Түсіме неге сол бір марқұм кіред?
Алтынкүрек асыл сезімнің өзі айықтыра алмаған («қыз ғұмырдың қызығын көре алмаған») сол қыршын тағдыр трагедиясын кім қаншалықты түсінді осы?! Әрине кез келген болмашы суық сөз, сынық сәуле ақынның жүрегінен бірінші өтеді. «Талайды қу қара жер жұтып алған» жалған фәниді ақын бейсана түйсінеді. Ақынның түсіне кірген перизат ару образы – алтынкүрек.
Алтынкүректің бір кілті осы трагедияда жатыр... Ақынның өмір суытқан салқын жүрегін жылытқысы келеді, дұрысы біздің жүректі ақынның алтынкүрек жыры жібіткісі келеді.
Бұл біздің долбар. Ақынды мақтаудан аулақпыз. Шын ақын терең болған сайын мақтау-марапатқа керең бола түседі. Бір сөзбен айтқанда, кітаптың атауы өте сәтті қойылған. Бүкіл поэзияның атынан сөйлер сәулелі сөзді еншілеген ақын шығармашылықта шыңда болса екен дейміз.
Қысқасы, ақын досы Дәурен Берікқажыға арнаған «Аңғал» деген өлеңінде былай дейді Бағдат:
Қыршылмаған бармағымыз жоқ еді,
Әдебиеттанушы ғалым Қуаныш Сейітжанов «Өлеңнің бүтінінен бөлектеніп тұрған, айтар ойы оқшау бәйіттей екен, осы екі тармақ. Шығыста шайырлар бас қосатын мәйханалардың төріне іліп қояды деседі мұндай «бәйіти масалдарды» ( Абайдың «бәйтісымал» дегенінің төркіні осы). Өмірдің өткіншілігі, жалғандығы – мәңгілік тақырып. Кім қалай толғайды... Мәселе сонда. Шығыста Ескендір Зұлқарнайынның «фәниден алақанның ашық кетуі», «көздің топыраққа ғана тоюы» сияқты тұрақты мотивтер кең тараған. «Жалғанға» қатысты жаңаша образдар көбіне осы мотивтердің төңірегін шиырлайды. Ал Бағдаттікі мүлдем тың образ. Әсілі, «тың образ» деген тіркесті әдебиеттанушы ғалымдар тым артық қолданады-ау. Кейде орынды, орынсыз.
Бай да өтеді өмірден, кедей де өтеді, хан да өтеді. Бірақ ешқашан да қабіршінің топырақты алтын күрекпен көсіп алғанын көрмеппіз. Сол баяғы күрек. Боқ шығарған күрек... Міне, мен үшін Бағдаттың «бәйтісымалындағы» тың образ осы. Астарында ешқандай да тарихи аңыз, таптаурын әпсана емес, өмірдің айғайлап тұрған ақиқаты бар», деп баға берген ол күрек шынымен – шынайы сурет, дәл баға.
Не қызық бар өмірде онан басқа?!
Шынымен өмір деген алтынкүрек пен темір күректің арасындағы қып-қысқа уақыт екен. Ерте көктемде жұмыр жүректі сипай соққан жылы леп күздің қара суығында сол жүректей жұмыр жердің қайбір қиырын сұп-сұр төмпешік етіп, үстіне суық топырақ үйді. Бағдаттың – күрегімен.