Аймақтар • 21 Қазан, 2019

Қазақ музыкасының қарашаңырағы

574 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматының Республика сарайында ұлттық мәдениеттің інжу-маржаны – Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің құрылғанына 85 жыл толуына арналған «Ұлы даланың ұлы оркестрі» атты салтанатты кеш болып өтті.

Қазақ музыкасының қарашаңырағы

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ұжымы, Дүниежүзілік және Халықаралық байқаулардың лауреаты, «Халықтар достығы» орденді қазақтың Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптары оркестрі – халқымыздың музыкалық өнерін, біре­гей музыкалық аспаптарын, ұлы дала әуені­нің сұлулығын үздіксіз дәріптеп келе жатқан еліміздегі тұңғыш әрі теңде­сі жоқ музыкалық ұжымы. Осынау 85 жыл­дық тарихында бұл ұжым ұлттық музы­ка мәдениетінің мақтанышына айналды.

Құрманғазы оркестрінің мерейтойы – қазақ елінің мәдениеті мен руха­ниятындағы айтулы оқиға. Құрманғазы атындағы оркестрде өнер көрсету кез келген өнерпазға бұйыра бермейтін бақыт. «Ұлтымыздың төлқұжаты», «қазақтың бренді» атанған оркестр музыканттары, ұлттық музыка мақтаныштары: бас домбырашылар тобы, ұрмалы аспаптар тобы, үрмелі аспапшылар, сырнайшылар, прима домбырашылар, шертер домбырашылар, бас қобызшылар, альт-қобызшылар, қыл қобызшылар, қобыз-контрабас тобы концертмейстерлерімен бірге сах­наға жеке-дара шақырылып, олар залмен жүріп өтті. Залда отырған көрермендердің оркестр мүшелеріне құрмет-қошеметі мен ықыласы да ай­рықша болды.

Бұдан соң концертке жиылған қауым де­ректі фильм тамашалап, оркестрдің өмір та­рихы туралы мол дерекке қанық­ты.

Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры сый­лығының лауреаты, «Дарын» мемле­кеттік жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепбергеннің дирижерлік жасауы­мен композитор Сыдық Мұха­мет­жановтың «Шаттық отаны» күйі­мен ашылған концертте алғашқы сөзді Құрманғазы атындағы Қазақ мем­ле­кет­­тік академиялық халық аспаптары оркестрінің директоры Қуанышбек Мұ­қанғалиев алып, ол оркестрдің құ­рылғанынан бастап қалыптасу, өр­кендеу кезеңіндегі жетістіктері мен еңбек сіңірген ардагер жетекшілердің ең­бегін саралап өтті. Қазақстан Мәде­ниет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова­ның, Алматы қаласының әкімі Бақыт­жан Сағынтаевтың, Халықара­лық ТҮРКСОЙ ұйымы бас хатшысы Дүй­сен Қасейіновтің құттықтау хаты оқыл­ды. Мәдениет және спорт министрі­нің бұйрығымен Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің бір топ әртісі – Асыл Сәдуақасқызы, Әділ Ербо­лат, Алтай Ғазиз, Ардақ Итекеева «Қазақ­стан Республикасының Мәдениет саласы­ның үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Құрманғазының «Адайы» мен «Сер­перінсіз», «Сарыарқасыз» көрермен сер­піл­ген бе? Оркестрдің айбары да, айна­сы да осы күйлер болып қалыптас­қан­дықтан, ел рухының жаршысындай жігерді жанып, екпіндете басталатын күй маржанын көрермен әрқашан елең­дей күтіп отырады. Орындалған сайын шетсіз-шексіз жазира даланы дөңгелен­тіп көз ал­дыңа әкелетін күйден әр көрер­мен музыка аспаптарының ғажап шектері­нің сиқырын таниды. Сондықтан Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің жеке қойылған әр концертін «күй антологиясы» десек, жарасар. Қорқыттың күйі «Қоңыр», Тәт­тім­беттің «Сарыжайлауы», Нұрғиса Тілен­диевтің «Темірбектің төкпесі», «Махам­бет», Б.Жұманиязовтың «Серпін» күй­лері кеш ажарын аша түсті. Оркестрдің кон­церт­тік бағдарламаларында қазақ компози­тор­лары шығармаларының орны бөлек. Әсіресе Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бей­сеуов, Алтынбек Қоразбаевтың бірде тамыр­ды шымырлатып, қанды тулататын, бірде жүректі елжіретіп, әсем әуен бесігін­де бөлейтін сұлу да сазды әндеріне кеңінен орын берілген. Кеште орындалған «Сағындым Алматымды», «Ана туралы жыр», «Ана» секілді әндер – соның айғағы.

Құрманғазы оркестрі – еліміздің ең үз­дік ән­шілерінің сүйікті оркестрі. Олар орын­­даған қазақ және шетел ком­пози­тор­лары­­ның әндері оркестр құдіретін одан са­йын биіктете түсті. Сахнада қазақ өнері­нің бұл­бұлы, КСРО халық артісі Бибі­гүл Тө­ле­генова әйгілі «Гәккуін» орын­дап, Қа­зақ­­стан­ның халық әртістері Нұр­ғали Нү­сіп­­жанов «Алқоңыр­ды», Мақ­пал Жүнісова «Ана» әнін әуелетіп, Қазақстан­ның еңбек сіңір­­ген қайраткері Айгүл Қо­санова «Қыз дәу­рен – ән дәурені» мен «Айнамкөзді» шырқады.

Өнер атаулының төресі – классика­лық музыка екені белгілі. Эстетика­лық көркемдігі биік, әлемдік мәдени құн­ды­лыққа айналған орыс, кеңес және Еуропа композиторлары шығармаларының Құрманғазы оркестрінің репертуарынан алатын үлесі мол. Антонио Вивальдидің «Жаз», Петр Чайковскийдің «Пляска скоморохов», Иоганн Штраустың «На пре­к­расном голубом Дунае», Джоаки­но Россинидің «Вильгельм Телль» операсы­н­а увертюрасы, Даниэль Уильямс­тің «Виктори» атты классикалық шығарма­лары қазақ ұлттық музыка аспаптарының үнімен жаңа бояу тауып, түрлене түсті.

Қазақ өнерін биік деңгейде насихаттап келе жатқан Құрманғазы атындағы оркестрдің мәдени-рухани кеңістіктен алатын орны да, маңызы да ерекше. Оркестрдің мақсаты – «Мәңгілік елдің» ұлы мұрасын мәңгілікке ұштастыру.

 

АЛМАТЫ