
Солтүстік Қазақстан ПД табиғат қорғау бөлімі мен ТЖ қызметкерлері бірлесіп қазір су қоймаларына барып, балықшыларға мұздың жұқа екенін ескертуде. «Назар аударыңыздар» деген тақтайшалар да ілініп, мұздың жұқа екенін хабарлауда. Балыққа шыққандар көбінесе тойға барғандай масайрап, қалталарына ащы сулы шыныларын да салып алады. Қарындарына ащы судың ашыртқысын жеткізуге асыққан ондайлар тақтайдағы ескертпелерге құлақ аса қоймайды. Сондықтан тәртіп сақшылары балықшылар көп баратын су қоймаларына жиі шығуға мәжбүр болуда.
Осындайда мұз үстіне шығатын техникалардың жүруі қауіпті зорайта түседі. Ондайлардың мұз астына кету қатері қазір еселене түскен. Сондықтан қазір техниканы қолдануға мүлде тиым салынуда. Табиғат қорғау полициясының аға инспекторы Асхат Қожабаевтың айтуына қарағанда қазір барлық полиция бөліністеріне балыққа шығудың қауіптілігін халыққа жеткізіңдер деген тапсырма берілген. Балықшыларға осындай шаралар қолданылып жатса өзеннің мұзымен үйіне тезірек, тура жетуге асығушылар да азаяр емес. Полиция ондайларды да қауіптен сақтануға тырысып жатыр.
«Жау жағадан алғанда ит етектен тартады» демекші короновирустың қаупі үдеп тұрғанда көктемгі кезең осындай да қысталаң тудырып тұр. Әйтеуір, «сақтықта қорлық жоқ» деген халық даналығын ескергені жөн.
Солтүстік Қазақстан облысы