02 Сәуір, 2010

БАЛАЛАРҒА МЕЙІР ТӨГІП, БАЛ СЫЙЛАП...

601 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Сара Назарбаева балалардың үлкен досы екендігі белгілі. Жыл сайын Сара Алпыс­қызының бастамасымен меди­ци­на­лық мекемелерде емделіп жат­қан өкпе және қатерлі ісік ауру­ларымен ауыратын жеткін­шектер, сондай-ақ жетім және ата-ана қамқор­лығынан тыс қалған ба­ла­лар шипалы бал алып тұрады. Бұл — балғын ағзаның жан-жақты же­тілуі және ден­саулықты жақ­сарту үшін өте-мөте қажет нәрсе. Биыл республикадағы 228 ме­дициналық һәм әлеуметтік меке­мелердегі 17329 балаға 10 мың килограмм бал бөлініп отыр. Демек, әрбір балаға шаққанда 577 грамнан келеді деген сөз. Балаларға бал сыйлау құрме­тіне “ЛЭУ фирмасы” ЖШС де­меушілік компаниясы ие болды. Шипалы өнім Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығында тексерістен өткізіліп, “таза бал” санатындағы жоғары бағаға әбден сәйкестігі атап көрсетілді. Осынау бірегей табиғи бал ағзаның түрлі ау­рулармен күресуіне көмек­те­се­тін, зат алмасуды жақсартып, өмір­лік сергектікті арттыратын дә­румендер мен микроэлемент­терге аса бай. Алматы қаласындағы шипа­жай­ларда, ғылыми орталықтарда, ауруханаларда, шипажай үлгісін­де­гі мектепке дейінгі мекеме­лер­де, балалар үйлері мен мектеп-ин­тернаттарда, Үміт үйінде, SOS ба­ла­лар ауылында, барлығы 23 ме­дициналық балалар мекеме­сінде қазіргі уақытта 2493 бала тәрбие­ленуде және емделуде. Оларға 1500 килограмға жуық шипалы бал апарып берілді. Балдың та­сы­малданып табыс етілуін Алматы қаласының бала­лар құқықтарын қорғау жөнін­дегі департаменті ұйымдастыр­ғанын айтқан жөн. Аталмыш департамент Қазақ мемлекеттік циркімен тығыз бай­ланыс жасайды. Өнер иелері әр­түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастыру жөніндегі өтініш­тер­ге әрдайым ықыласпен құлақ асады. Айталық, күні кеше өзінің гематология бөлімшелерінде 73 бала емдеуден өтіп жатқан рес­пуб­ликалық Балалар аурулары ғы­лыми-орталығында қайырым­ды­лық шарасы өтті. Цирктің бір топ әртістері жас жеткіншектерге кө­ңілді ойын-сауық қойып берді. Қойылым соңында әрбір бала Сара Алпысқызының сәлемдеме­сін – “Бөбек” белгісімен өрнек­телген пластикті бал қорапша­ла­рын сыйлыққа алды. Жанашыр қамқорлығы мен ақпейілді ықыласы үшін оған балалар мен ата-аналар алғыс жаудырды. Олардың сауығып кетуге деген үміттері арта түсті. Қорғанбек АМАНЖОЛ.