
Жыл өткен сайын отандық білім беру саласы көптеген жаңашылдықпен ерекшеленуде. Еліміз бойынша жаңартылған білім беруге көшу жалғасын тауып, жаңа буын оқулықтары енгізілді. Сонымен қатар бүгінде сапалы білім беру арқылы озық ойлы жас буынды қалыптастыру уақыт талабы болып отыр. Осы орайда мемлекет тарапынан тиісті қолдау көрсетіліп, білім саласына қамқорлық артты. Талай жастың шетелде білім алуына мүмкіндік жасаған «Болашақ» халықаралық бағдарламасына 25 жыл толды. Нәтижесінде ширек ғасыр уақыт ішінде жастардың жаңа буыны қалыптасты деуге болады. Сонымен қатар Назарбаев зияткерлік мектептерінің құрылғанына 10 жыл болса, «Дарын» мектептерінің ашылғанына 20 жыл болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, биыл білім саласы үшін мерейлі жыл деуге болады.
Сол сияқты, ағымдағы жыл Жамбыл облысында да білім саласында табысты болды. Жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілді. Осы уақытқа дейін Тараз қаласындағы «Бәйтерек» ықшамауданында мектептің жоқтығы үлкен мәселе ретінде талай рет көтерілген болатын. Енді міне, аталған ықшамауданнан жаңа мектеп бой көтерді. Сонымен қатар облыс орталығынан №24 мектеп пен шаһар құрамындағы Шөлдала иінінен тағы бір жаңа мектеп пайдалануға берілді. Талас ауданының Қасқабұлақ ауылынан да Қасқабұлақ орта мектебі, Меркі ауданының Тескентоған ауылынан №23 орта мектептің жаңа ғимараттары салынды. Қордай ауданының Көктөбе ауылынан №40 мектеп пен Соғанды ауылынан №33 мектеп халық игілігіне берілді. Ал Жуалы ауданының Қызыларық ауылынан Ы.Алтынсарин атындағы №17 орта мектеп пен Байзақ ауданының Байзақ ауылынан №4 мектеп ғимараты салынып, жергілікті халықтың көңіліне керемет күй сыйлады. Жамбыл өңіріндегі мектептердің ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Исабекұлы қатысып, жаңа буын жастардың білім алуына барлық жағдайдың жасалғанын, сондықтан да тек сапалы білім алып, болашаққа бет түзеу керектігін айтты.
Білім арқылы білік қалыптасады. Бүгінгі жастардың, ертеңгі ел азаматтарының бойындағы парасаттылық пен кемелдік мектеп қабырғасында жүргенде қалыптасатыны сөзсіз. Сондықтан да мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған тиісті қолдау мен қамқорлықты келешекке тартылып отырған инвестиция деуге болады.
– Облыста білім беру жүйесін дамытуға ерекше назар аударылуда. Аталған саланы қаржыландыру мақсатында ағымдағы жылы 106,1 миллиард теңге бөлінді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 8,0 процентке артық. Оның 7,4 миллиард теңгесі білім беру нысандарының құрылысы мен күрделі жөндеуге арналған. Нәтижесінде апатты жағдайдағы 3, үш ауысымда жұмыс істейтін 3 және оқушы орны тапшылығы бар 3 мектептің мәселесі шешіліп отыр, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова.
Жамбыл өңірінде жаңа оқу жылында 447 мектеп жұмыс істеп тұр. Ал биыл 14 білім беру мекемелерінің құрылысы жүргізілген болса, жаңа оқу жылында 9 мектеп пайдалануға берілді. Ал қалған 5 білім ошағы келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»
Жамбыл облысы