Ата заң • Бүгін, 17:02

Жаңа Конституция: Елдің саяси жүйесі қалай өзгереді?

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін елдің саяси жүйесінде ауқымды өзгерістер болады. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Айдарбек Қожаназаров айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Жаңа Конституция: Елдің саяси жүйесі қалай өзгереді?

Оның айтуынша, референдум нәтижесі қоғамның саяси реформаларды қолдайтынын анық көрсетті. Азаматтардың 87 пайыздан астамы жаңа Конституцияны қолдап дауыс берген.

«Бұл – қоғамның мемлекеттік жүйені жаңғыртуға дайын екенін білдіретін нақты көрсеткіш. Референдум қорытындысы – саяси модернизацияға берілген мандат. Шамамен сегіз миллион азамат ел болашағын бірге қалыптастыруға дайын екенін көрсетті», деді депутат.

Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституцияның басты қағидаты – адам құқығы екенін атап өтті.

«Жаңа Конституцияның негізгі принципі – мемлекет адам үшін қызмет етеді. Бұл тек декларация емес, бүкіл құжаттың өзегі. Құқықтар мен бостандықтарды қорғау күшейтіледі, заң үстемдігі нақты бекітіледі, азаматтарды негізсіз қысымнан қорғайтын қосымша кепілдіктер енгізіледі», деді ол.

Ерлан Қошанов ҰҚШҰ Парламент өкілдеріне жаңа Конституцияның негізгі ережелерін таныстырды

Депутаттың айтуынша, Конституция білім, ғылым және технологиялық даму бағыттарына ерекше басымдық береді. Бұл елдің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі.

Сонымен қатар ол қоғамның саяси мәдениеті де өзгеріп жатқанын атап өтті.

«Азаматтар мемлекеттік шешімдерге белсенді араласып жатыр. Конституция жобасын талқылау барысында мыңдаған ұсыныс түсті. Бұл қоғамның саяси тұрғыдан жетіліп келе жатқанын көрсетеді», деді Қожаназаров.

Жаңа Конституция осы үрдісті одан әрі күшейтеді. Атап айтқанда, өкілді органдардың рөлі артып, мемлекет пен қоғам арасындағы диалог кеңейеді.

Депутат өңірлердің маңызы артатынына ерекше тоқталды.

«Мәслихат депутаттарының рөлі күшейеді. Өйткені дәл осы деңгейде мемлекет пен халықтың тікелей байланысы қалыптасады. Олар азаматтардың мәселелерін көтеріп, бюджеттерді талқылап, инфрақұрылымдық жобаларды бақылап отырады. Сондықтан олардың жауапкершілігі де артады», деді ол.

Сондай-ақ жаңа Конституция аясында сайлау жүйесі өзгереді. Елде аралас модель енгізіледі: Парламентте пропорционалды жүйе, ал өңірлерде мажоритарлық жүйе сақталады.

«Бұл – теңгерімді модель. Бір жағынан, партиялардың рөлі күшейеді, екінші жағынан, депутаттардың халық алдындағы жеке жауапкершілігі сақталады. Нәтижесінде саяси жүйе ашық әрі тиімді бола түседі», деп түсіндірді депутат.

Оның айтуынша, саясат біртіндеп кәсіби салаға айналады.

«Кандидаттардан тек танымалдық емес, нақты білім, тәжірибе және жауапкершілік талап етіледі. Мәслихаттар болашақ саяси көшбасшыларды қалыптастыратын маңызды алаңға айналады», деді ол.

Депутат өңірлік экономиканың дамуына да тоқталды. Оның пікірінше, жергілікті өкілді органдар бұл бағытта белсенді жұмыс істеуі тиіс.

«Мәслихат депутаттары инвестиция тарту, кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу сияқты мәселелерге тікелей араласуы керек. Өңірлердің қаржылық дербестігі артып келеді, бұл олардың жауапкершілігін күшейтеді», деді Қожаназаров.

Оның айтуынша, жаңа Конституция қабылданғаннан кейінгі басты кезең – оны іс жүзінде жүзеге асыру.

«Алдағы уақытта жүзден астам заңға өзгеріс енгізіледі. Сонымен қатар жаңа сайлау кезеңі басталып, бір палаталы Парламент – Құрылтай қалыптасады. Бұл саяси партиялар үшін де үлкен жауапкершілік кезеңі», деді депутат.

Олжас Бектенов: «Заң мен Тәртіп» − жаңа Конституцияның негізгі қағидаты

Айдарбек Қожаназаров жаңа Конституцияны «халықтық құжат» деп атауға толық негіз бар екенін айтты.

«Енді Конституцияға өзгерістер тек бүкілхалықтық референдум арқылы енгізіледі. Бұл – саяси жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз ететін маңызды кепіл. Мемлекеттік шешімдер ашық әрі институционалды түрде қабылданады», деді ол.

Оның сөзінше, жаңа модель мемлекеттік басқару жүйесін жаңа деңгейге көтереді.

«Бір жағынан, Парламент, мәслихаттар мен партиялардың рөлі күшейеді. Екінші жағынан, азаматтар референдум және «Халық кеңесі» сияқты құралдар арқылы шешім қабылдауға тікелей қатыса алады. Бұл – шын мәнінде халықтық Конституция», деді Мәжіліс депутаты.

Соңғы жаңалықтар