Қазақстан • 05 Желтоқсан, 2018

«Ұлы даланың жеті қыры: Қазақстан тарихына оң көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

1275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер инс­титутында Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын талқылауға арналған «Ұлы даланың жеті қыры: Қазақстан тарихына оң көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. 

«Ұлы даланың жеті қыры: Қазақстан тарихына оң көзқарас» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Елбасының бағдарламалық мақаласы қоғамның, ғылыми ортаның, шығармашылық зия­лы қауымның кең ауқымды тал­қы­лауына ие болды. Жалпы, адам­заттық және ұлттық тарихқа жаңа­ша тұжырымдамалық көзқарас Қазақстанның тарихын және тарихи ескерткіштерін сақтау мен дәріптеуге бағытталған жолды жал­ғастырады.

Алқалы басқосуды Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты директорының орынбасары Санат Көшкімбаев ашты. – Президент өз мақаласында тарихи белсенділікті ерекше атап өткен.  Кез келген кезеңнің артында жарқын болашаққа бет алған ұлт мүддесі тұрады. Міне, сондықтан да Президентіміз тарихи мүддені дамыту арқылы ұлттық сананы жаңғыртуды көздейді. Яғни біз өткеніміз бен болашағымызды байланыстыра отырып, осындай Ұлы даланың ұрпақтары екенімізді мақтан тұтуымыз керек. Біз тарихқа қарап, одан жарқын, шабыттандыратын және оң мысалдар табуымыз керек, – деді ол.

Сондай-ақ әл-Фараби атын­дағы Қазақ Ұлттық универ­си­тетінің археология және дала өркениеті ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының директоры Виктор Зай­берт баяндама жасады. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында бір жағынан отандық ғылымның жетістігі мен қоғамның дамуын атап өткен болса, екінші жағынан еліміздің болашағына философиялық көзқарастардың кең арнасын салып беріп отыр. «Жалпы, Елбасы айтқан Ұлы дала жүйесі әлемге көптеген жаңалықты берді. Ұлы дала ХVІІІ-ХХ ғасырларда та­рихшылар  жазғандай өтпелі дәліз ғана емес, Еуразияның бүкіл аумағында игі инновация­лар тудырған өркениет ошағы бол­ды. Ежелгі зерттеулер көрсет­кендей, Ұлы далада өрке­ниет пен үдерістің деңгейі тек ма­те­риалдық база көзімен ғана емес, ең алдымен рухани әлем және әлеуметтік-саяси бағдарларымен ерекшеленеді. Тарихи дамудың болашағында оның жүріп өткен мыңдаған терең қабаттары жатыр»,  дейді тарихшы В.Зайберт. 

Дөңгелек үстел барысында Ұлы даланы жүйелі қарастыруға қажетті негізгі императивтер, әлемдік үдерістердегі Қазақ­стан­ның рөлін қайта қарастыру сияқ­ты күрделі мәселелер сөз бо­лып, нақты жобалар мен бағ­дарламалар талқыланды.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»