Аймақтар • 18 Қыркүйек, 2019

Алматыда Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр

193 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр. 14-24 қыркүйек аралығында өтетін байқау жас таланттардың есімін анықтап, қазақ классикалық өнерінің беделін арттырып, Қазақстан композиторларының шығармаларын насихаттауға септігін тигізеді. Байқау жас ұрпақтың бойына ізгілік қасиеттерін сіңіріп, эстетикалық тәрбие беру мақсатын көздейді.

Алматыда Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауы өтіп жатыр

Жас орындаушылардың халықаралық байқауы тыңдарманның назарын классикалық және халықтық музыканың бастау-бұлағына аударуға бағытталған. Қазақ музыкасының ең үздік үлгілерінің бірін орындау байқаудың негізгі талаптарының бірі болып отыр. Байқауға қатысатын әншілер Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Ресей, Қытай, Болгария, Тәжікстан, Әзірбайжан, Монғолия сынды алыс және жақын шетелдерден келді. Қазылар алқасының құрамында өнер әлемінің белгілі қайраткерлері Петр Шереметьев, Михаил Мунтиан, Тамара Новиченко, Дамир Басыров бар. Қазылар алқасының төрағасы – КСРО халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, КСРО және Қазақстан Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова.

Іріктеу туры, байқаудың ашылу және жабылу салтанаты Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында болады. Өнер көрсету тәртібі жеребе бойынша анықталып, байқаудың соңына дейін  сақталады. Ақтық мәреге тек 14 қатысушы жіберіледі. Әрбір қатысушыға өнер көрсеткеннен кейін шығармашылық сараптама, кәсіби мамандардың ұсынымдары беріледі. Өнер мерекесі әйгілі әлем сахналарын бағындыратын жаңа есімдерді ашуға мүмкіндік береді. Байқауды «Мирас» ұлттық қоғамдық қоры Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесе ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ алғашқы байқаудан бері Алматы қаласының әкімдігі де қамқорлық танытып келеді.

1

Абай атындағы опера және балет театрында өткен баспасөз мәслихатында Бибігүл Төлегенованың өзі  халықаралық ән мерекесінің жаңалығы мен талаптары туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. «Байқау оныншы рет өткізіліп отырғандықтан, оның мерейтойлық маңызы бар екенін де ескеруіміз керек. Біздің бұл халықаралық байқауымыз жас таланттарды табуда, классикалық музыканы орындаушылар мен бағалаушыларды тәрбиелеуде үлкен рөл атқарып, осы арқылы Қазақстанның өнер саласындағы беделін арттырады. Байқауды өткізу бастамасы бүгін ортамызда болмаса да, менің қызым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Мәриямгүл Төлегеноваға тиесілі. Жас орындаушылар біздің байқауымыздан шабыт алып, қанаттарын жаяды. Жұмысымызды Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен бастағанымызды атап өткім келеді. Сол себепті біз шараны жоғары дәрежеде өткізуге тырысамыз» деді, Бибігүл Ахметқызы. 

Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауы қатысушыларын, қазылар алқасы мүшелерін, қонақтарды Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов құттықтады. Ол Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың халықаралық байқаудың орындаушыларына жолдаған хатын оқып берді. Министрдің құттықтау хатында: «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, қазақ ұлтының асыл қазынасы мен мәдени мұрасын дәріптеуге бар саналы ғұмырын арнаған Бибігүл Ахметқызы тәуелсіз мемлекетіміздің рухани аясының кеңеюіне ықпал еткені сөзсіз. Өнеріміздің классикалық әлеуетін дамытып, оны насихаттау, жас әншілердің шығармашылығын шыңдау мақсатында өткізіліп отырған байқау Талғат Мұсабаев, Наталья Music, Азамат Жылтыркөзов, Сүндет Байғожин сияқты Қазақстанның дарынды жастарының өнерін ұштады. Бұл күнде олар бүкіл әлемнің сахналарында Қазақстанның вокалдық өнерін халықаралық деңгейде насихаттап жүр» деп, жас орындаушылар өнерінің өрістей беруіне тілектестік білдірген.

 

АЛМАТЫ