Қоғам • Бүгін, 12:15

Қазақстанда көші-қон оң динамикаға ие болды – сарапшы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанда соңғы онжылдықта халық саны 2,8 миллион адамға артты. Бұл туралы Экономикалық зерттеулер институтының жетекші сарапшысы Шынар Төлешова мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстанда көші-қон оң динамикаға ие болды – сарапшы

Фото: Ашық дереккөз

Сарапшының айтуынша, демографиялық өсімде аймақтар бойынша айтарлықтай айырмашылық бар.

«Халық саны ең көп өскен өңірлер – Түркістан, Маңғыстау және Алматы облыстары мен ірі қалалар. Ал керісінше, халық саны азайған өңірлер – Солтүстік Қазақстан (8,7%-ға), Қостанай (6,3%) және Шығыс Қазақстан (3,3-ға)», деді Шынар Төлешова.

Шынар Төлешова пандемия жылдары күтпеген жерден туу көрсеткіші үшін ең сәтті кезең болғанын атап өтті. 

«2020 жылы туудың жиынтық коэффициенті бір әйелге шаққанда 3,13 баланы, ал 2021 жылы 3,32 баланы құрады. Бұл деңгей тәуелсіз Қазақстанның демографиялық тарихында алғаш рет орын алды. Алайда бэби-бум жылдарынан кейін туу көрсеткішінің біртіндеп төмендеуі байқалып отыр. Бұл – қалыпты демографиялық заңдылық, дегенмен, бұл үдерісті бақылауда ұстау қажет», деп түсіндірді сарапшы.

Сарапшының сөзінше, пандемия жылдары өлім-жітім көрсеткішінің күрт өсуі халықтың өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер еткен.

«2019 жылы өмір сүру ұзақтығы 73,39 жас болса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 71,51 жасқа, ал 2021 жылы 70,38 жасқа дейін төмендеді. 2024 жылы өмір сүру ұзақтығы 75,44 жасқа жетті. Әйелдер – орта есеппен 79,42 жас, ерлер – 71,33 жас өмір сүреді. Өкінішке қарай, ерлер мен әйелдер арасындағы өмір сүру ұзақтығының айырмашылығы 8 жасты құрап отыр және бұл соңғы онжылдықта өзгеріссіз сақталып келеді», деді Ш.Төлешова.

Сонымен қатар демографиялық үдерістердің тағы бір маңызды көрсеткіші – көші-қон. Бұл тұрғыда да соңғы жылдары айтарлықтай өзгеріс байқалады.

«2012 жылдан 2022 жылға дейін Қазақстаннан көшіп кетушілер саны көбірек болған. Алайда 2023 жылдан бастап бұл көрсеткіш оң бағытта өзгеріп, көшіп келушілер саны арта бастады. 2023 жылы көші-қон сальдосы 9 293 адамды, ал 2024 жылы 17 164 адамды құрады. Бұл – халық санының өсуіне көші-қонның да оң әсер етіп отырғанын көрсетеді», деді сарапшы.

Шынар Төлешованың пайымдауынша, Қазақстандағы демографиялық өзгерістер жалпы алғанда оң үрдісті көрсетіп отыр. Бірақ өңірлік теңсіздік, ерлер мен әйелдер арасындағы өмір ұзақтығындағы алшақтық және туу көрсеткішінің тұрақсыздығы секілді факторларға ерекше назар аудару қажет.