
Коронавирустық індетке байланысты мұнай өнімдеріне сұраныстың төмендеуі компанияның шығынын ұлғайтты. Осыған байланысты, қаржылық жағдайды тұрақтандыру және нарықтық конъюнктураның теріс әсерін азайту үшін «ҚазМұнайГазда» дағдарысқа қарсы стратегия жасақталуда.
– Бұл стратегия компанияға шығындарды азайтуға және дағдарыстан кейінгі кезеңде мекеменің тез әрі тиімді дамуына мүмкіндік береді. Осы шаралардың аясында Директорлар кеңесінің шешімі негізінде компанияның жаңа құрылымы бекітілді. Осыған сәйкес, орталық аппараттың штаттық саны 34 пайызға, яғни 729-дан 480-ге дейін қысқарды. Сонымен қатар орталық аппараттағы департаменттер саны 3 есеге азайып, басқарушы директорлар лауазымы жойылды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының орталық аппараты нарықта болып жатқан өзгерістерге тез және тиімді жауап бере алатындай жинақы болып қайта құрылады, – деді Д.Хасанов.
Оның айтуынша, компанияның бірінші тоқсандағы табысы былтырғымен салыстырғанда 3 есеге қысқарған. Тіпті, әлемдік нарықта мұнай бағасының күрт құлдырауы салдарынан кейбір еншілес кәсіпорындар қаржы тапшылығына тап болған.
Баспасөз мәслихаты барысында 12 мамырда басқарма шешімімен орталық аппараттың жаңа жалақы төлеу жүйесі бекітілгені айтылды. Ол жүйе бойынша «ҚазМұнайГаз» басшылық құрамының жалақысы 30 пайызға азаяды, ал басшылық қызметтер санының қысқаруына байланысты төменгі лауазымға тағайындалатын орта буындағы менеджерлердің жалақылары 20 пайызға дейін төмендейді. Басқа қатардағы қызметкерлердің жалақысы бұрынғы деңгейде сақталады. Сондай-ақ компанияның қаржылық жағдайына байланысты жыл соңына дейін ешқандай сыйақы немесе бонустар төленбейді.
– Мұнай нарығындағы қалыптасқан жағдай қаншалықты қиын болса да, біз әрбір қызметкердің, олардың отбасыларының алдындағы әлеуметтік жауапкершілігімізді толық сезінеміз. Сондықтан «Самұрық Қазына» қорының тапсырмасы бойынша әлеуметтік-жауапкершілікті босату бағдарламасын әзірледік. Осы бағдарламаға сәйкес босатылған қызметкерлерге барынша қолдау көрсетеміз, – деді спикер.
Айта кетейік, компенсациялық төлем жиынтығы 3 айлық жалақы мөлшеріндегі біржолғы төлемді, табысынан айырылғандарға өтемақы ретінде 6 ай бойы қаржылық қолдауды және келер жылдың ақпан айына дейін компания есебінен медициналық сақтандыру қызметтерін пайдалану құқығын қамтиды.