Аймақтар • Бүгін, 18:00

Қарақия ауданында жастар ресурстық орталығы ашылды

10 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарақия ауданының Құрық ауылында жаңадан салынған Қарақия аудандық жастар ресурстық орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ауданның құрметті азаматтары, ардагерлер, белсенді жастар және тұрғындар қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеп.

Қарақия ауданында жастар ресурстық орталығы ашылды

Жаңа орталықтың жалпы ауданы – 724,1 шаршы метрді құрайды. Ғимарат заманауи үлгіде жабдықталған, жастардың шығармашылық және жеке дамуына қажетті барлық жағдай жасалған. Мұнда кеңес беру кабинеттері, коворкинг және «open space» аймағы, шығармашылық студия, демалыс орындары, 3х3 стритбол мен стрит воркаут алаңдары, балалар ойын алаңы және волонтерлар штабы бар.

Өңір басшысы өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде жастар саясатын дамытуға, олардың әлеуетін ашуға және қоғам өміріне белсене араласуына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

«Жастар – елдің болашағы. Олардың бастамаларына қолдау көрсету, идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беру – біздің басты міндетіміз. Жаңа орталық аудан жастарының басын біріктіріп, олардың әлеуетін дамытуға, азаматтық белсенділігін арттыруға қызмет етеді деп сенеміз», деді Нұрдәулет Қилыбай.

Айта кетейік, Қарақия ауданында бүгінде 14 пен 35 жас аралығындағы 11 463 жас бар, бұл аудан халқының 31 пайызын құрайды.