
Ағылшындардың алыстағы автономиялық аймаққа алаңдауының өз себебі бар. Сонау 1860 жылы Қытай «Екінші апиын соғысында» тізе бүккен соң, өзіне қарасты жердің біраз бөлігін жеңіске жеткен елдерге таратып берді. Соғыстан кейін қол қойылған Қытай конвенциясының аясында 1898 жылы Гонконг 99 жылға Британия империясына жалға берілді. Кейін 1997 жылы жалға беру мерзімі аяқталып, аймақ Қытайдың қарамағына қайтарылған болатын.
Әйтсе де, екіжақты келісімге сай Гонконгқа бірқатар артықшылық, яғни «Бір мемлекет, екі жүйе» жобасы аясында аталған аймаққа автономиялық мәртебе берілді. Сонымен қатар 50 жыл бойына өңірдің капиталистік басқару жүйесі өзгермеуі тиіс.
Қытайдың заңы бірнеше салада, атап айтқанда сыртқы саясат пен қорғаныс саласында ғана жүреді демесеңіз, Гонконгтың жеке заң жүйесі, парламенті және атқарушы билігі бар. Бір ғасырға жуық Ұлыбританияның қарамағында болғандықтан әрі Қытайдың жағымсыз имиджі нәтижесінде аймақтың тұрғындары да, билігі де қазіргі жағдайын сақтап қалуға тырысады. Гонконгта Қытайға қарсы наразылық акциялары жиі өтеді. Сондықтан Гонконг парламентіне заң шығарту арқылы Қытайға өзінің жоспарын жүзеге асыру қиын. Мұны жақсы түсінетін Бейжің билігі басқа жолды таңдады. Гонконг заңының 18-бабы Қытай билігі аймаққа жалпыұлттық заң шығаруға мүмкіндік береді.
Заңның осы әлсіз тұсын ұтымды пайдалануға тырысқан Бейжің Гонконгтың құқықтық жүйесін жетілдіру туралы шешім қабылдап, оны заңға айналдыру үшін тиісті мекемеге жіберді. Қысқаша айтқанда, Қытай автономиялық аймақтың мәртебесін түбегейлі өзгертетін заңды қабылдауға бір қадам қалды.
Заң жобасы қабылданғаннан кейін толық күшіне енуі үшін Гонконг басшысы оған қол қою керек. Қазіргі таңда шаһарды Қытайға жылы қабақ танытатын Кэори Лам басқарып отырғанын ескерсек, аталған құжат қабылданады десек, қателеспейміз. Тіпті заң жобасы алдағы шілдеде күшіне енуі мүмкін деген де әңгіме айтылып жатыр.
Бейжің билігінің мұндай қадамға баруы халықаралық қоғамдастыққа ұнаған жоқ. Әсіресе ағылшындар Гонконгқа қатты алаңдаулы. Осыған байланысты Ұлыбритания тарапы аймақ тұрғындарына бірқатар жеңілдік жасауды жоспарлап отыр. Мәселен, арнайы паспорты бар азаматтардың Тұманды Альбиондағы құқығы кеңейтілмек.
Гонконгтың 1997 жылы Қытайға қайтарылғанын жоғарыда айттық. Осы датаға дейін дүние есігін ашқандар «Британияның шетелдік паспортын» алуға құқылы. BNO деп аталатын бұл құжат негізінен шетелге шығу үшін қажет. Оның иегерлері Ұлыбританияның азаматы саналмайды, ағылшындарға жасалатын жеңілдіктер мен артықшылық берілмейді. Қазіргі таңда Гонконгта BNO паспорты бар 300 мыңға жуық адам бар екен. Оның иелері Тұманды Альбионға визасыз режім арқылы 6 айға қала алады. Бұдан бөлек, 3 миллионға жуық тұрғын осы құжатты алуға құқылы.
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Доминик Раабтың айтуынша, Қытай заңды ресми түрде қабылдаса, BNO иелерінің Тұманды Альбионда тұру мүмкіндігі ұзартылмақ. Олар бір жылға дейін ағылшындар елінде жұмыс істеп, оқуын жалғастыра алмақ. Ал бұл мерзім – Ұлыбритания азаматтығын алуға жеткілікті.
Ағылшындардың ұсынысы тиімді көрінгенімен, талқыланбаған бірнеше түйткіл бар. Мәселен, BNO иелері Ұлыбританияға жұмыс істеуге келгенімен, оларға қандай да бір қосымша жеңілдік жасала ма? Әлде, олар жұмысқа тұрғанда шетелдік ретінде тіркеле ме? Сондай-ақ Қытайға қарсы негізгі толқын – жастар. Яғни олардың BNO паспортын алуға мүмкіндігі жоқ. Мұндай жағдайда ағылшындардың жоспары Гонконгтың жағдайын қалай реттемек? Бұл жағы да түсініксіз.
Ағылшындардың ұсынысы Қытайға ұнаған жоқ. Бейжің билігі Ұлыбританияның бастамасы Гонконгты беру жөніндегі келісімнің талаптарын бұзады деп мәлімдеді. Сонымен қатар Гонконгтың мәселесіне бас қатырмауға шақырды.
Қытайдың жаңа заң жобасын АҚШ тарапы да қатты сынға алды. Құрама Штаттары ақырғы шешімді күтпей-ақ Гонконгпен арадағы келіссөздерді, әсіресе экспорт, тауар айналымы, тұтқындарды беру туралы мәселелерді қайта қарауға кірісіп кетті. Осыған байланысты мәлімдеме жасаған Ақ үй басшысы Дональд Трамп Бейжің Гонконг жөніндегі келіссөздерді өрескел бұзып, «Бір ел, екі жүйе» формуласын бұзып, оны «Бір ел, бір жүйе» форматына өзгертуге талпынып жатыр деп айыптады.
Д.Трамптың сөзіне сүйенсек, Қытай ұлттық қауіпсіздікті қалқан етіп, Гонконгтың азаттығын тартып алмақ. Осыған байланысты Ақ үй Қытай мен Гонконгтың лауазымды бірнеше тұлғасына қатысты санкция салуды жоспарлап отыр.