
Қаһарлы қыста жылусыз қалмаймыз
Жылу беру маусымының өту барысын баяндаған Энергетика министрі Қанат Бозымбаев жалпы күзгі-қысқы кезең штаттық режімде өтіп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, күні кеше ең жоғарғы электр жүктемесі 14 740 мегаваттқа жетіп, рекордтық көрсеткіш орнаған. Биылға жоспарланған электр стансаларындағы жөндеу жұмыстары іс жүзінде аяқталып, 8 энергоблок, 52 қазандық пен 44 турбина, 28,3 мың шақырым электр беру желілері және орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 500 қазандық жөндеуден өткен.
− Электр стансаларының отын қоймаларында 4 млн тонна көмір және 112 мың тонна мазут жинақталды. Ал орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы қазандықтарда көмір қоры – 978,8 мың тоннаны, мазут 115,2 мың тоннаны құрап отыр, – деді Қ.Бозымбаев. Энергетика министрінің айтуынша, министрлік орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін жұмыстарды жалғастыруда.
Күн тәртібіндегі тақырыпты жалғастырған Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылумен қамту, сумен қамту және су бұру желілерінде технологиялық бұзушылықтарға қатысты жылыту маусымының барысына мониторинг жүргізіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жылыту маусымы басталғалы бері коммуналдық жүйелерде 24 технологиялық бұзушылық анықталып, әкімдіктер оның барлығын қысқа уақыт ішінде жойған.
Ж.Қасымбек баяндамасында басымдық берілген тағы бір мәселе − дебиторлық берешекке қатысты. Биылғы желтоқсан айындағы жағдай бойынша берешек көлемі 12 995 млн теңгені құраған. Осыған орай әкімдіктер дебиторлық берешекті азайту жұмыстарын бақылауды күшейтулері керек және берешектердің өсуіне жол бермеулері қажет екенін сала министрі ескертті.
Көмір тапшылығын болдырмас үшін барлық тиісті шаралар жүргізілуде. Жылдық жоспар бойынша елімізде көмір қорлары 93,2% қамтылған. Республиканың барлық аймақтарындағы коммуналдық-тұрмыстық секторларда көмір жеткізу кестесі уақытынан бұрын орындалып отыр.
− Биыл жыл басынан бері еліміздің көмір өндіруші компаниялары 109,2 млн тонна көмір өндірген. Энергия өндіруші кәсіпорындарға 56,4 млн тонна көмір жөнелтілді. Коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа 12,4 млн тонна көмір жөнелтілді. 27,7 млн тонна көмір экспортталды. 2018 жылдың соңына дейін көмір өндіру көлемі шамамен 112 млн тонна болады деп күтілуде. Биыл жылыту маусымы басталғаннан бері (1 мамыр-20 желтоқсан аралығында) теміржол көлігімен 46,8 млн тонна көмір тасымалданды, − деді Ж.Қасымбек. Ал соңғы 4 аптада еліміздің барлық өңірінде коммуналдық-тұрмыстық қажеттілік пен халыққа сатылатын көмірдің бағасы орта есеппен 15-20%-ға төмендеген.
Тақырыпты қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жалпы биылғы жылыту маусымы технологиялық ақаусыз, қалыпты өтіп жатқанын айтты. Дегенмен, бұл мәселе барлық әкімдердің жіті бақылауында болуы керектігін де ескертті.
Бағаның төмендегенін халық сезінуі тиіс
Үкімет сағатында талқылауға түскен екінші мәселе − тарифтер мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын төмендету жөніндегі атқарылып жатқан жұмыстарға қатысты. Энергетика министрі Қ.Бозымбаев келтірген ақпаратқа сәйкес, Қазақстанда алғаш рет электр қуатының орталықтандырылған сауда-саттығы өткізіліп, онда қуат бағасы шекті деңгейден 9%-ға төмендеген. Оның ішінде «Астана-Энергия» тарифі 19,1%-ға, Шымкент қаласының ЖЭО тарифі 0,4%-ға, Өскемен СЭС тарифі 33,8%-ға, Шүлбі СЭС тарифі 23,1%-ға, Екібастұздағы МАЭС-1-дің тарифі 20,9%-ға төмендеп отыр.
Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің айтуынша халыққа жөнелтілетін көмірдің шамамен 70%-ы Шұбаркөл мен Қаражыра кен орындары есебінен қамтамасыз етіледі. Осыған байланысты, министрлік тарапынан Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындарының республикалық қауымдастығымен бірігіп меморандум жобасы әзірленіп, әкімдіктер мен трейдерлер арасында шамамен 90 меморандумға қол қойылды.
− Биылғы қарашадан бастап қол қойылған меморандумдарды іске асыру аясында жылыту маусымының аяғына дейін Шұбаркөл көмірі орта есеппен 15-20%-ға, Қаражыра көмірі 5-10%-ға арзандады, – деп хабарлады министр.
Бүгінде Ақмола облысында Шұбаркөл көмірінің бағасы 2400 теңгеге немесе 17%-ға төмендеді, ал Қаражыра көмірінің бағасы 800 теңгеге немесе 5%-ға арзандаған. Ал Ақтөбе облысында Шұбаркөл көмірінің бағасы 2500 теңгеге немесе 16%-ға төмендеді, ал Қаражыра көмірінің бағасы 1000 теңгеге немесе 6%-ға түскен. Алматы облысында Шұбаркөл көмірінің бағасы 3100 теңгеге немесе 21%-ға, ал Қаражыра көмірінің бағасы 1000 теңгеге немесе 5-6%-ға арзандаса, Жамбыл облысында Шұбаркөл көмірінің бағасы 2500 теңгеге немесе 17%-ға төмендеп отыр. Бұл тізімде Қарағанды облысы (1700 теңгеге немесе 16%-ға), Қостанай облысы (2950 теңгеге немесе 20%-ға), Қызылорда облысы (2050 теңгеге немесе 14%-ға), СҚО (Шұбаркөл көмірі 2250 теңгеге немесе 16%-ға, Қаражыра көмірі 800 теңгеге немесе 5%-ға), Түркістан облысында (3000 теңгеге немесе 14%-ға), Астана қаласында (3000 теңгеге немесе 16%-ға), Алматы қаласында («Шұбаркөлдің» теміржол тұйығындағы көмір бағасы 1800 теңгеге немесе 13%-ға, ал Қаражыра көмірі 800 теңгеге немесе 6%-ға), Шымкент қаласында (Шұбаркөл көмірінің бағасы 2550 теңгеге немесе 18%-ға) арзандады.
Тарифтер мен әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағаларын төмендету бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндаған Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының өзгеруі өткен аптамен салыстырғанда еш өзгеріссіз екенін айтты. Тек әлемдік үрдістердің әсерінен қант нарығындағы бағаның өсуі біздің елге де әсер етсе, қырыққабат құны өндірістің немесе сақтау орындарының болмауы салдарынан қымбатқа түсіп отыр.
Тақырыпты қорытындылау барысында Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев барлық қазақстандықтар Мемлекет басшысы тапсырмасының орындалу қорытындысын сезінуі керек екенін атап өтті. Өңір әкімдеріне Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, келесі жылдың 1 қаңтарына дейін ПИК қызметтерінің тарифтерін төмендету бойынша және әкімдіктің қарауындағы басқа коммуналдық қызметтер бойынша тиісті шешімдер қабылдау тапсырылды. Жаңа жылдан бастап барлық қызметтердің жеткізушілері бекітілген төмендетілген тарифтерді ұстануы керектігі, сондай-ақ олардың құрылуы халыққа барынша айқын әрі түсінікті болуы керектігі ескертілді.
Бұдан өзге, Б.Сағынтаев базарлардағы көкөніс бағасының негізсіз шарықтап жатқанын сынға алып, Ұлттық экономика министрлігіне мәселені шешуді тапсырды.
Суармалы жерлердің жоспары бекітілді
2028 жылға дейін суармалы жерлерді дамыту жоспарын Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Арман Евниев таныстырды. Бағдарламаның негізгі мақсаты – 3,5 млн га суармалы жерді суару суымен қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда суармалы жерлердің ауданы 1,4 млн га құрайды. Жоспарды іске асыру айналымнан шыққан, алайда қажетті 600 мың га суармалы жерлерді қалпына келтіріп, жаңа 1,5 млн га суармалы жерлерді іске қосуды көздейді. Бұл тұста жалпы өнім 3,7 трлн теңгені құрамақ.
− 2028 жылға қарай қалпына келтірілетін және жаңадан пайдалануға енгізілетін суармалы жерлерде бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер – 3 727 млрд теңгеге дейін суармалы жерлердің жалпы түсімінің өсімін 1 жұмыскерге шаққанда 5,8 млн теңгеге дейін өнімді өндіру өсімі, – деді А.Евниев.
Қазақстандағы Азия даму банкінің тұрақты өкілдігінің директоры Д.Капанелли жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігімен 2019-2021 жылдар аралығында агросекторға 2 млрд долларға дейін инвестиция салу жөніндегі өзара іс-қимыл туралы ірі меморандум бойынша жұмыс аяқталатынын хабарлады. Бұл меморандумның негізі суландыру құрылымдарын жаңғыртуды қолдауға бағытталған. Мәселені қарау барысында Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев суармалы жерлерді дамыту бағдарламасы аса маңызды екенін атап өтті. Себебі бүгінгі таңда суармалы жерлер егістік алқабының 7%-ын құрайды. Бұған қарамастан, ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы өнімінің 40%-ы осы суармалы жерлерде шығарылады.
Өз кезегінде Премьер-Министр Б.Сағынтаев жоспар жобасы барлық мүдделі министрліктермен, өңірлермен келісілгенін атап өтті. Ауыл шаруашылығы министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және өңірлердің әкімдерімен бірлесіп, жоспар шараларын сапалы әрі уақтылы іске асыру тапсырылды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»