Энергетика • Бүгін, 11:44

Қазақстан мен Қытай энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада Power Central Asia + China атты алғашқы өңірлік энергетикалық форум өз жұмысын бастады. Ауқымды іс-шараны еліміздің Энергетика министрлігі мен «инфрақұрылым және инновациялық дамуға жәрдемдесу қауымдастығы» бірлесіп ұйымдастырып отыр. Форум «Орталық Азия – Қытай» саммиті аясында өткізіліп, энергетика, өнеркәсіп және жоғары технологиялар саласындағы екіжақты стратегиялық бастамаларға жол ашуды көздейді, деп жазады Egemen.kz.

Қазақстан мен Қытай энергия қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті

Форумның басты міндеті – Қазақстан мен Қытай арасындағы саяси өзара сенімге негізделген келісімдерді практикалық деңгейде жүзеге асыру. Бұл еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге, отандық шикізатты терең өңдеуге және тиімді энергия экономикасына көшуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, маңызды инвестициялық жобалар мен стратегиялық құжаттарға қол қою жоспарланған.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Қазақстан мен Қытай арасындағы энергетикалық әріптестікті «алтын отыз жылдыққа» бет алған кезеңдегі жаңа серпін деп бағалады.

«Негізгі бастамалар қатарында – Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Ақтөбе облысында карбамид өндіретін зауыт салу, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздері саласында ауқымды жобаларды іске асыру бар. Бұл – әртараптандырылған, технологиялық экономика құруға бағытталған қадамдар», деді Е. Ақкенженов.

Министр

Пленарлық сессияда тараптар бірнеше ірі жобаны таныстырып, бірқатар келісімдерге қол қойды. Атап айтқанда:

  • Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту: ҚР Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» АҚ және CNPC арасында зауыттың қуаттылығын жылына 12 млн тоннаға дейін арттыруға бағытталған негіздемелік келісім жасалды.

  • Карбамид зауыты: Ақтөбе облысында жүзеге асырылатын жоба бойынша Қазақстанның Энергетика министрлігі, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, CNPC және облыс әкімдігі арасында келісімге қол қойылды.

  • Газ саласындағы ынтымақтастық: «Солтүстік-1» жобасы бойынша Энергетика министрлігі, «QazaqGaz» ҰК» АҚ және CNPC арасында үшжақты мәлімдеме қабылданды.

  • Жаңартылатын энергия көздері: «Сауран» күн электр станциясын салу, гидроаккумуляциялық станциялар мен сутегі энергетикасы бағытында Қытай компанияларымен меморандумдар жасалып жатыр.

    форум

Форум аясында PowerChina, Huawei және Longi сияқты ірі қытайлық корпорациялар Қазақстанда өндірісті жергіліктендіру және технологиялық шешімдерді енгізу ниетін білдірді. Бұл бағытта зерттеу орталықтары мен жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөнінде нақты уағдаластықтар бар.

Сонымен форум соңында энергетика саласындағы жетекші компаниялар мен инвесторлар өзара келісімдерге ресми түрде қол қойып, жаңа бастамаларға негіз қалады. Шымкент МӨЗ-ін жаңғырту, газ-химия жобаларын іске асыру және баламалы энергетика технологияларын енгізу – Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестіктің келесі кезеңін айқындайтын маңызды бастамалар саналады.

Power Central Asia + China форумы — өңірлік энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және ұзақ мерзімді экономикалық өсімді қолдауға бағытталған стратегиялық алаң ретінде танылып отыр.