Руханият • 27 Қазан, 2019

Ең үздік «Бала дауысы» Түркістаннан табылды

490 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

26 қазанда Алматыдағы Республика сарайының сахнасында Қазақстан Республикасының Тұңғыш ПрезидентіЕлбасықорының қолдауымен «Жандану әлемі» қоры, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі өткізген «Бала дауысы» ұлттық балалар ән байқауының IY маусымының қорытындысы жарияланды.

Ең үздік «Бала дауысы» Түркістаннан табылды

Қазақстанның түкпір-түкпірінде 5 458 бала үш ай бойы байқаудың іріктеу сатыларынан өтіп, нәтижесінде 17 өңірден келген 8 жас пен 13 жас аралығындағы 17 үміткер бүлдіршін ақтық сынға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

24 қазанда «Әннің туған күні» байқауы өтіп, онда балалар белгілі қазақстандық композиторлардың балаларға арнап жазған жаңа авторлық композицияларын орындады. Балалар әндерін сүйіп орындаған композиторлардың арасында Арман Дүйсен, Мархаба Саби, Ринат Заитов, Алексей Маклай, Бауыржан Бимахан, Ілияс Әбдіразақов және басқалары бар. «Бала дауысы» байқауының финалға қатысушыларына Серік Ибрагимов, Маржан Арапбаева, Дастан Оразбеков, Зарина Алтынбаева, Данияр Өтеген, Серік Гамза-заде, Динара Сұлтан, Салтанат Бақаева сынды қазақэстрадасының 17 әртісінен құралған қазылар алқасы баға беріп, тәлімгерлік жасады. Ұмытылмайтын жарқын шоуға Қайрат Нұртас пен «Ты - супер!» телевизиялық байқауының жеңімпазы ресейлік Диана Анкудинова қатысты.    

26 қазанда топ жарып, ақтық сында іріктеліп шыққан балалардың және олардың тәлімгерлерінің қатысуымен «Ұмайдың мейірімді ертегілері» музыкалық балалар спектаклінің тұсаукесері болды. Спектакльде заманауи және халық әндері, әлемдік хиттер, хореографиялық қойылымдар, цирк нөмірлері, этно-ұжымдардың өнері сабақтаса өріле кетті. Спектакль музыкасының авторы, жаскомпозитор Назым Мухамедиева, сценарийін жазған– Мұрат Исаханов.                

Спектакльден кейін салтанатты марапаттау рәсімі өтті, оны «Бала дауысы» жобасының авторы Әлия Назарбаева ашты. «Мен бүлдіршіндеріміздің ата-аналарын шын жүректен құттықтаймын! Адамға балалы-шағалы болып, оларды өсіріп-өндіріп, дұрыс бағыт-бағдар беру арқылы жақсы адамдарды тәрбиелеп шығару – ешнәрсемен теңеуге келмейтін ұлы нәсіп пен бақыт. Сіздер, құрметті ата-аналар,дұрыс жолдасыздар! Біз оны қазір барлығымыз көріп отырмыз. Сіздерге зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, саулық тілейміз! Құрметті балалар!  Сіздер іріктеу кезеңдерінен бастап финалға дейінгі ұзақ жолдан өтіп,  өздеріңізге көптеген қызықты дүниелерді аштыңыздар, жаңа достар таптыңыздар. Сіздерді ертең үйде туыстарыңыз бен достарыңыз, мұғалімдеріңіз бен сыныптастарыңыз күтеді. Ең жарқын сәттерді өздеріңізбен бірге ала кетіңіздер. Ең шадыман, мейірімге толы күлкілеріңіз бен көңіл күйлеріңізді есте сақтап қалыңыздар! Жылы да мейірімге толы сәттерді ұмытпаңыздар! Осының барлығынан жан дүниесі сүйікті Отанының игілігін аңсаған, ең жарқын да мөлдір ниеттен Адам өмірі қалыптасады».

Жеңімпаз балаларды Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Игорь Рогов, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Ақан Әбдуәлиев, П.Чайковский атындағы музыкалық колледждің директоры Біржан Хасанғалиев құттықтады. Алматы әкімі Б.Әбдірұлының көңіл толқытар құттықтау сөзі үлкен-кішінің есінде узақ уақты жүретіні анық.«Дүниеде баладан тәтті, баладан әдемі, баладан сезімтал жаратылыс иесі жоқ шығар. Іңгәлап дүниеге келген нәрестенің дауысынан артық не бар бұл жарық дүниеде? Сол дауысты уақытында түсіне білетін, ести білетін адам, ол – ата-ана. Әрбір адам өз сәбиі үшін қолынан келген бар жақсылығын жасауға тырысады. Бүгін өзім ертегі әлеміне тап болғандай сезімде отырдым. Үлкендер балалардың мұндай концертіне жиі баруы керек деп ойлаймын, себебі тамашалап отырғанда жан дүниеңде әлдебір нәрсе қопарылып түскендей болады, төңірегіңе басқаша қарай бастағаныңды сезінесің», деді Алматы әкімі Б.Әбдірұлы.

Телекөрермендердің арнайы сыйлығы – Дубай қаласындағы Леголенд ертегі әлеміне саяхат жасау мүмкіндігін сыйлаған жолдама Нұр-Сұлтан қаласынан келген Камилла Күзденбаевағатабысталды. ІІІ орын бірден үш қатысушыға берілді. Олар:  Қызылорда облысынан келген Сезім Қаһарман, Алматы қаласынан Мирас Максимов  және Нұр-Сұлтан қаласының үміткері Камилла Күзденбаева. II орынды Атырау облысынан келген Альфия Тлекқабыл және Алматы облысын  таныстырған Аружан Рахманәлі еншіледі. І орынБатыс Қазақстан облысының үкілеген үміткері Әлімжан Түгелбайға бұйырды.

Түркістан облысынан келген 12 жастағы Мейрамбек Шалқарбай төртінші маусымның Гран-при иегері атанды. Мейрамбекке Қазақ ұлттық өнер университеті жанындағы мамандандырылған мектепте оқу Гранты мен армандағы Диснейлендке жолдама табыс етілді. Ақтық мәреге жеткен әрбір қатысушыға «Бала дауысының» символы – таңғажайып нота, авторлық портреттер мен бағалы сыйлықтар тарту етілді.

«Бала дауысының» IY маусымы үшін арнайы жазылған 17 жаңа әннен тұратын жинақ Қазақстанның барлық мектептеріне тегін сыйға берілетінін де атап өткен жөн.      

АЛМАТЫ