Руханият • 24 Қыркүйек, 2019

Халықаралық вокалистер байқауының бас жүлдесі Италияға кетті

480 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматы қаласында он күн бойы операны биік дәрежеде дәріптеген Бибігүл Төлегенованың Х халықаралық вокалистер байқауы мәресіне жетіп, өнер бәйгесі Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында жеңімпаздардың гала-концертімен аяқталды.

Халықаралық вокалистер байқауының бас жүлдесі Италияға кетті

Б.Төлегенованың 90 жылдық мерейтойы аясында өткізілген мерейтойлық вокалистер байқауы шын мәнінде мәдениет пен өнердің жарқын мерексіне айналды. Бүгінде есімі елге белгілі Талғат Мұсабаев, Сүндет Байғожин, Азамат Жылтыркөзов, Наталья Music сынды талантты әншілерді өнер көгіне самғатып, мәртебесі жоғары әлемдік сахналарда ән салып, танымал болуына зор септігін тигізді.

12 мемлекеттің жас опера әншілерінің арасындағы сайыс өте тартысты өтті. КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың төрағалығымен жұмыс істеген қазылар алқасының құрамы осыған орай баспасөз мәслтхатын өткізіп, жеңімпаздардың есімін алдын-ала жариялады. Париждегі Ресей музыкалық қауымдастығының төрағасы, С.Рахманинов атындағы Париж орыс консерваториясының ректоры Граф Петр Шеремьетев, Миландағы бірінші халықаралық байқаудың тұңғыш жеңімпазы Кологеро Антонио Витторио Терранова қатысқан кездесуде жас әншілердің кәсіби мүмкіндігі, таланты сараланып, жалпы байқаудың салмағы мен танымалдылығы туралы сөз болды. Терранова Бибігүл Төлегенованың халықаралық вокалистер байқауында жеңіске жеткен тоғыз лауреаттың Австрияда өтетін классикалық музыканың танымал байқауына іріктеу сынағынсыз қатысуға бірегей мүмкіндік берілгенін мәлімдеді.

3-орын үш әншіге: Екатерина Власова (Украина), Евгений Шагаров (Қазақстан), Сосорбарам Бат-Эрдэнэге (Монғолия) берілсе, 2-орынды үш әнші: Мадина Оразбай (Қазақстан), Камоллидин Мухамадиев (Өзбекстан), Шахризада Тыныштық (Қазақстан), 1-орынды үш әнші: Гүлдана Алдадосова (Қазақстан), Наталья Зимина (Ресей), Ван Шикун (Қытай) иеленді. Байқаудың Гран-при жүлдесін Италиядан келген жас орындаушы, керемет тенор иесі Козимо Оресте жеңіп алды. Опера отаны Италия Қазақстандағы осы ән жарысына биыл бірінші рет қатысып отыр. Козимо Оресте – «Ла-Скала театр академиясының» түлегі, көптеген халықаралық байқаулардың жеңімпазы.

Ал Абай атындағы опера және балет театрының директоры Ая Қалиева 2-орын алған өзбекстандық әнші Камоллидин Мухамедиевке бірінші рет өзі басқаратын театрдан екі апталық тәжірибеден өту келісімшартын ұсынды. Сонымен бірге театрдың көркемдік кеңесінің шешімімен тәжірибе мерзімі аяқталған соң опера әншісі ретінде 2019-2020 жылдардағы театр репертуарындағы спектакльдердің жеке орындаушылық мүмкіндігіне ие болды.

Салтанатты кештің жабылуында өнер көрсеткен гала-концерттегі лауреаттардың әндерін Опера театрының Мемлекеттік симфониялық оркестрі Ерболат Ахмедияровтың дирижерлігімен сүйемелдеді.

«Мирас» ұлттық қоғамдық қорының директоры Гузель Төлегенова ән байқауын ұйымдастырушыларына, демеушілеріне, серіктестері мен барлық қатысушыларға байқауға қосқан үлесі мен көмегі үшін алғысын білдірді. Әсіресе, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры, «Самұрық – Қазына» АҚ, Мәдениет және спорт министрлігі мен Алматы қаласы әкімдігінің рөлін ерекше атап өтті.

 

АЛМАТЫ