
Жастар жылы аясында бойында білімі мен білігі қатар өрілген қыз-жігіттердің басын қосқан марафонның басты мақсаты – талантты балалар мен жастарды анықтап, оларға нақты қолдау көрсету. Табысты болу, бәсекеге қабілеттілік, патриотизм және білімге құштарлық идеяларын өзге жастарға үлгі етіп ұсыну. «Ел үміті» марафоны еліміздің жастарын барынша қалың көпшілікке таныстыруға тырысады, олардың ерекшелігін, дарындылығын, ғылыми және көшбасшылық әлеуетін үлгі ретінде насихаттап, барша жас отандастарын Отан үшін ерінбей еңбек етуге шақырады.
Оңтүстік аймақтағы үш облыс пен екі мегаполистің білім-білігі жоғары, талғамы мен талабы сай белсенді жастарынан құралған делегацияларды Алматы жастары құрметпен қарсы алды. Жас болса да, жетістікке жетіп үлгерген дарынды жастарға Тұңғыш Президент – Елбасы Қорының атқарушы директоры Әсет Исекешев пен Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың ықыласы да ала-бөтен болды.
«Ел жастарының ең көп шоғырланған орталығы Алматыда «Ел үміті» жобасы қатысушыларын қарсы алу – біз үшін үлкен қуаныш. Сіздер, Қазақстанның болашағы, ел үмітісіздер. Сіздердің жетістіктеріңіз – еліміздің жетістігі. Бүгінгі марафонның Тұңғыш Президент күніне арналып өткізіліп отыруы да кездейсоқ емес. Өйткені дарынды жастар мен көшбасшыларға қолдау көрсету, одан әрі дамыту Елбасымыз Н.Назарбаевтың назарынан ешқашан да тыс қалған емес. «Ел үміті» марафонының Елбасының қолдауымен игі дәстүрге айналуы – осының жарқын дәлелі», деді қала әкімі Б.Сағынтаев.
Алматыда 700 мыңнан астам жас өмір сүреді. Яғни, қаланың әрбір үшінші тұрғыны – жастар. Оның 230 мыңнан астамы – студент. Олар Алматының 39 жоғары оқу орнында, 80 орта білім беретін колледжде оқиды. Биыл Алматыда жұмысшы жастарға арналып жалға берілетін 1050 пәтердің кілті табысталды. 2020 жылы мемлекеттің бұл бағдарламасына Алматы қаласы әкімдігі қосымша «Алматы жастары» атты өз бағдарламасын ұсынып, пәтер санын бірте-бірте тағы да 1000-ға көбейтуді көздеп отыр. Осылайша жыл сайын жастар үшін бөлінетін пәтер санын 2000-ға жеткізу жоспарланған. Жастарды жұмыспен қамту, олардың кәсіби қабілетін арттыру, кәсіпкерлік бастамаларын қолдау – шаһар әкімдігінің басты мақсаты. Алматыға арман қуып келген жастардың үмітін үрлеп, келешегіне сеніммен қарауына өз тарапынан осылайша қолұшын созбақ. «Ел үміті» марафоны сол себепті де Алматы үшін стратегиялық жағынан маңызды жоба саналады.
Қазақстанның тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директоры Әсет Исекешевтің сөзі де дарынды жастарды демеуге бағытталды. Елбасы Н.Назарбаев халықтың бүгіні мен болашағына қамқорлық жасауды өз саясатының негізгі мәні деп санайтынын атап өтті. Президент Қ.Тоқаев та осы бағытта жемісті жұмысты жалғастырып келеді. «Ел өмірі» бастамасы аясында көптеген жаңа жоба қолға алынды. Құрметті жастар! Қазіргі жылдам өзгеріп жатқан заман мына сіздерден, жастардан, мықты болуды талап етеді. Барлық сала бойынша өзгеріс күн сайын жүріп жатыр. Біз сіздерді қолдаймыз. Бүгінгі марафон тек бірінші қадам, алда үлкен жұмыс тұр», деді Ә.Исекешев. Оның айтуынша, Дүниежүзілік банктің болжамына сәйкес, алдағы он жылда бүгінгі мектептер мен университеттерде оқып жүрген жастардың жартысынан астамы әлі өмірге келмеген мамандықтар бойынша жұмыс істейді. Ал 2050 жылдарға қарай жаңа бағытта білім алып, тәжірибесі толысқан осы жастар игеретін кәсіптің денін жасанды интеллект алмастырады. Өте жылдам әрі қарқынды өзгеріп келе жатқан уақыт ағыны жастардың үздіксіз білім алуын, ерінбей еңбектенуін, сергек болуын қажет етіп отыр. Өмірге келген әр адамның бойында қабілет болады, тек оның көзін ашып, ұштай білуі маңызды.
Алматылық Кристина Бекмырзаева былтыр ғана күрделі жөндеу жүргізіліп, мүлде жаңа сипатқа ие болған Алматының жерасты өткелдеріне, тұрғын үй қабырғаларына түрлі мазмұндағы суреттер салған авторлардың бірі. Оған Германияда жұмыс істеуге ұсыныс түскен, бірақ «Отан оттан да ыстық», шығармашылық әлеуетін туған жерінің гүлденуіне жұмсағанды жөн көреді. Ал Азамат Оразбек болса, мүмкіндігінің шектеулі болғанына қарамастан, Қазақстан Республикасының чемпионы, паралимпиаданың бірнеше дүркін чемпионы. Өзі әуесқой әнші. Екі баланың әкесі. Талантын табыспен ұштастырған жас кәсіпкер Нұрсұлтан Швейцария Менеджмент университетінде білім алып келіп, туған жері Түркістан облысында лимон мен киви жемісін өсіруді қолға алса, Диас Голландиядан асыл тұқымды сиыр әкеліп, өңірді айран, қатық, йогуртпен қамтамасыз етіп жүр. Серікбол Данышбаев Түркістан қаласына арналған ақылды бағдаршам жасап шығарған. Кәсібін бастамай жатып «Егер осы іспен айналыссам, нәтижесі бола ма, жоқ па?», «Мұны кім алады?», «Қайда апарып өткіземін?» деп күдік-күмәнге көбірек берілетін замандастарын бұл жастардың қол жеткен табысы сөзсіз жігерлендіреді. Ал бұл марафонда екі көзі шоқтай жанып, өз мамандығын табыс көзіне айналдыра алған жүздеген талантты жастың нақты жетістігінің сыры талай қыз-жігіттердің өзіне деген сенімін оятып, құлшынысын арттыра түсті. Бәрі де «Ел үміті» марафонының естелік статуэткасымен марапатталды.
Сондай-ақ жыл сайын ауыл балаларына арналған «Мың бала» атты турнир өткізу қолға алынады. Нәтижесінде турнирдің жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде оқуын жалғастырады. Осы игілікті бастамалардың бәріне Елбасы қоры қолдау көрсетеді.
Талантты әрі жігерлі жастардың сенімін қалыптастыруда бұл марафонның орны айрықша. Мемлекет тірегі, ел үміті – осындай жастар. Өзінің жетістікке жету жолын өзгемен бөлісіп, өзіне өзі сеніп, батыл қадам жасауына, бойында бұғып жатқан қабілетін жүзеге асыруға, өзімен өзі жүйелі жұмыс істеуге, жан-жақты әрі белсенді болуға ешкім де кедергі емес. Тек өз тағдырыңды өзің қолыңа ал. Алдыңа батыл мақсат қой. Қиындықтан қорықпа. Мемлекет әрқашан жастарды қолдайды.
АЛМАТЫ