Қоғам • Бүгін, 12:30

Отбасындағы зорлық-зомбылық едәуір азайды - Ерлан Қарин

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған заңның нақты нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отбасындағы зорлық-зомбылық  едәуір азайды - Ерлан Қарин

Фото: Ашық дереккөз

Естеріңізге сала кетейік, былтыр Президент 2024 жылғы 15 сәуірде қол қойған Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заң былтыр 16 маусым күні күшіне енген болатын.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, Мемлекет басшысы билікке келген сәттен бастап әйелдер мен балалардың құқығын қорғау ісін басты басымдық ретінде белгілеген.

«Қасым-Жомарт Тоқаев тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы ымырасыз күресу өзінің мызғымас ұстанымы екенін үнемі айтып жүр.Қабылданған заңның және мемлекет жүзеге асырып жатқан нақты шаралардың нәтижесінде Қазақстанда әйелдер мен балалардың құқығын қорғаудың озық заңнамалары мен тиімді жүйесі қалыптасты. Нәтижесінде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері едәуір азайды. Мысалы, жыл басынан бері құзырлы органдарға тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты түскен арыздардың саны былтырғы осы уақытпен салыстырғанда 20,5%-ға төмендеді», деді Ерлан Қарин.

Ерлан Қаринның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты арыз-шағымдар саны былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 20,5%-ға азайған. Аса ауыр тұрмыстық қылмыстар саны 44%-ға, ал ауыр сипаттағы қылмыстар 29%-ға төмендеген. Сонымен қатар кәмелет жасына толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар 21,3%-ға, ал педофилияға қатысты қылмыстар 40,7%-ға азайған. Соңғы 5 жылда әйелдердің құқықтарын бұзған қылмыстар саны екі есе төмендеген.

Сонымен қатар Мемлекеттік кеңесші жазаның күшейтілуі мен алдын алу шараларының жаңа тәсілдері өз жемісін беріп жатқандығын атап өтті:

1.  Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарды анықтау көрсеткіштері айтарлықтай артты. Жаңа тәсілдің, яғни, ресми түрде арыз берілмесе де, өңірлерде құрылған жедел топтардың, полиция қызметкерлерінің, куәгерлердің берген деректері мен әлеуметтік желілерді сараптаудың нәтижесінде биылғы қаңтар-мамыр айларында 19 мыңнан астам осындай оқиға анықталды.
 
2. Мектептерге «111» мемлекеттік байланыс орталығының QR-коды орнатылғаннан кейін балалар арасындағы зорлық-зомбылық, буллинг, күрделі психикалық-эмоциялық жағдайларды анықтау көрсеткіші артты. Биыл 5 айдың ішінде 86 мың бала осы қызмет түріне жүгінген. Соның ішінде 2 мыңнан астам бала зорлық-зомбылықтан, буллингтен, сыныптастарымен, ата-анасымен күрделі қарым-қатынастан күйзеліске түскенін айтып көмек сұраған. Балалар өзіне өзі қол жұмсамақ болған 28 оқиға анықталып, қатердің беті қайтарылған. «111» қызметіне хабарласқан азаматтардың саны да көбейіп келеді. Соңғы бес айда бұл нөмірге балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, психологиялық көмек алу және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерін айту үшін және басқа да әлеуметтік мәселелермен 62 мың ересек адам хабарласқан.
 
3. Отбасыларға, әйелдер мен балаларға көмек көрсету ауқымы кеңейді. Қазірге дейін психологиялық көмек көрсететін 20 орталық ашылды. Еліміздегі 112 қала мен ауданда отбасыларды қолдау орталықтары жұмыс істеп тұр. Осы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 34 мың отбасына әлеуметтік, психологиялық және құқықтық көмек көрсетілді, 2 мың отбасына әлі де көмек көрсетіліп жатыр.
 
4. Агрессормен психологиялық жұмыс жүргізу зорлық-зомбылықтың алдын алудың жаңа тәсілі ретінде дамып келеді. Биыл сот үкімімен 52 «бұзақы» денсаулық сақтау мекемелерінде психологиялық көмек алуға міндеттелді.