Аймақтар • 29 Қараша, 2018

Орал озық технологияны қолдануда озып тұр

370 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Жұмағалиев өңірде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды көрді.

Орал озық технологияны қолдануда озып тұр

Ақ Жайық өңірінде, соның ішінде Орал қаласында озық технологияны ендіру бойынша қол жеткен жетістіктер аз емес. Мәселен, Орал қаласындағы жоғары аграрлық-технологиялық колледжінде білім саласына BIM технологияны ендіру ерекше қолға алынған. Бастауын Астанадағы ЭКСПО көрмесінен алған бұл бастама Оралда жалғасын тауып, еліміз бойынша тұңғыш рет колледжде «BIM SPACE» виртуальды көрініс кабинеті» ашылды. Осы арқылы шәкірттер озық инновацияны оқу үдерісінде көріп, пайдаланып, жетілдіре алады. «Колледж бітірушілері бәсекеге қабілетті, жоғары деңгейлі маман болып шығады» дейді оқу орнының басшылары.

ВІМ технологиясы – жобалау-салу-пайдаланудың заманауи тәсілі. Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгінов биыл көктемде Хельсинки қаласында барғанда Финляндия Биснес-Хаб және «Collaprime Oy» компаниясымен арада үшжақты келісім шарт жасасқан еді. Соның нәтижесінде Батыс Қазақстанда финдік ІТ технология батыл енгізіле бастады. Жоғары аграрлық-технологиялық колледжі оқытушылары финдік сарапшылардың қатысуымен үш айлық оқу курсынан өтіп, Финляндияның озық инжинирингтік және жобалаушы компанияларында тәжірибе жинап қайтты. Колледж директоры Серік Мұхамбетәлиевтің айтуынша, студенттерді 3D жобасымен оқытатын құрылғыларды сатып алуға және колледж оқытушыларын оқытуға 133 миллион теңге қаржы жұмсалған екен.

Премьер-Министрдің орынбасары бұдан кейін Батыс Қазақстан облысының барлық аудандарынан іріктеліп алынған 102 оқушы білім алып жатқан ІТ лицейдің де жұмысымен танысты. Заманауи жатақханамен қамтылған, роботтехника, 3D моделдеу, бағдарлама жасау, ІТ-парк кабинеттері бар лицей түлектері интеллектуалы жоғары, ашық та озық ойлы мамандар дайындауды мақсат етіпті.

Орал қалалық әкімдігі жанынан ашылған «Ашық әкімдік» алаңы өзінің тиімділігін әлдеқашан дәлелдеген бастама. Бұл жерде азаматтарды түрлі мәселелермен қабылдау жүйесі «бір терезе» қағидасымен, әрі елімізде қалыптасқан «Халыққа қызмет көрсету орталығындағы» секілді ашық өткізіледі. Асқар Жұмағалиев осы жерде «Smart Uralsk» мобильдік қосымшасының тұсаукесеріне қатысты. Енді Орал қаласының тұрғындары қалтасындағы смартфон арқылы мың-сан шаруасын оңай бітіріп, мемлекеттік қызмет түрлерін тегін тұтына алады.

- Батыс Қазақстан облысында цифрландыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мемлекеттік қызмет түрлері жаппай электронды форматқа көшірілуде. Бүгінгі таңда өңірде «Smart City» тұжырымдамасына сәйкес «Қолжетімді әкімдік», «Smart Uralsk» орталығы, «Мамандандырылған ХҚКО», «Көші-қон ХҚКО» ашылып, қалыпты жұмыс жасауда. Сондай-ақ жер қатынастары саласында жер ресурстарының бірыңғай порталы ашылып, «Жер учаскесін таңдау актісін бекіту» қызметі автоматтандырылды. Бұрын азаматтар таңдау актісін алу үшін 3 ай күту керек болса, қазір бұл қызмет 5-12 күн аралығында көрсетілетін болды. Облыс орталығының және аудандардың ауруханалары интернетті 100% қамтамасыз ету мақсатында да бірқатар ауқымды жұмыс атқарылуда. Аталған сала министрлігінің қолдауымен келер жылы 60, ал 2020 жылы 33 елді мекен сапалы интернет қызметімен қамтылатын болады, - дейді өңір басшысы Алтай Көлгінов.

Орал қаласындағы медициналық мекемелердің де қағазсыз қарым-қатынасқа көше бастағанына біраз уақыт өтті. Нәтижелері өте жақсы. Премьер-Министрдің орынбасары мұның мысалын №3 емхана жүмысымен таныса жүріп өз көзімен көрді. Мәселен, қазірдің өзінде емхана көрсететін 121 есептік қызметтің 108-і қағазсыз атқарылады екен. Денсаулық сақтау мекемелерінде «Kazmedinform» медициналық-ақпараттық жүйесі, жедел жәрдемді автоматты басқаратын «АДИС» жүйесі енгізілген. Дәрігерге онлайн жазылу, т.б. көп шаруаны смартфон арқылы шешу үшін арнайы мобилдік қосымша жұмыс істейді.

Осы жерде Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев өңірде қолданысқа енгізілгелі жатқан екі пилоттық жобамен танысты. Оның бірі - «112» – бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік қызметі. Бұл қызмет Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінің Жедел басқару орталығы базасында құрылған. Ал екінші «109» қызметі – «Smart Uralsk» жобасына кіретін, Орал қалалық коммуналдық және апаттық қызметтердің Call-орталығы. Мұның жұмысын Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев түсіндіріп берді.

Премьер-Министрдің орынбасары өңірде озық технологияны енгізу дәрежесі жоғары екендігін атап өтті. Асқар Жұмағалиев цифрландыру үрдісі елдің бәсекеге қабілеттігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай тудыратынын, сондықтан бұл бағытты одан әрі жалғастыру қажеттігін айтты.

Сапардың екінші күні «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының Орал қаласындағы кеңсесінде «Батыс Қазақстан облысының цифрлы түрленуі» атты халықаралық форуммен жалғасты. Жиында әсіресе мұнай-газ саласына озық технологияны енгізу мәселесі талқыланды.

- Қазақстандағы төртінші өнеркәсіптік революцияның стратегиялық бағыты – Елбасы айтқандай, 2050 жылға дейін әлемнің ең озық 30 мемлекеті қатарына қосатын технологиялық секіріс болмақ. Соның ішінде біздің өңірдің дамуында цифрландыру үлесі үлкен: өмір сапасын арттыру, аймақтың инвестициялық тартымдылығын көтеріп, негізгі ресурстарды тиімді пайдалануға қол жеткізу. Қазіргі таңда экономиканың ең негізгі салалары бойынша 40-тан аса жоба жүзеге асырылып жатыр, деп атап өтті форумда сөз алған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Форум жұмысына Премьер-Министрдің орынбасары Асқар Жұмағалиев, орталық мемлекеттік органдар өкілдері, халықаралық сарапшылар, цифрландыру және ІТ саласында танымал дүниежүзілік ірі компания өкілдері қатысты.

Әрине, өмірдің әр саласын жаппай цифрландыру өз кезегінде тиісті инфрақұрылымды, мәселен қолжетімді әрі сапалы интернетті талап етеді. Алтай Көлгіновтің айтуынша, Батыс Қазақстан облысының барлық ауданы 2020 жылға дейін кеңжолақты интернетпен толық қамтылмақ.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»