тағы жарқ еткен. Төменге түскенше бес-алтауы басқышқа төсеніш болып қалыпты. Біреуі басын көтере алмайды. Өзінен зор шықса бұл шіркіндердің кірерге тесік іздейтін әдеті. Қызын қолтықтап бара жатқан жігіттің ту сыртынан қарап қалыпты. «Ой, сондағы мейманамның тасығаны-ай» дейді Керім. Кірмегені қара жер болған кавказдықтар бір қазақтан оңбай таяқ жеп, тілдерін жұтып, құлап жатқандарын сүйемелдеп сытылыпты.
«Сол қазанбас боксшының атақты Серік Өмірбеков екендігін ертесіне білдім» дейді Керім.
...Ұрғанын тұрғызбайтын Серік Өмірбековтің сорына кеңестік өкімет жазыпты. Жұлдызды шағына империя, ұлы орыстық шовинизм тап келді. Одақ құрамасында үштікте жүрді.
– Бір күні Алуштада оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр едік, – деп еске алады тағы бір даңқты боксшы Кәрімжан Әбдірахманов. – Біздің боксшыларды көруге АҚШ-тың кәсіпқой бокс промоутерлері келді. Жартылай және ауыр салмақтағы боксшыларды кәсіпқой боксқа тартпақ екен. Бір апта қарағанда құсы Серік Өмірбековке түсті. «Осы боксшымен келісімшартқа тұрайық, сұраған қаржыларыңды төлеп береміз» деді. Кеңес империясының көбесі сөгілмей тұрған уақыт. Басқа-басқа емес қазақты таңдағаны бапкерлер кеңесіне ұнамады ма, табандап тұрып алды. Серік КСРО құрамасында үшінші нөмір. Жіберсе болар еді. Қазақ боксшысына даңқты қимады. Өмірбековтен Одақтағы ауыр салмақтағы боксшылардың өзі ығатын. Соққысы өте ауыр еді. Сол жолы кәсіпқой боксқа жібергенде Серік әлемді таңдай қақтырар еді.
Бұл досы Кәрімжанның пікірі. Кейін Серіктің өзі дауға ілікті. Көшеде достарымен келе жатып милициямен сөзге келіп қалған. Олар дереу наряд шақырған, қолға кісен салған. Біреуінің қолындағы дойыр қате тиіп, оң жақ қабағы ұстамай, қасы көзге түсіп кете берді. Бокс осылай доғарылды. КСРО чемпионы Кәрімжан Әбдірахмановтың дәуірлеп тұрған шағы. Серік жаттығуына жиі келеді. Құрамаға қайта кіруге тәуекел еткен.
Боксты қойғанына алты-жеті жыл өткенде тәуекелдің қайығына қайта мінді. Тәуелсіздік алған Қазақстанда ауыр салмақта мықты боксшылар аз еді. Серік аз ғана уақытта құраманың аса ауыр салмақтағы көсеміне айналған.
1997 жылы Шымкентте өткен Қазақстан чемпионатында Серік Өмірбеков ізін басып келе жатқан жас пері Мұхтархан Ділдабековті үш раундта үш рет нокдаунға түсіргенін көрдік. Кейін даңқты боксшыға айналған Мұхтархан Ділдабеков «осынау жеңіске жетуіме Серік ағамның үлесі бар. Ол мықты спарринг қарсылас еді» дегенді айтқан.
Германияның Галле қаласындағы халықаралық турнир кіші әлем чемпионаты саналады. Құрамадан Серік Өмірбековтің аты-жөнін көрген сол кездегі спорт министрі Аманша Ақбаев бас бапкерге «сендер жынданған шығарсыңдар. Өмірбековтен енді боксшы шықпайды» деп сөгіпті.
Сол Өмірбеков қызық болғанда Галледен алтын медаль арқалап оралған. Германия сапарынан қазақ жастары арасынан тұңғыш әлем чемпионы Болат Жұмаділов екеуі ғана олжалы оралды. Будапеште өткен әлем чемпионатына қатысты. Ширек финалда белорус Сергей Ляховичпен тең түсті. Төрешілер көпе-көрнеу жеңісті еуропалыққа берді. Серік белсендірек болған, әрі қарай кем дегенде әлем чемпионатының қола медаліне ие болары сөзсіз еді. Намысқой жігіт осыдан кейін қолғабын шегеге ілді.
Бойы аласалау болса да сәл бүгіліп бокстасатын Серікке азияда қарсылас жоқ еді. Әлем кубогінің жеңімпазы, Өзбекстан құрамасының алыбы Ләшкербек Азизов Серік қол сілтер қашықтыққа жақындағанда қойқаңдап қашар еді.
Барселона Олимпиадасына КСРО құрамасының капитаны болып барған Евгений Судаков естелігінде «Серік Өмірбеков соққысы ең ауыр боксшы. Онымен кездесу қай-қайсымызға да оңай тимейтін» дейді.
КСРО құрамасының бас бапкері қысастық жасамағанда біз бүгінде кәсіпқой бокстағы Тайсон – Серік Өмірбековті мақтаныш қылып жүрер ме едік. «Әттең, тонның келтесі-ай» деген осы екен.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы