
Юрий Ильиннің айтуынша, биылғы шомылу маусымы басталғаннан бері ІІМ облыс әкімдіктерімен және мүдделі органдармен тығыз жұмыс жасай отырып, тәжірибелік және профилактикалық іс-шаралар кешенін жүргізген. Су айдындарының қауіпті және күзетілмейтін учаскелерінде (дала жағажайлары) құтқарушылар Төтенше жағдайлар комитеті мобильді құтқару бекеттерін ұйымдастырып, шомылуға тыйым салынған жерлерді белгілеген. Сонымен қатар бұл жерлерде тыйым салу және ескерту белгілері орнатылған.
Биылғы суға шомылу маусымы кезеңінде 8 мыңнан астам рейд жүргізіліп, ішімдік ішкен және ортақ су пайдалану қағидаларын бұзған 2,5 мың азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Юрий Ильин қабылданып жатқан шараларға қарамастан, шомылуға арналмаған су айдындарында азаматтардың қаза болу фактілері кездескеніне тоқталып өтті. Олардың 85 проценті суға шомылу маусымының басында тіркелген. Бұл ретте айта кетер жайт, кейбір азаматтардың өз өміріне салғырт қарауы.
Жалпы, қаза болудың негізгі себептері көп. Олардың қатарында қатты ағыс, аяқ-қолдың құрысуы, балық аулау кезінде ережелерді сақтамау, мас күйінде шомылу, жүзе білмеу, балалардың үлкендердің бақылауынсыз суға түсуі сияқты себептер бар. Азаматтар өлімінің басым бөлігі суға түсуге жағдай жасалмаған орындарда тіркелген.
2018 жылы өрт қаупі туындайтын кезеңде алдын алу шараларының нәтижесінде орман өрті 38 процентке, ал дала өрті 3 есе азайған. Қауіпті кезең басталғаннан бастап, барлық орман алқаптарында жеке тұлғалардың келуіне және көлік құралдарының кіруіне шектеу қою бойынша жалпы саны 325 мобильді топ құрылып, олар 2 мыңға жуық рейд жүргізген. Соның нәтижесінде 177 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
2018-2019 жылдары жылу беру кезеңінде өрт санын азайту мақсатында азаматтық қорғау органдары іс-шаралар жоспарын бекіткен. Мәселен, 15 қыркүйектен бастап өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Бұл айлық шеңберінде комитеттің аумақтық бөлімшелерінің инженерлік-инспекторлық құрамы жергілікті тұрғындармен жылу беру маусымының аяқталуына дейін жоспарлы жұмысын жүргізе бермек.
Венера ТҮГЕЛБАЙ,
«Егемен Қазақстан»