
Салықтық берешектің қисынсыз бейнеті
Баяндамашы Ә.Смайыловтың айтуына қарағанда, Мемлекеттік кірістер органдары былтыр 22 млн қызмет көрсеткен. Енді мемлекеттік қызметтерді әрі қарай оңтайландыру және автоматтандыру мақсатында ведомствоаралық комиссия деңгейінде жол карталары бекітілген. Сондай-ақ қызметтердің көбін электрондық үкімет порталына шығару көзделіп отыр. Аталған жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылға қарай Қаржы министрлігі қызметтерінің 95 проценті электрондық форматта көрсетілетін болады.
Қаржы министрі көп ұзатпай, яғни 2019 жылдың соңына таяу салық төлеу жүйесі бірыңғай электрондық әмиян арқылы жүзеге асатындығын атап өтті. Бұл жаңашылдыққа Эстонияның тәжірибесі оңтайлы саналған.
– Онда салық төлеушілер салықты бір реквизитке төлейді. Сосын сол сома жеке тұлғалардың барлық салықтары бойынша автоматты түрде тарайды. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері 2019 жылдың соңына қарай Бірыңғай электрондық әмиянға түскен салық төлемдерін өздері шоттар бойынша таратады. Салықтарды қате төлеуді болдырмау нәтижесінде төлем құжаттарының саны қысқартылады, анықталмаған төлемдер мен негізсіз айыппұлдар алынып тасталады, инкассалық өкімдер саны қысқартылады, салық төлеушілердің уақыты үнемделеді, – деді Қаржы министрі.
Енді осыған байланысты электрондық әмиян арқылы салықтарды төлеудің бірыңғай сервисіне өту үшін ақпараттық жүйені пысықтау және деректер базасын өзектендіру қажеттілігі туындап отыр.
Ә.Смайылов цифрлы технологиялар туралы егжей-тегжейлі айтқанымен, депутаттар соңғы 4 жылдан бері оң шешімін таппай отырған мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, депутат Гүлжан Қарағұсова халық арасында түсіндіру жұмыстарының кемшіндігінен азаматтар салық берешектеріне байланысты шектеулерді тек банктер мен әуежайларда ғана біліп жататындығын алға тартты. Оған қоса аталған мәліметтер көп жағдайда қате болып шыққан.
– Жылжымайтын мүлік нысандары, көлік пен жер теліміне байланысты мәліметтер уақытында жаңартылмайтындықтан, оның зардабын салық төлеушілер тартып келеді. Соның кесірінен көптеген адам еңбек демалысы кезінде ел аумағынан тыс жерге шығуда, банктерден есепшот ашуда, несие рәсімдеуде кедергілерге тап болып, уақыттарын жоғалтады. Салықты уақытында төлегендерін дәлелдеу үшін едәуір бейнеттенеді, – деді Г.Қарағұсова.
Ең жаманы, бұл әурешіліктер үшін ешкім де жауапкершілік алмаған. Ал ең сорақысы, аталған мәселелерді бірыңғайлауға бюджеттен жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді екен. Мәселен, тек 2015-2018 жылдар аралығында Қаржы министрлігінің 30-дан астам ақпараттық жүйесінің, оның ішінде Мемлекеттік кірістер комитетінің 20 жүйесінің қызметін қолдау үшін 34,5 млрд теңге жұмсалған. Салықтық әкімшілендіру жүйесін реформалауға мұнан бөлек 2,5 млрд теңге бөлінген. Ал 2019 жылға дәл осы мақсаттарға сәйкесінше 9,5 млрд және 2,4 млрд теңге қаражат қарастырылған.
Ал депутат Құдайберген Ержан ішкі істер және салық органдарындағы мәліметтер жаңартылмайтындықтан, тұрғындар бұрын сатылып кеткен көлігі үшін салық төлеуге мәжбүр екендігіне назар аударды.
Бұл сауалға жауап берген Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, соңғы екі жылда ІІМ көлік бойынша 16 миллионнан астам қате деректі түзеткен.
– Енді 16 150 жазбаны түзету керек. Бұл жұмысты 5-6 айда бітіреміз деп ойлаймыз. Енді көлік туралы ақпарат Қаржы министрлігіне онлайн режімде беріледі. Осы қызмет 2019 жылдың 10 қаңтарынан бастап іске қосылды, – деді Е.Тұрғымбаев.
Оның сөзін қостаған Қаржы министрі Әлихан Смайылов алдағы уақытта бір адамға бірнеше ондаған көліктің тіркелуі сынды қателікті болдырмау үшін ведомствоның ақпараттық жүйесінде биылдан бастап арнайы форматтық-логистикалық бақылау қарастырылатындығын айтты.
Қаржы министрінің депутаттардың деректер қорындағы қателіктерге байланысты сауалдарына түйткілді мәселенің бар екендігін мойындай отырып, жауап беруіне тура келді.
Кассалық аппараттарды жаңғырту мерзімі қысқарды
Ә.Смайылов келтірген деректерге қарағанда, контрафактілік өнімдерден қорғау, бизнестің бәсекелестік жағдайларын теңестіру және көлеңкелі экономика көлемін қысқарту мақсатында тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін құру бойынша жұмыс жүргізілуде. Осыған байланысты қазір тері бұйымдарын таңбалау бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылуда. Бүгінге дейін 250 мыңнан астам тері бұйымдары таңбаланған. Осының арқасында, тері бұйымдарын декларациялайтын импорттаушылардың саны 40 процентке өскен.
– Табысты төмендетіп көрсететін салық төлеушілер анықталды. Патент негізінде қызметін жүзеге асыратын субъектілер саны 13 есеге қысқарды. Импорт бойынша кедендік баждар мен салықтар түсімдері 1,5 есеге өсті. 2018 жылғы қазан айынан бастап темекі өнімдерін таңбалау бойынша қанатқақты жоба басталса, биыл дәрілік заттар таңбалана бастайды, – деді Қаржы министрі.
Ә.Смайыловтың айтуынша, бүгінгі күні қолданылатын фискалдық жадысы бар бақылау-касса машиналары елімізде 1995 жылдан бері қолданыла бастаған. Демек, технологиялардың дамуын ескерсек, олар техникалық тұрғыда ескірген деуге негіз бар.
Сондай-ақ «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе онлайн бақылау-касса машиналарын жаппай қолдану мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру бойынша шешім қабылданған. Оған қоса, смартфондағы мобильді онлайн бақылау-касса машиналарын дамыту іске асырылуда.
– Онлайн бақылау-касса машинасын енгізу өз тиімділігін көрсетті. Астанада қанатқақты қадам ретінде 1700 кәсіпкерлік субъектісі іріктелді. Олар күніне бір ғана чек шығарып, күн сайын бірқалыпты табысты көрсететін. Онлайн бақылау-касса машина ақпараттарының негізінде олардың ресми түсімдері 3 есе артты (68 млн теңгеден 171 млн теңгеге дейін). Бюджетке осы бастаманың арқасында тек былтырғы екінші жартыжылдықта қосымша 1 млрд теңгеге жуық қаржы түсті, – деді Әлихан Смайылов.
Осылайша, Қаржы министрлігі Мемлекет басшысының Жолдауларын іске асыру мақсатында салықтардың жиналуын 2018 жылғы 16,9 проценттен 2025 жылы ішкі жалпы өнімнің 25 процентіне дейін арттыруды мақсат етіп отыр. Абсолюттік мәнде бұл 2025 жылға дейін бюджетке 5,5 трлн теңге қосымша түсім береді.
Үкімет сағатының қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға салықтық және кедендік әкімшілендірудегі цифрлы технологиялар жөнінде ұсынымдар әзірленетін болады.
Серік ӘБДІБЕК,
«Egemen Qazaqstan»