Білім • Бүгін, 11:58

Ақмола облысында 9 жайлы мектеп пайдалануға берілді

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру сапасын арттыру табысты ұлт қалыптастырудың негізгі алғышарты екенін ерекше атап өтті. Бұл бағытта Ақмола облысында білім беру саласындағы реформалар жүйелі түрде жүзеге асуда, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмола облысында 9 жайлы мектеп пайдалануға берілді

Өңірде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 12200 орынға арналған 9 бірдей «Жайлы мектеп» пайдалануға берілді. Бұл өз кезегінде өңірдегі мектеп тапшылығы мен үш ауысымда оқыту мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік берді. Аталған 9 мектептің 7-еуі Целиноград ауданында, ал қалған екеуі Көкшетау қаласында бой көтерді. Осылайша Целиноград ауданында оқушы орнының тапшылығы сегіз есеге, ал Көкшетауда 1,5 есеге қысқарды.  Жалпы Ақмола облысы - еліміз бойынша алғашқы болып жоспарланған мектеп құрылысын уақытында аяқтаған өңірлердің бірі.

 «Жайлы мектеп» -  бұл жай ғана оқу орны емес, балалардың сапалы білім алуы үшін барлық жағдай жасалған заманауи білім беру кешені, – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов, – сондай-ақ, мұнда бастауыш, орта, жоғары сыныптар үшін  арнайы  жеке блоктар қарастырылған. «Жайлы мектеп» бірнеше спорт залы, физика, химия, биология пәндеріне арналған заманауи зертханалар, STEM-зертханалар, робототехника кабинеттері қарастырылған. Жалпы алғанда, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы өңірімізде көптеген оқушы мен педагогикалық ұжым үшін заманауи, жайлы, сапалы білім алуға мүмкіндік беретін орта қалыптастырды.

Көкшетау қаласында бой көтерген №20 мектеп-гимназия «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған заманауи білім беру кешенінің бірі. 1500 орынға арналған жаңа оқу ордасы қаңтарда жұмысын бастады. Оқушылар тек бір ауысымда оқиды.  Ал екінші ауысымда оқушылар спорттық секциялар, түрлі үйірмелер, шығармашылық байқаулар мен іс-шараларға қатыса алады.

–Келешек мектептерінің ерекшелігі, бұл әркімнің қолы жететін, ешқандай емтихансыз қабылданатын барлық оқушыларды қабылдауға дайын мектеп, –дейді №20 мектеп-гимназиясының директоры Манаргүл Тоқан, –осы ғимараттың ішінде 356 кабинет жұмыс жасап тұр. Оның ішіне лабороториялар, оқу кабинеттері, басқа да жұмыс жасайтын қызметкерлердің орны жеке-жеке тағайындалған. Екінші жартыжылдықты бұл мектепті 60 мұғалім аяқтады. Алдағы уақытта оқушылардың жинауына байланысты тағы да мұғалімдердің саны артады деп күтіліп отыр.

Жалпы алғанда, облыс аумағында білім беру инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Қазір өңірдің тағы бірнеше елді мекенінде жаңа мектептердің құрылысы қолға алынған. Мәселен, Целиноград ауданына қарасты Жаңажол және Жарқайың ауданының Бірсуат ауылында 80 орынға шақталған мектеп салынуда. Сондай-ақ, Көкшетауда 500 орындық №10 мектеп пен Степногорск қаласына қарасты Бестөбе кентінде 300 орындық білім ордасының құрылысы жүріп жатыр. Барлық мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіледі.

Ақмола облысы