
Әуел баста осы іс терапия бөлімшесіндегі айналымға келмейтін жалғыз бөлмеден басталған. Ол тұста маман да тапшы, ал материалдық-техникалық база мүлде әлсіз. Жүрек ауруларының себептерін зерттейтін, емдейтін жаңа сипаттағы күрделі әрі қуатты медициналық құрал-жабдықтар жоққа тән. Әйткенмен, бүгінде әлемнің бай да бақуатты, экономикасы дамыған елдерінің өзінің бас ауруына айналып отырған жаңа ғасырдағы №1 дерт есебіндегі жүрек ауруларын емдеуге деген ынта-ықылас зор еді. Баяғы бір бөлмеден басталған жүрек ауруларымен күрес қарқын алған тұс 2005 жыл еді.
Бұған дейін де талай тамаша жетістіктерімен өңірдің шынайы алғысына бөленген облыстық аурухана жанындағы кардиологиялық орталық ашылып, жаңа сипаттағы медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Ең алғашқы коронароангиография өткізілді. Саланың салмақтана түсуіне Үкіметтің «Қазақстан Республикасында 2007-2009 жылдарда кардиология саласын және кардиологиялық көмек көрсетуді жетілдіру туралы» қаулысы себепші болды. Бағдарлама аясында 2008 жылдың 1 сәуірінде бұрынғы ангиохирургия бөлімшесінде ангиография кабинетімен жабдықталған 20 кереуеттік кардиохирургия бөлімшесі ашылды. Осы бағдарлама өңірде ғана емес, еліміздің барлық облысында кардиология саласын дамытуға бірден-бір себепші болды. Мамандар шетелдерде оқып үйрене бастады. Өздері ғана барған жоқ, Еуропа елдерінің тәжірибелі мамандары да келіп нақты көмек көрсетті. Сөйтіп нәтижелі әріптестік басталды. Кардиохирургия саласының мамандары Ресей, Литва, Израиль елдеріндегі озық тәжірибелерді меңгерді. Осы бөлімшеде 2008 жылдың 7 шілдесі күні тұңғыш рет аортокоронарлы шунттау операциясы Астана қаласының Ұлттық медицина орталығының бас кардиохирургі Ю.Пяның қадағалауымен өткізілді. Литва кардиохирургтерінің 2008-2009 жылдар аралығында көрсеткен практикалық көмегінен кейін 2009 жылдың 8 желтоқсанында алғаш рет Ақмола облыстық ауруханасында жергілікті кардиохирургиялық дәрігерлермен маммарлы-коронарлы отасы жасалды. Ота жасаған − кардиохирург Нұрлан Мінайдаров. 2012 жылдың 4 қаңтарынан бастап кардиохирургия бөлімшесі «Жүрек орталығы» кешенінің бірінші қабатына көшіп, бөлімше меңгерушісі Нұрлан Мінайдаров болып тағайындалды. Сол жылы бөлімшеде туа пайда болған ақаулары бар балаларға хирургиялық ем жасала бастады. Тыңға түрен салудың қаншалықты қияпат шаруа екендігін әркім де біледі. Әріптестік негізінде жүрек-тамыр жүйесі ауруларын диагностикадан өткізудің жаңа әдістемелері батыл енгізілетін болды.
–Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қамқорлығының арқасында денсаулық сақтау саласы жаңа биікке жетіп отыр, – дейді облыстық аурухананың директоры Нұрлан Жаров, – жыл сайынғы халыққа жолдаған Жолдауларында да еліміздің басты байлығы саналатын денсаулыққа ұдайы көңіл бөлінуде. Осындай қамқорлықтың нәтижесінде облыстық аурухананың жанындағы «Жүрек орталығының» материалдық-техникалық базасы жаңа заман талабына сай медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, кардиолог мамандардың біліктілігі жетілдіріліп, орталықтың жалпы қуаты артып келеді. Солай бола тұра өңір тұрғындарына өз денсаулықтарына өздері қамқор болып, саламатты өмір салтын сақтау туралы кеңес берер едім.
Шынында да, жүрек ауруымен ауыратындар қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқаны да белгілі, себебі де сан алуан. Жүрек аурулары әртүрлі аурулардың асқынуынан немесе қан тамыры жүйесі қызметінің бұзылуы мен зақымдануынан пайда болатын аурулар. Оның ішінде жиі кездесетін түрлері ревматизм, гипертония, жүрек ақауы, жүрек демікпесі, жүрек және қан тамыры неврозы, миокард инфарктісі және басқалары. Ғалымдардың айтуына қарағанда, бұл аурудың пайда болуының себепкері эмоциялық көңіл күйдің түсуі мен күйзеліс көрінеді. Түсінікті тілмен айшықтайтын болсақ, адам күйзеліске түскенде оның сезім мүшелерінің қызметі төмендемек.
2008 жылы облыста тұңғыш рет бүйрек ұлпалық артериялық гипертензиясымен ауыратын сырқатқа бүйрек стенттеуі жасалды. Осы саладағы ғылыми жаңалықтар тәжірибеге батыл енгізіле бастады. Ал 2010 жылғы кардиостимулятор қою сырқаттардың ғұмырын ұзартатын жаңа бір әдіс болып есептеледі. Сырқаттар кардиология бөлімшесінде ем-дом қабылдап, ота жасалғаннан кейін олардың ағзасындағы өзгерісті дәрігерлердің мұқият қадағалауы қажет. 2010 жылдан бастап кардиология бөлімшесінде «Сау жүрек» кабинеті жұмыс істейді.
2013 жылы кардиология саласының барлық бөлімшесі жаңа ғимаратқа көшірілді. Ең жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазіргі күні «Жүрек орталығында» екі кардиология, кардиохирургия, кардиосауықтыру, эндоваскулярлық хирургия бөлімшелері жұмыс істейді. Ұйымдастыру-әдістемелік шараларын жүйелі жүргізудің нәтижесінде өңірде өткір миокард инфаркті салдарынан өмірмен қош айтысатындар саны айтарлықтай азайды. Кардиохирургтер жыл сайын жүрекке 230-дан астам ота жасайды.
Уақыт бір орында тұрмайтыны тәрізді медицина саласында да, оның ішінде жүрек ауруларын емдеу тәсілдерінің де ұдайы жаңғырып, жаңарып отыратындығы әмбеге аян. Сондықтан да емдеу сапасын жақсартуға байланысты ілкімді іс жүйелі түрде жүзеге асырылуда. «Жол картасы» бағдарламасы шеңберінде өткір миокард инфарктіге душар болған сырқаттарға медициналық көмек көрсетудің жаңа моделін қамтитын 2016-2019 жылдарға арналған іс-шаралар тізбесі жасалды.
Саламатты өмір салтын насихаттауға, аурудың алдын алуға үзбей көңіл бөлінуде. Алдағы уақытта да білімдері мен біліктіліктерін үзбей жетілдіре бермек. Кардиохирургиялық және интервенциялық кардиология бөлімшесінде жүректің ишемиялық ауруы, жүре пайда болған, туа пайда болған жүректің ақаулары бар науқастарға диагностикалық және хирургиялық ем көрсетіледі.
Білікті дәрігерлердің ем-домы шипа болып, сырқат жүрек соныдан қуат алғандай. Қайтадан қалыпты машықпен бүлкілдеп соға бастады.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы