Фото: Абай облысы әкімдігі
Семейде өткен кеңес отырысына мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында «2027-2035 жылдарға арналған Курчатов ғылым қалашығын дамыту жоспары» қаралды.
Аймақ басшысы Берік Уәли ғылымды дамыту – өңір үшін стратегиялық міндет екенін атап өтті. Ғылыми жобаларды экономикаға енгізу және ғылым, бизнес, өндіріс байланысын күшейту – басты мақсат.
Курчатовта ядролық зерттеу орталығы мен ғылыми инфрақұрылым бар. Қаланы дамытуға арналған 1,1 трлн теңгені құрайтын 76 жобадан тұратын жоспар әзірленді, нәтижесінде 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.
Негізгі жобалардың қатарында электр станциясының құрылысы, көмір-химия кешені және инфрақұрылымды жаңарту бар. Қазір қалада жол, жарық, интернет, әлеуметтік және тұрғын үй инфрақұрылымы жаңартылып жатыр.
Сондай-ақ, теміржол нысандары жаңғыртылуда, коммуналдық мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп отыр.
Жиын соңында облыс әкімі инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту және кадрлық әлеуетті күшейту жұмыстарын жандандыруды тапсырды.